БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАҢАША ЖҮЙЕ

73

0

БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАҢАША ЖҮЙЕЕліміз білім беру жүйесінің
санға ғана емес, сапаға негізделуі бүгінгі күннің талабы екені белгілі. Соған
орай білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып
отыруы қажет. Біз өмір сүріп отырған кезең – жаңа дәуір. Сондықтан ол жаңа
көзқарасты, жаңашылдықты талап етеді. Соның ішінде, білім саласында болып
жатқан жаңа өзгерістердің мәні мен маңызы тіпті ерекше.

«Өрлеу” біліктілікті арттыру
ұлттық орталығы Қызылорда филиалының директоры Бауыржан Елеусінов жуырда
Оңтүстік Корея мемлекетінде болып қайтқан еді. Енді осы сапар барысы
турасындағы тілшіміздің сұхбатын оқырмандар назарына ұсынғанды мақұл көрдік.

– Бауыржан Тажмағанбетұлы,
сапардың мақсаты жайлы айтып берсеңіз?

– Мемлекет басшысы
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050” стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің
жаңа саяси бағыты” атты заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта
даярлаудың негізгі бағдары” бөлімінде білім беру мәселесіне айрықша көңіл
бөлінген.

Міне, Елбасының осынау
тапсырмаларын басшылыққа алған ұлттық орталық өз қызметкерлерінің Сеул Ұлттық
университеті құрамындағы Soongsil Сyber университеті базасында біліктілігін
арттырды. Мамандардың машықтануы «Smаrt lеаrnіng Рrogrаmme for Specialists of
the Republic of Kazakhstan” бағдарламасы бойынша ұйымдастырылды. Кибер
университетінің профессорлары қазақстандық 55 педагогқа «Сандық технологияны
қолдануда мұғалімнің ақпараттық құзыреттілігінің қалыптасуы” және «Smаrt” оқыту
негізінде мұғалімнің кәсіби дамуы” деген екі бағыт бойынша дәріс берді. Негізгі
мақсат «Smаrt” оқыту саласын ұйымдастыру бойынша қазақстандық мамандардың
біліктіліктерін арттыру және Корей елі білім беру жүйесінің даму үрдісімен
танысу.

– Корея мемлекеті туралы
кеңірек тоқталсаңыз?

– Оңтүстік Корея
республикасы – «Таң самалы елі” аталатын Шығыс Азиядағы Корей түбегінде орын
тепкен мемлекет. Сонау 1960 жылдардан бастап экономикалық дамуды алдарына
мақсат етіп қойып, керемет жетістіктерге жеткен бұл ел «Ханган өзені бойындағы
ғажайып” деп аталады. Ал 1996 жылы дамыған елдер деңгейіне жетті. Бұған
Үкіметтің өндірісті қолдауы, экспортты дамытуға бағытталған стратегия, ең соңғы
технологияны қолдану, жоғары білімді мамандар мен кәсіби жұмысшылар даярлау
ықпал етті. «Азия жолбарысына” айналған олар бүгінгі күні экономикалық
көрсеткіші жөнінен әлемде 13 орынды иемденеді.

– Таң самалы елінің
білімі мен ғылымы жайлы не айтасыз?

– Білім мен ғылымды аса
бағалайтын Корей елі қазіргі таңда бұл салада көш басында келеді. Мұнда жоғары
қарқынмен дамып келе жатқан техниканың жаңа жетістіктерін ашумен қатар, оны
білім саласына енгізу жолға қойылған. Жастардың сол техникаға әуестігін білім
алумен алмастыра оты­­рып, үлкен жетістіктерге қол жеткізу мақсат етілген. Осы
тұрғыда бастауыш және орта мектеп оқушыларының білім баспалдағы бойынша өз
қабілеттеріне сәйкес жылжуына мүмкіндік беретін сатылы оқыту, яғни Smаrt оқыту
білім жүйесіне енгізілген.

– Smаrt оқыту жүйесін
таратып түсіндірсеңіз?

– Бұл жүйе әр адамды өмір
бойы оқуға, жаңа білім мен технологияларды меңгеруге, инновациялық
мүмкіншіліктерін дамытуға, өзіне жауапкершілік пен міндеттеме ала білуге
бейімдейтін ынталандыру ортасын құру болып табылады. Smаrt оқыту – Smаrt
құрылғыларды пайдалану арқылы арнайы дербестендірілген білім беру ортасы. Ол
дегеніміз – ultrаbооk, телефондар, смартфондар, планшеттер, ноутбуктер,
мининоутбуктер, т.б. Бұл креативті сыни ойлауды қалыптастыру және әр түрлі
білімді игеруге бағытталған қабілет айырмашылықтарын және дербес қалауларын
ескеретін бейімделген білім беру.

Smаrt термині
аббревиатурасының сипаттамаларымен негізделген. S (specifik) – мақсаттың
нақтылығы (ерек­ше­лігі); M (measurable) – өлшемділік; А (achievable) –
қолжетімділік (келісімділік); R (relevant) – реле­ванттылық (сәйкестік); T
(time bound) – уақытша мерзімдер.

Smаrt оқыту ерекшеліктері
– білім беру ортасының өзгерістерімен тартылған жаңа типті білім беру, Smаrt
құрылғыларды мақсатты және кешенді пайдалану, әлеуметтік желі қызметтері арқылы
білім алмасу, жекешелендірілген бағытты ескеретін білім беру қызметтері,
оқушыға бағдарланған білім беру ортасы. Ал білім беру әдістері – интерактивті, игрофикация
және т.б.

– Педагогтар қандай іс-тәжірибелермен танысты?

– Машықтану шеңберінде олар Оңтүстік Кореяның білім
беру саласын­дағы бастауыш (EunSeok Elementery School), орта (DaeWon
international Middle School) және жоғары мектеп­тер (DaeWon Foreign Language
nigh­ School), сондай-ақ мүмкіндігі шек­теулі балаларға арналған арнайы мек­теп­тердің
(KyungWoоn School) іс-тәжі­рибесімен танысты.

Бір атап өтер жайт, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар
мәселесіне баса назар аударылады екен. Осы бағытта жұмыс жасайтын мектептер
базасында әр түрлі факультативті үйірмелер өткізу арқылы оқушылардың жан-жақты
дамуына басты көңіл бөлінген. KyungWoоn
мектебінің мақсаты – балаларды қоршаған ортаға зиян келтірмей, қоғамға
бейімделе білуге дайындау. Аталмыш мектептегі сабақтар адамгершілік, кешенді
білім беру, т.б. бірнеше санатта өтеді.

Бұдан басқа Сеул қаласындағы SK-IT телеком компаниясында
қолданылып жатқан жаңа технология үлгілерімен танысып, Sооngsіl Сyber
университетінің дыбыстық және бейне жазба студиясында болды. Жаңа техникалық
құрылғылармен қамтылған бірнеше студиядан тұратын орталықта қатысушылар қысқаша
өз жұмыстарын жасады.

– Бауыржан Тажмағанбетұлы, алдағы жоспарларыңызбен
бөліссеңіз?

– Жасыратыны жоқ, Оңтүстік Кореядағы біліктілік
арттыру курсы жаңа идеялар мен болашаққа жаңаша жоспарлар және білім беруде
жаңаша көзқарастар қалыптастырды. «Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалдары алдағы өтетін
біліктілік курстарында облыс мұғалімдеріне Smаrt оқытудың негізгі ұстанымдары
жайлы толық ақпарат беруді, Smаrt оқыту қолданылатын экспериментальді мектептер
жүйесін анықтап, осы бағытта елімізде алғашқылардың бірі болып жұмыс жүргізуді
жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Бақытбай
БЕРДІБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз