БІЛІМ – ҒЫЛЫМНЫҢ ІРГЕТАСЫ

43

0

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған әр жылғы Жолдауы Тәуелсіз еліміздің тарихындағы айтулы кезең болып табылады.
Елбасымыздың «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында осыған дейінгі Жолдауда айқындалған 2050-жылға дейінгі стратегиялық бағыттарды жүзеге асырудың нақты тетіктері көрсетілген, егемен еліміздің Әлемнің дамыған 30 елі қатарына енуінің негізгі 15 бағыты бойынша тапсырмалар жүктелген.
«Өрлеу» Біліктілікті арттырудың Ұлттық Орталығы» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұжымы Жолдауды отаншылдық рухқа, оптимизмге толы, қоғамның әрбір мүшесін тиімді еңбек етуге шақырған терең рухани толғаныс ретінде қабылдады. Елбасымыздың қоғамдық дамудың қалыптасқан, жауапты кезеңінде өз халқына арнаған ой бөлісуі, тілегі деп түсіндік.
Бұл стратегиялық бағдарлама тек қана Қазақстанның дамуын жан-жақты қарастырған құжат емес, ол Әлемдік дамумен астасып жататын, тарихи орнын анықтайтын бағыт болып саналады. Бағдарламада ұрпақтар байланысы мен үйлестігі, жаңа ұлттық сана, мемлекеттік идеологияның қалыптасуы, жастарды жаңа рухта, жаңа көзқараста, жаңа бағытта тәрбиелеу қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болатындығы атап өтілген. Біз соңғы кездері «Ұрпақты тәрбиелеу жағы нашарлап кетті, жастар қайда бара жатыр? Қазақстандық патриотизм қайда?» – дегенді көп айтамыз. Елбасымыз айтқан «Мәңгілік Ел» идеясы осы түйткілдердің шешілуіне жол ашатыны анық. «Мәңгілік Ел» идеясы – болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея.  
Елбасымыз өз Жолдауында атап өткендей, «XXІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар». Халқымызда «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» – деген қанатты сөз бар. Қазіргі заманда барлық дамыған елдер білімге, ғылымға барынша көңіл бөлуде. Сондықтан еліміздің де білім беру жүйесінің сапасын Әлемдік деңгейге көтеру міндеті замана талабынан туындап отыр. 
2020 жылға қарай Қазақстандағы 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100% қамту жоспарлануда. Жалпы білім беретін мектептерге Назарбаев зияткерлік мектептеріндегідей оқыту деңгейіне жеткізу өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі, Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу деңгейінің нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең таңдай алатындығын көрсетіп отыр. Білімнің алға дамуға ұмтылған қоғамның негізгі күштерінің бірі екендігін өмірдің өзі дәлелдеді.
 Елбасы Жолдауында айтылғандай, жаңа технологияларды қолданатын, еңбек өнімділігін тұрақты арттыратын, үздік әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істейтін мамандар даярлау басты назарға алынуға тиіс. Ғылыми-зерттеу институттарына да талап күшейтіліп, ел болашағына қажет деген салаларды игеру, қолданысқа енгізу мәселелері орынды көтерілген. «Адам капиталы» ұғымы бұрын тек жеке адамның бойындағы рухани құндылықтармен бағаланып, өлшеніп келсе, бүгінде оған елдің жоғары экономикалық көрсеткішінің бір тетігі ретінде қарайды. Қазір оқу-білім, кемел ақыл және экономика – егіз ұғымдар. Капитал ұғымы қаржы, байлық, ақша, құн мағынасында түсіндірілсе, оқу-білім, ақыл, парасат, ғылым экономика саласына жұмсалса адам капиталы болып шығады.  Ғылым мен білімді дамытпайынша, біз адам капиталын дамыта алмаймыз. 
Құрылғанына бір жылдан астам уақыт болған «Өрлеу» Біліктілікті арттырудың Ұлттық Орталығы» акционерлік қоғамында мұғалімдердің біліктілігін арттыру Әлемдік тәжірибе мен мектептердің бүгінгі таңдағы талаптарына сәйкес жаңа технология – Кембридж бағдарламасы бойынша өтуде.
Жалпы әлемдік даму бәсекелестікке негізделген. Шынайы жарыс, адал бәсеке – Әлемнің бейбіт дамуының кепілі. Білімнің сапасы – өмір  сапасының негізі. Педагог кадрлардың сапасын арттыру арқылы ғана қазіргі заманғы жаңа деңгейдегі білімге қол жеткізуге болады. Өйткені, білікті ұстаз – кемел білім кепілі.  Ал, білім – ғылымның іргетасы және мемлекет дамуының алтын арқауы екені баршамызға аян.
Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттерді абыроймен орындау – біздің ұрпақ алдында тұрған асыл мұрат!
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру  институтының директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз