БІЛІМДІ БИІКТІ БАҒЫНДЫРАДЫ

27

0

Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміздің Ата Заңына сәйкес өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдау Елбасының Қазақстан халқына жолдап отырған 18-ші Жолдауы. Өз басым Жолдауды жылда тыңдап, оны ұжым мүшелері, білім алушыларымыз арасында қызу талқылап жатамыз.  Биылғы Жолдауды Астана қаласында, Тәуелсіздік сарайында Елбасының өз аузынан тыңдау мүмкіндігіне ие болу мен үшін үлкен мәртебе болды, зор әсер алдым.  
Елбасының Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы атқаратын жұмыстардың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленген. Осы басым бағыттарды шешу үшін ұсынған жеті мәселенің алтыншысы – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтарды қалыптастыру мәселесі. Жолдауда 2020 жылға қарай елімізде 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарланған. Тілдің үштұғырлығы мәселесі, еліміздегі барлық мектептерді екі ауысыммен оқыту мәселесі де күн тәртібіндегі өзекті сұрақтардың бірі, бұл мәселелер де Жолдауда нақты көрініс тапты.   
Елбасы Н.Назарбаев білімнің сапасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында  министрліктің алдына бұрыннан да үлкен міндеттер жүктеп отырғанын білеміз. Сол міндеттердің бірі де бірегейі – электронды оқыту, немесе халықаралық терминология бойынша –      e-learnіng. Бүгінгі жастар өздерінің өмірлерін компьютерсіз, интернетсіз көз алдарына елестете алмайды, жаңа технологиялар өміріміздің ажырағысыз бөлігіне айналды. 
Е-learnіng жүйесін бұрыннан кең қолданып келе жатқан дамыған елдердің тәжірибелері көрсетіп отырғандай, білім алушылардың үлгерімі 15-20 пайызға көтерілген. Енді мұндай мүмкіндікке біздің жастарымыз да ие болып отыр.
Келесі мәселе техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру мәселесі. Бұл сұрақты да Елбасы тек бүгін көтеріп отырған жоқ. Осы уақытқа дейін Президент оқу орындары бітірушілерін тәуелсіз сертификаттау тапсырмасын бергенін білеміз. Бүгінгі күнге дейін елімізде колледждер болашақ мамандарды өздері  оқытып, өздері білімдерін бағалап келді.  Білікті өндіріс шеберлері өте аз, оларды колледжде ұстап тұру қиын болды, себебі ондағы жалақы мөлшері өндіріспен салыстырғанда анағұрлым төмен еді. Осы өндіріс шеберлерін ынталандыру, олардың біліктіліктерін көтеру мақсатында Үкімет қомақты қаржы да бөлді. Ол өз кезегінде оң нәтиже береді деп күтілуде.
Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес біздің елде қазіргі кезде Германия, Канада, Сингапур сияқты елдердің алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерін оқу үдерісіне жүйелі түрде енгізу мәселесі қолға алынған. Соның бірі – дуалды оқыту. Кооперативті оқыту немесе дуалды оқыту деген бұл нысан мемлекеттің, жұмыс беруші мен оқу орындарының корпоративті жауапкершілігіне негізделген кәсіптік мамандарды даярлауды ұйымдастыру болып табылады. Қызылорда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен аталмыш нысанды өндіріске енгізу мақсатында тәжірибелері мол алыс шетелдік мамандарды тартып семинарлар, тренингтер өткізу қолға алынуда. Айталық, 2013 жылдың қазан айында Senіor Exsperten Servіce (SES Германия) Қызметінің сарапшысы Герберд Мюллер «Абылайхан атындағы колледж» ұжымында «Дуалды оқытуды өндіріске енгізудегі халықаралық тәжірибе» атты тақырыпта 18 сағаттық семинар өткізіп, қатысушыларға біліктіліктерін көтергендіктері туралы сертификаттар табыс етті. Бүгінгі күні студенттер оқудың көп уақытын колледжде емес өндірісте өткізетін бұл нысан Қазақстанда кеңінен таратылып, қалыптасу үстінде.
Сондай-ақ, Елбасы еліміздегі жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажеттігіне тоқталып өтті. Біздің түсінігімізде автономия алған ЖОО өздерінің оқу орны ішілік мамандарды даярлауға арналған, өздері әзірлеп, өздері  бекіткен стандарттары мен ережелері болады, бітірушілеріне мемлекеттік үлгідегі дипломмен қоса, өздерінің бекіткен үлгісіндегі дипломдарын табыс етеді, оқу орнының перспективалық, стратегиялық даму жоспарларын, траекториясын және басқа мәселелерді дербес анықтайды. 
Кажденбек НҰРАЛИЕВ, 
«Қазақ-Қытай академиясының» ректоры, философия докторы PhD. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз