БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ БАҒДАРЛАМА

83

0

Ағымдағы жылы күшіне енген «2020 жылға дейінгі бизнестің  жол картасы» жаңа бағдарламасы кәсіпкерлердің көңілінен шығуда. Қазалы ауданындағы кәсіпкерлік саласының мамандары мемлекет берген мүмкіндікті жергілікті кәсіпкерлердің тиімді пайдаланып жатқанын айтады.  

Бұл пікірдің шындық екенін қолдағы деректер де дәлелдейді. Мәселен, аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9 айда 8 млрд 290 млн теңгеге жетіпті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, өсім 3,4 пайызға артық дегенді білдіреді. Өнеркәсіп саласының басым бөлігін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің өнім  көлемі 7 млрд 2559 млн теңге, нақты көлем индексі 100,8 пайызды құрады. Нақты кезеңде ауданның шағын және орта кәсіпкерлік  саласында 4072 субъект тіркелген. Олардың 247-сі заңды тұлғалар, 473-і шаруа қожалықтары болса, 3352-і жеке кәсіпкерлерді құрайды. Бір қуаныштысы, салада 8805 адам жұмыспен қамтылды. Ал жыл басынан бері бағдарлама аясында жалпы құны 308 млн теңгені құрайтын 11 жоба бойынша несие алынып, субсидиялануда. Оған қоса, 6 жобаға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы 109,6 млн теңге кепілдік берілді.  

Өз ісін жаңадан бастау үшін аталған бағдарламамен жеке кәсіпкер А.Дүйсенбаеваның «Түйе жүнінен көрпе жасау» жобасы 500 мың теңге қайтарымсыз негізде грант иеленгенін атап кеткен жөн. Ауданда «Өндірістік аймақ» ұйымдастыру жобасы бойынша 12,7 га жер учаскесіне инженерлік-инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған-ды. Аймаққа 9 жобаны орналастыру жоспарланған еді. Солардан бүгінде жалпы құны 70 млн теңгені құрайтын 3 жобасы жұмыс атқарып, 33 жаңа жұмыс орны ашылды.    

Енді аудан тұрғындарының назарына іліккен өзге де ауқымды жобаларға тоқтала кетсек. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолы бойының 96 шақырымы Қазалы ауданы аумағынан өтетіні баршаға белгілі. Бүгінгі таңда осынау автокөлік  дәлізі бойынан 5 жобаға  жер учаскесі берілген болатын. Олардың ішіндегі «Сыр маржаны и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құны 170 млн теңгелік  «В» санатты жол бойы қызмет көрсету кешені құрылысының  90 пайызы аяқталып тұр. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, А.Байсуганованың «С» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенін салу жобасы бойынша қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған нысан да жыл аяғына дейін іске қосылмақшы. Ал «Sinooil» ЖШС жанар-жағармай станциясы құрылысын салу жөніндегі жобасы бойынша жоба-сметалық құжаттары сараптамадан өткізілді. Қазіргі таңда құрылысты жүргізетін мердігер мекемесі белгіленіп, жұмыс басталып кетті.  

«Дин Гул» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Т.Басенов тарапынан «С» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенін салу жобасына 0,5 гектар жер учаскесі табысталды. Нақты кезеңде сәулет-жоспарлау тапсырмасы негізінде салынатын нысанның жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. «Глобал Алатау Груп» ЖШС-ның (ТС) «D» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенін салу жобасы бойынша жер учаскесін  10 000 шаршы метрге дейін ұлғайту жүргізіліп, ескі  жанар-жағармай құю бекетінің құрылысын бұзуға рұқсатын алды. Жоба-сметалық құжаттары сараптамадан өткізілуде.  

Бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі жеңілдіктердің тигізер  септігі ерекше екенін осы деректерде айғақтап тұрғандай.  

Ж.АЙДАРБЕКҰЛЫ. 

Қазалы ауданы. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз