БОЛАШАҒЫМЫЗ – БИІК РУХТЫ ҰРПАҚ

52

0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін іс-жоспарға құрылған шын мәніндегі тарихи құжат деп білемін. Сондықтан Жолдауда жүктелген тапсырманы орындау – әрбіріміздің Отан алдындағы парызымыз. Осынау құжатта атап көрсетілгеніндей, ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыстар күтіп тұрғаны ақиқат. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болып табылады.
Мен білім беру саласында 33 жыл жемісті еңбек етіп келемін. Жолдауда көрсетілген тапсырмаға орай өзім еңбек ететін №120 Жамбыл атындағы орта мектептің 1, 5 және 9-сыныптарының оқушыларымен «Біз – болашақтың гүліміз!» атты ашық сабақ өттім. Сабақ әр түрлі слайдтар көрсетіле отырып, саяхат түрінде өткізілді. Ашық сабақ «Егемен ел – Қазақстан», «Қазақстан-2050: Мәңгілік ел», «Біз – болашақтың гүліміз!», «Болашақтың энергиясы – ЭКСПО-2017», «Мен болашақта кім болам?» тақырыптарын қамтыды.
Сабақта бесінші және тоғызыншы сынып оқушылары Елбасы, Тәуелсіз Қазақстан, ел рәміздері, Астана қаласы, онда өтетін халықаралық көрме туралы таныстырылым жасаса, бірінші сынып бүлдіршіндері болашақта қалайтын мамандықтарын балғын жүректен шыққан шынайы сезімдерімен жеткізе білді.
Ашық сабаққа қалалық білім бөлімінің басшысы Марат Аралбаев бастаған қала мектептерінің ұлағатты ұстаздары қатысып, шәкірттерге тілектерін білдірді. Ойымды түйіндей келгенде, менің кішкентай шәкірттерім ертеңгі ел тірегі, ұлт болашағы Отанын сүйетін өр намысты, биік рухты азамат болатындықтарына сенемін.
Қатира ЫБЫРАЕВА,
№120 Жамбыл атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі. 
Қызылорда қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз