БІРЛІК БЕРЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ

90

0

Кеше ҚР Үкіметінің кеңейтілген құрамдағы отырысында
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы атқарылар
негізгі шараларды баян етті. Ел экономикасын нығайтуға бағытталған мемлекет
қадамын толық құптаймын.
Елбасының атап өткеніндей, дүниедегі дағдарысқа
қарамай, дер кезінде алынған шаралардың арқасында Қазақстан экономикасы 4
пайыздан артыққа өсті. Ендігі міндет осы жұмыстарды асқан ептілікпен жалғастыра
білуде болса керек. Биылғы дүниежүзілік дағдарыстың ерекшелігі, оған геосаяси
текетірес қосылып отыр. Яғни түрлі көзқарас салдарынан мемлекеттердің
бір-бірімен келісе алмауы қосымша қиындық туғызады. Мұны көршілес елдердің
тыныс-тіршілігінен анық көруге болады.
Қазақстан дамуының, бүгінгі табыстарымыздың ең негізгі
кілті еліміздегі тұрақтылық пен татулықта екенін Елбасы әрдайым айтып келеді.
«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Бұл тарих заңы… Үйдің берекесі
қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен,
татулықпен кіреді. Мемлекет те солай». Елбасының бұл айтқанына тебіренбеу
мүмкін емес.
Мемлекет басшысы Қазақстан ішінде экономикалық
дағдарыстың жоқ екенін, алайда қиындықтарды күтіп, қарап отырмай, оның алдын
алу үшін жедел шараларды қолға алып жатқанын айтты. Сонымен бірге Елбасы кейбір
жоспарларға өзгеріс енетінін, бірақ оған тұрғындардың алаңдауына еш негіз
жоқтығына тоқталды. Мемлекет басшысының: «Біз мұндай өткінші қиындықтар түгіл
алапат дағдарыстарға қарамай, қайыспай төтеп бергенбіз. Азаттықтың алғашқы
жылдарындағы қиындықтарды еске алыңыздар. Азия дағдарысынан, тіпті дүниежүзілік
дағдарыстан да табысты өттік. Экономикасы кемімеген санаулы елдердің қатарында
болдық. Сол күндердің өзінде бойға қуат, ойға сенім орнаттық» деген сөзі
еріксіз жүрегімді жылытып, ел ертеңіне деген сенімімді нығайта түсті.
Алқалы жиында Елбасы сондай-ақ, бюджет қаржысына
мерейтой жасаудан тыйылу керектігін ескерткені үлкен ой салады. «Той десе қу
бас домалайды» деп, шынында той тойлауға құмармыз. Алайда жан-жағымыз
дағдарысқа душар болып жатқанда ысырапшылдыққа ұрынбай, қаржыны үнемдеп,
мақсатты жұмсау ақылды кісінің ісі. 
Сондықтан Президент бекер малшашпақ мерейтойларды, ат шаптырып,
дүркіретіп тойлауды доғарып, ұлы даталарды бұқаралық ақпарат құралдарында
насихаттауға мән беру керектігін, яғни, басылым беттерінде, теледидарларда кеңінен
ақпарат таратуды ерекше атап өтті.
Расында біз аласапыран күндерде көрген қиындықтарды
ұмытпауға тиіспіз. Бүгінгі жастар тек бейбіт те бақытты өмірді көріп келеді. Ал
біз, аға буын, талай қиындықтан өттік. Ол күндер алыстап кетсе де санамызда
сақтаулы. Сондықтан бүгінгі күнімізге тәубе деп, барға қанағат етіп, бағалай
білгеніміз жөн. Ең бастысы, бірлігімізге бекем болып, татулықты ту етіп,
ынтымақта өмір кешейік. Сонда ғана бар қиыншылықтан қайыспай өтеміз, сонда ғана
мерейіміз үстем болмақ.
Амангелді
ӘБДІБАЕВ,
қалалық
ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз