БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ – САПАЛЫ ЖҰМЫС

59

0

Бейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыс орталығында қайта
жаңғыртудан өткізіліп жатқан әлеуметтік нысандарда болып, күрделі жөндеу
жұмыстарының барысымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен қаланың батыс бөлігінде болып, Марал ишан және
Қаратоғай көшелерінде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме – «УАД» серіктестігінің жұмысына ден қойды. Аталған көшелердің
«Жалағаш-Қызылорда» автотрассасынан М.Саламатов көшесіндегі көпірге дейінгі
жалпы ұзындығы 2,3 шақырымды құрайды. Мұндағы жөндеу жұмыстары осыдан 1,5 ай
бұрын басталған-ды. Осы көшелерді қайта жаңғырту жұмыстарына облыс қазынасынан биыл 456,5 млн. теңге қаражат бөлініпті.

Аймақ басшысына қала әкімі Н.Нәлібаев қазіргі таңда жұмыс көлемінің 80
пайызы орындалғанын, қайта жаңғырту жұмыстарын «УАД» компаниясы сапалы атқарып
жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, Қаратоғай көшесіне аяқ су пайдаланатын
гидротехникалық қондырғы және екі көшеге де түнгі жарық бағандары орнатылған.
Сонымен бірге 7 аялдама салынуда. Ал жол салушы мамандар аталған көшелерді
қыркүйек айының басында бітіріп, пайдалануға береміз деп отыр.

Асфальт төсеуші Мейрам Рахымшаевтың осы компанияда еңбек еткеніне 8 жыл
болыпты. Ол мұндағы жол салу жұмыстарының құрылыс талаптары мен соңғы
технологияға сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Кіреберістегі қақпа саналатын
автокөлік жолына қазір арнайы қосымшалар қосылған үш қабаттан тұратын асфальт
төселуде. Бұл оның ауыр салмақты көтеруіне, сонымен қатар суыққа төзімді
болуына себін тигізетін көрінеді. Жол салуға әбден маманданған «УАД» компаниясы
мұнан өзге қаладағы Әл-Фараби мен М. Шоқай көшелерінің бір бөлігіне биыл қайта
жөндеу жұмыстарын жүргізгені белгілі. Ал, өткен жылдары ел игілігіне берілген
Абай даңғылы – Жібек жолы көшесі, қала сыртындағы Қорқыт ата әуежайына баратын
трасса Мұрат Үдербаевтың басқаруындағы «УАД» серіктестігінің жол салу ісіндегі
шеберлігін дәлелдесе керек.

Жалпы, биылғы жылы облыс орталығындағы ұзындығы 73,3 шақырымды құрайтын
79 көшеге ағымдағы, орта және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге аймақ
басшысының қолдауымен 3 млрд. 921 млн. теңге қаражат бөлінген. Нақты кезеңде
бұған қоса, қала іргесіндегі ауылдарда 10 көше қайта жаңғыртудан өткізіліп,
ұзындығы 10 шақырымды құрайтын кварталішілік жолдар мен жүргіншілер жолы
салынуда.

Мұнан соң аймақ басшысы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде болды.
Осы жерде қала басшысы облыс әкіміне көрнекі тақта арқылы 3 бірдей мәдениет үйіне күрделі жөндеу
жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Солардың бірі сонау 1959 жылы типтік
жоба бойынша салынған А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі. Облыс
орталығындағы әр түрлі шаралар, мерекелік және шығармашылық кештер жарты
ғасырдан астам уақыттан бері осы мәдениет үйінде өткізіліп келеді.
Мәдени-рухани өмірімізде маңызды рөл атқаратын ғимаратты қайта жаңғыртуға қала
қазынасынан 106 млн. теңге қаржы қаралыпты. Мердігер мекеме «Астана-Сервис» ЖШС
директоры Мұса Әбдіқалықовтың айтуынша, бүгінде күрделі жөндеу жұмыстарының
басым бөлігі атқарылған. Ал, биыл 100 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өткелі
отырған С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің ғимаратын «Нұрай-Ақжол РГ» ЖШС,
М.Ералиева атындағы мәдениет ошағына «СМП-Қызылорда» серіктестігі қайта жаңғырту
жұмыстарын жүргізуде.

Мұнан соң облыс басшысы бастаған топ оқушылар сарайында болды. Бұл ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге
қала бюджетінен 40,2 млн. теңге бөлініпті. Нысанның мердігері – «Мелиоратор»
серіктестігі күрделі жөндеу жұмыстарын бастап кетіпті. Қосымша білім беру
мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 1982 жылы жасалған екен. Осы
жерде облыс әкімі балалардың біздің болашағымыз екендігін, сондықтан да жас
буынды оқытып-тәрбиелеуге барынша көңіл бөлінетіндігін атап өтті. Аталған
әлеуметтік нысандардағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан
Қ.Көшербаев қала әкімі мен мердігер мекемелердің басшыларына аталған жұмыстарды
қазан айына дейін аяқтауды жүктеді.

Аймақ басшысы «Шұғыла» шағын
ауданында болғанда №№2,4, 8 және №9 көпқабатты тұрғын үйлерде жүргізіліп жатқан
қайта жаңғырту жұмыстарын назарға алды. Айта кетейік, биыл қаламызда осы ТКШ
мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 47 көпқабатты үй жөндеуден өткізілуде.

Жұмыс сапарының соңында облыс басшысы «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС демеушілігімен
салынған демалыс скверінің ашылу салтанатына қатысты. Соңғы жылдары қаламыздың
сәулетіне сәулет қосатын нысандар қатары артып келе жатқанын, алдағы уақытта
Сырдария өзенінің солтүстік жағалауында осы заманға сай жаңа қоныс салынатынын
атап өткен Қ.Көшербаев пайдалануға беріліп отырған тынығу орнын көздің
қарашығындай сақтау қажеттігін еске салды. «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС бас директоры
Медет Кәрімге алғысын білдіріп, компанияның жұмысына табыс тіледі.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз