БӘС ТІГЕТІН \»БУКМЕКЕР\» КӨБЕЙІП БАРАДЫ

59

0

БӘС ТІГЕТІН "БУКМЕКЕР" КӨБЕЙІП БАРАДЫБір кездері қазақ қауымына жат саналатын букмекерлік кеңселер бүгінде ешбір жанға таңсық болмай барады. Осыдан бірнеше жыл бұрын «букмекер» сөзі құлағымызға түрпідей тиетін. Тіпті, оған тосырқап қарап та жүрдік. Осы кеңсенің ішінде не істейді екен деген сұрақ та мазалайтын. Ал, қазір керісінше, еріккен адамды іздесек, осы букмекерлік кеңседен табасың. Кеңсеге кіріп қалсаңыз, көк жәшікке телміріп, у да шу болып бәс тігіп жатқандарды көресіз.
Әсіресе, футбол мен кәсіпқой боксшылардың ірі ойындары өтіп жатқан кезде бұл кеңседен орын табу қиын. Ойынның қызу болатындығы соншалық ондағылардың адамға қарауға шамалары жоқ. Бір қызығы спорттың барлық түрінен бөлек басқа мемлекетте орын алып жатқан өзге де оқиғаларға бас тігіп, бағыңды сынауға болады. Тіпті, ат жарыстырып, ит төбелестіруге де мүмкіндік бар. Уақытың тапшы болса, кеңсеге келмей ақ, ғаламтор арқылы ойынды ойнауға да жағдай қарастырылған. Тек қалтаңда ақшаң болса болғаны, кез-келген ойынға өз таңдауыңды жасай аласың. 
Қазіргі сәтте бұл мәселе Парламентте  көтеріліп, қызу талқыға түскені белгілі. Өйткені, адамды арбауына түсіретін бұл құмар ойындар жастарымыздың арасында ерекше белең алып барады. Бірнеше жыл бұрын Елбасының тапсырмасына орай барлық ойынханалар белгілі аймақтарға, яғни, Қапшағай, Щучинск қалаларына көшірілген болатын. Түпкі мақсат жастардың санасын азарт ойындармен уламау. Осы ретте құзырлы органдардың тарапынан бірқатар жұмыстар жасалынып, ойын автоматтарының біразы жойылды. Алайда, бәс тігу десе бел шешіп, белсенділік танытатындардың әуестігі басылар емес. Яғни, ойын автоматтарынан зияны кем болмайтын букмекерлік кеңсені үлкені де, кішісі де жағалап кетті. Қалтаңдағы ақшаны, қолыңдағы барыңды қағып алатын мұндай орындар бізде де баршылық. Бастапқы да біреу, екеу деп санайтын едік, қазір әр көшенің бойынан біреуін көресің. Санағың келмейді, көбейіп кетіпті ғой деп жүре бересің. Олай демесіңе негізде жоқ емес… 
Себебі, қазіргі таңда «Зенит», «Олимп», «Профит» секілді кеңселер өз филиалдарын  жарысып ашып жатыр. Мәселен, бір ғана «Олимп» букмекерлік кеңсесінің елімізде 184 ошағы бар екен. Ал, біздің қалада 5 орыны тіркелген. Демек, букмекерлік кеңседен түсетін пайда мол болып тұр. Егер жан баласы аяқ баспайтын болса, түсім болмаса ойын алаңын ұйымдастырушылар бекерге тер төгіп, ақшаларын шығын қылмасы анық. Бір кірсең қайта шығуың қиын болатын аталмыш жерлерде клиенттерге қойылатын талап біреу – кез  келген жарысқа «жоқ» дегенде 500 теңге ақша тігуің қажет. Қалтаңда болса кіресің, жоқ болса жолың әне. Сондай-ақ, жасың 21-ге толуы шарт. Бұл талап қаншалықты орындалып жатыр, оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Бірақ біздің байқағанымыз, соңғы талап көп кеңселерде сақталмайтын, тіпті, ескерілмейтін болып шықты. Оны кеңселердің жай-күйін бағдарлау барысында ойынға үнемі қатысып жүргендердің бірінен сұрап білдік. 
«Менің букмекерлік кеңселерге барып, бәс тігіп ойнап жүргеніме 5 жылдай болды. Жасым жуырда ғана 21-ге толды. Осы уақытқа дейін жасың жетпеген деп кіргізбеген кеңселер болмады. Мұнда келгенде көбіне спорттық ойындарға ғана ақша тігемін. Ит төбелестіру ойындарына сене бермеймін. Себебі, иттің түрі көрінбейді. Салған ақшаң босқа кетеме деп ойлаймын. Мен үшін ойын ойнағанның еш сөкеттігі жоқ, – деді Нұрбол есімді азамат. Қош, кәсіп жасап отырғандарға қалталарының толғаны керек, ал, ата-ана қайда қарап жүр деген сұрақ ойға ерексіз келеді. Бүгін әке-шешенің берген ақшасын берер, бір күн студенттік жәрдемақысын салар, ол таусылғанда қайдан алмақшы? Әбден қызығына кіріп, тек ойнауды ойлап тұрған адам түрлі келеңсіз жайттарға барары айдан анық. Мұны білсек те, мұндай олқылықтардың орнын толтыруға асықпайтын секілдіміз.
«Ойнағанда тұрған не бар?» дегендердің қатары жалғыз Нұрбол секілді жасөспірімдерден тұрса жақсы ғой. Білім орындары, ата-ана бар, әйтеуір қоғам болып, көптеп-көмектеп жастардың ақылына ақыл қосып, тыйым салар едік. Ал, орта жастан асып, ағалық өсиетін айтып жүретін аға буын өкілдеріне қалай тоқтау қоямыз? Құмар ойындарының құмарына қанбаған олардың бұл қылығы өзін ғана емес, өзгенің өміріне де әсер етпесіне кім кепіл? Осындай құмар ойынның кесірінен қолындағы ақшасын, басындағы баспанасын салып, отбасының шырқын бұзу бүгінгі қоғамның ащы шындығына айналып барады. Бұл дүниенің қызығын қуып жүріп,  алдағы күннің амалын ойлап, байыптап жатқан ешкім жоқ. Ақиқатқа көз жүгіртсек, құмар ойынды дінімізде мақұлдамайды. Өйткені, Құран Кәрімде Алла тағала: «Ей мүміндер! Арақ, құмар ойын, тіктеп қойылған пұттар және таяқшалар – шайтанның лас амалдарынан. Ендеше, құтылуларың үшін осындай нәрселерден аулақ болыңдар. Расында, шайтан ішкілік пен құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық, кек салуда және Алланы еске алудан, намаз оқудан бөгеуді қалайды. Енді тыйыласыңдар ма?(«Мәида» сүресі)» – десе,  Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Кімде кім досына: «Кел құмар ойнайық» десе, (осы сөзі үшін) садақа берсін», – дейді. Бұл дегеніміз, шайтанның ісін амал қылудың үлкен күнә екенін меңзейді. 
Ал, өзге елдегі жағдайға көз жүгіртер болсақ,  әлемнің бүкіл елінде ойын бизнесі салықтық және бақылау органдарының қатаң бақылауында екен. Яғни, салық төлемеу, заңсыз ойын бизнесін жүргізу мүмкіндіктері тұрақты түрде қысқартылып отырады. Мәселен, Эстонияда лицензияның бағасын 120 мыңнан 1 млн. еуроға дейін өсірсе, Латвияда ойын мекемелері орналасқан жерлерден тыс жерде оларды жарнамалау қызметін жүргізуге тыйым салынған. Венгрияда болса шетелде ұйымдастырылатын құмар ойындарына қызығушылық мақсатында делдалдық қатысу, оларды ұйымдастыру, жүзеге асыру және шетелдегі құмар ойындарын жарнамалау, насихаттауға рұқсат етілмейді. Тіпті, қытайлықтар да бұл бизнеске ерекше жүйе енгізген. Яғни оларда анимациялы полиция әр жарты сағат сайын  ең үлкен деп танылған порталдарға кіретін ойыншыларды заңсыз қызмет атқаратын сайттарға кіруден бас тарқызады. Сондай-ақ, заңсыз жұмыс істегендерге айыппұлдан бөлек, он жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыруды қарастырған. Өзімізге келер болсақ, бізде керісінше. «Біреудікі біреуге ай көрінер» демекші, өзгенің қаңсығы бізге таңсық болып барады. Шет елдегі болмайтын оқиғаларға бәс тігіңдер деп  жарнаманы жардай етіп іліп, интернет кеңістігінде ойнауға мүмкіндік жасап, букмекерлік кеңселерді кеңінен ашып оңай жолмен пайда табуға көпшілікті шақырып әлекпіз. Осылайша, қазекең жиған тергенін сарп етіп, қалтасының жұқалығына қарамастан бәс тігуден бас тартар емес. Жалпы, құмар ойынның үлкен-кішісі жоқ. Жеңіл жолмен табылған пайда ешкімге опа бермесі хақ. Бұған тоқтау салар кез жетті. Біздіңше бұл мәселеге нақты шара, іс-әрекет қажет-ақ.
М.САТЫБАЛДЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз