БІТІМГЕ КЕЛУДІҢ БЕРЕКЕЛІ ЖОЛЫ

50

0

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен   қабылданған «Медиация туралы» Заң 2011 жылдан бері баяу болса да жүзеге асып жатқаны белгілі.
Оны органдар мен ұйымдарда құқықтық, азаматтық, құқық бұзушылық қатынастардан туындайтын даулардың Медиация заңы арқылы қысқа мерзімде  жүзеге асырылмауынан, соттардан тыс реттеп, шешу және жүргізу тиімділігі тәжірибесінің дами алмай жатқанынан, сот өндірісінде дауласушы тараптармен жасалған келісімдер негізінде  қысқартылған істер көрсеткішінен көруге болады. Сот өндірісінде қаралып, аяқталған барлық санаттағы істердің саны жыл сайын төмендемей, еселеп көбейіп жатқаны соттардың статистикалық көрсеткіштерінен-ақ  белгілі. Әрбір туындаған даулар сот өндірісіндегі істер бойынша ғана  тиімді пайдаланылып, оң шешімін тауып жатқанын  көруге болады. Алайда, тараптар арасында туындаған даулардың соттан тыс реттеліп, шешіліп   жатқан тәжірибе туралы іс жүзінде бейхабар екеніміз рас. Өйткені, тараптар арасында туындаған даулардың «Медиация туралы» Заңға сәйкес соттан тыс реттеліп, шешілгені жөнінде статистикалық деректер мүлдем жоқ десек қателеспейміз. Негізі кәсіпқой немесе кәсіпқой емес медиатордың атқарған жұмыстары бойынша статистикалық есеп жүргізілген жағдайда ғана заңның қолдану тиімділігінің нәтижесін көруге болады. Кәсіпқой медиаторлар қаржы қол байлау болып, халыққа отырып қызмет жасайтын орын табалмай жүргендерін желеу етіп жатса, кәсіпқой емес медиаторлар өздерін іріктеп, тізілімін жасаған атқарушы органдардың есебінде тұрса да, аталған орган жергілікті жерлерде дауласқан тараптарға тиімді қызметтер жасау үшін қажетті мұқтаждықтармен қамтамасыз ету және статистік есеп жүргізу бойынша ұйымдастыру шараларының атқарылмай жатқанын мәселе ретінде көтеріп, алқалы жиындарда  жиі айтады.
Қазіргі таңда бірінші кезекте құқықтық, азаматтық, құқық бұзушылық  қатынастардан туындайтын даулар бойынша соттан тыс реттеп, шешу, соттардан тыс тәртіппен жүргізу институттар жүйесін және оның оң тәсілдері мен тетіктерін дамыту тәжірибесін енгізуді және жүзеге асыруды қолға алған дұрыс. Құқықтық, азаматтық, құқық бұзушылық  қатынастардан туындайтын даулар бойынша тараптарды сот табалдырығына дейін жеткізу басты міндет болмау керек. Керісінше қылмыстық қудалау органы мен басқа да органдар болып, дауласқан тараптар арасында туындаған мәселелерді медиаторлардың араласуымен сотқа дейін бітімге келтіру шараларын жүзеге асыру тәжірибесі болу керек. Сондықтан сот жүктемесінің мейлінше жеңілдетілуі мен дауласушы тараптардың өсім салмағын төмендетуі үшін «Медиация туралы» Заңның соттан тыс тәртіппен жүргізіліп, шешілу тәжірибесінің оң тәсілдері мен тетіктерін қалыптастыру институтын дамыту қажет деп есептеймін.
Елбасының халқымыздың тыныштығы мен татулығы және бірлігі үшін шығарылған Заңның созбалаңға салынбай, қысқа мерзімде тиімді жүзеге асып, оның жақсы нәтижесін дауласқан тараптар мен халықтың көретін мезгілі жетті. Баспасөз беттерінде аталған заңның баяу жүзеге асуы жөнінде жиі пікірлер мен ұсыныстар айтылуда. Алайда, бұл туындаған мәселелер бойынша  ұзақ жыл бойы айтылып жатқан  пікірлер де, ұсыныстар да ешкімнің назарына алынбай, тіпті еленбей қалып жатқаны жасырын емес. 3 жыл бойы Заңның тиімді жүзеге асуы жөнінде конференция мен семинарлар өткізіп, баспасөз беттеріне үгіт-насихат шараларын қанша рет жазып жатқанымызбен Заң әлі де бастау ала қоймағаны және тиімді нәтижелер мөлшерінің төмен екені баршамызға белгілі.
«Заң” газетінде заң ғылымдарының докторы, академик А.Ағыбаев «Медиация туралы» Заң орындалу үшін мемлекеттік бақылау керек,  оның ереже мен құқықтарын, жауапкершілігін белгілеу күттірмейтін шара, соны мықтап қолға алу қажет» деп жазған болатын. Әрине, менің жеке пікірім бойынша Заң орындалу үшін мемлекеттік бақылау қажет және оның құқықтық қолдану жөніндегі ережесі болуы міндетті. Елбасы Жарлығымен 2011 жылы қабылданған  Заң толыққанды, кідіріссіз жүзеге асуы үшін бақылауға алынып,  қадағалау жасалу керек. Сонда ғана халқымыздың татулығы, тыныштығы, бірлігі  үшін Заң жүзеге асуын тездетеді.
«Медиация туралы» Заңға сәйкес кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторды дайындау, іріктеу екі бөлек тұрғыда жүргізіледі. Кәсіпқой немесе кәсіпқой емес медиатор – дауласушы тараптардың бітімге келгенін, жазбаша келісімін бекітетін тұлға. Бітімгер деп атауға медиатор деген атау өзгертілген жағдайда ұғымды және түсінікті болатыны анық деп ойлаймын. Кәсіпқой емес медиаторлардың құқықтық білім алатын, іс жүргізу тәжірибесін игеретін орталықтары атқарушы органмен ұйымдастырылғаны дұрыс болады.
Қазіргі таңда мемлекетіміздегі ең маңызды мәселенің бірі – елдің бірлігі, татулығы, тыныштығы екені барша жұртқа белгілі.
«Медиация туралы» Заң сол үшін шығарылған заң емес пе? «Медиация туралы» Заңның дауласушы тараптарға тиімділігі  туралы  насихаттау шараларын сот органдарымен бірге атқарушы орган және мемлекеттік, мемлекеттік емес мекемелер мен барлық құқық қорғау органдары болып жұмыла отырып  жүзеге асыратын болсақ, жақсы нәтиже көретініміз анық. Сондықтан халықты ақпараттандыру үшін аталған Заң туралы деректер мемлекеттік, мемлекеттік емес мекемелер мен барлық құқық қорғау органдарының көрнекті жерлерінде ілінуі керек.
Соттан ақталмайтын негізде өтіп аяқталған іспен бағалау көрсеткішін қуалау заңның жүзеге асуын баяулатады деп есептеймін. Даулар салмағы төмендесін деп ынталылық жасайтын болсақ, онда сотқа дейін келісім негізінде дауларды тоқтату көрсеткішін қуалау тәжірибесін енгізген жөн. Осы жағдайда соттардан тыс реттеу,  тыс тәртіппен жүргізу институты кідіріссіз дамуына бастау алады. Бұл тәжірибе сот жұмысы жүктемесі мен қылмыстық жауапкершілікке тартылған көрсеткіш салмағын төмендетеді. Сонымен бірге «Медиация туралы» Заңды мектептер мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарында белгілі бір пән ретінде оқыту тәжірибесін енгізген дұрыс.
Молдахмет АХМЕТОВ,
облыстық соттың судьясы, заң ғылымдарының кандидаты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз