Бүгінгі заман жастары қандай болуы керек?

22965

2

Жастар – ел болашағы, ата-ана, Отанының үміті. Сенімнің үдесінен шығу үшін жастар тәрбиелі әрі білімді болуы қажет. Кез келген ортада бәсекелестік болатыны рас, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай қашанда халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім ғана.  

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Адам өмір сабақтарын өзіне тәжірибе ретінде сіңіріп, сосын жастарға кеңес береді. Қазір біздің жастар бүкіл әлеммен қарым-қатынас жасап отыр. Жол да, шекара да ашық. Қалаған жерде білім алып, қалаған жерде тұрып жатыр. Көріп отыр. Сондықтан жастар ең алдымен нық білім негізін қалап алуға ұмтылулары қажет. Жастық шақ пен мүмкіндікті керексіз ойын-сауыққа жұмсамағандары жөн, олардың барлығы кейін келеді» деген болатын. Бүгінгі буын білім алуға көп мән беріп, оқуға басты назар аударуы тиіс. Қоғамда көп таралған «Киіміңе қарап, қарсы алады, ақылыңа қарап шығарып салады» деген сөз шын мәнінде  білімді адамның мәртебесі жоғары болатынын айғақтап тұрғандай.

Бірнеше тіл білудің өзі – жастар үшін үлкен жетістік. Егер жаңа ортаға тап болсақ, сол ортаның тіліне, қағидаларына үйренуге тура келеді. Міне осындай сәттерде зерек әрі тіл білімі жоғары адам қиындыққа тап болмайды. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» қағидасымен өмір сүру жарқын болашаққа бастайды.

  Жастар кез келген жұмыста өзін жақсы қырынан көрсетуі керек. Өзіне берілген жұмысты жауапкершілікпен орындап, жетістікке жетуі тиіс. «Қолымнан келмейді» деген сөзді айту – әлсіздердің ісі. Сондықтан қалауын тапсаң, қар да жанады. Тек сол жұмыс үшін тиісінше ерінбей еңбек етуі тиіс.

Ең басты байлық – денсаулық демекші, кез келген жұмысты абыроймен атқару үшін денсаулық мықты болуы керек. Дені сау адам ғана бұйырса арманын іске асыра алады. Сондай-ақ, жастардың өз ұлтын сүйіп, отансүйгіш болғаны маңызды.Сонда ғана мемлекетке зор әсерін тигізетін тұлға тәрбиеленеді. Жемқорлыққа да, әділетсіздікке де жол бермес еді.

Егер осындай жастар қауымы тәрбиеленсе, мемлекет пен жастардың болашағы жарқын болады. Ата-бабадан мұра болып қалған, ұлан-ғайыр жерімізді, ана тілімізді, дінімізді, халқымызды , тарихымызды мәңгіге сақтап қала аламыз. Сол үшін болашаққа қарай нық сенімен қадам басуымыз керек!

Айша ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<