ДАРА ӨНЕРДЕ САРА ІЗІ БАР

58

0

ДАРА ӨНЕРДЕ САРА ІЗІ БАРӨнер – ұлық дүние. Оның түрі де көп, тұрпаты да әрқалай. Ал осы өнер әлемінде қазақ үшін қымбаттысы бұл – атбегілік өнер. Салт-дәстүр, мәдениетін, барша тұрмыс тінін, түйдек айтқанда, тұтас тарихын жылқымен өлшеген қазақтың Қамбар ата тұқымы десе, тұла бойы нұр ойнап салатыны да сондықтан. Демек, ұлтқа тән дара дәстүрдің арда көркін паш ететін атбегілік өнер, нағыз ерге қонған ерек қасиет болса керек. 

Атбегі демекші, қазақта ат баптаған адамды әрқалай атайды. Мәселен, Шығыс жерінде «атбегі» десе, Оңтүстікте «бапкер», Батыс өңірде «атсейіс» деп жатады. Қалай айтсақ та, қазаққа сіңісті сөз бұл. Ең ғажабы, атбегінің көреген, үлкен сыншылық қасиеті ертеден-ақ ерекше бағаланған. Көне түркі халықтарының жазбаларында, «бек» – ұлық, көсем деген ұғымды білдірсе, бертін келе жеке істі, өнерді жетік білетін кісіні де соның «бегі» деп атаған. Осыдан атбегі, құсбегі деген сөздер шыққан дейді. Олай болса, «Жылқы малдың патшасы» деп қадір тұтатын қазақ үшін бұл өнер, асқан құндылық саналады.
Жетпістің жалын тартып, алысты-жақын ел-жұртқа белгілі атбегі атанған Әуесхан Қыдырбаев осы бір өнер жолында елдің, жердің атын асқақтатқан айтулы азамат ретінде мәлім.  Кәнігі кәсіптен өне бойы ләззат алып келе жатқан жан қазіргінің атқұмар қазақ баласына  ұстаздай көрінеді. Былайша айтқанда, Әукең жылқыны таныды, жылқы Әукеңді танытты. 
Еңбек не өнердегі жеміс ешуақыт оңайлықпен келмейді. 1942 жылдың шілдесінде Шиелінің Ортақшыл ауылында дүниеге келген ол тоғызжылдық мектепті аяқтаған соң колхоз диқаншыларына жәрдемші болды. Кейін комбайншы, тракторшы мамандығын алып, совхозда шаруаның темір тұлпарын мінді. 1962 жылы Балқаш қаласында әскери борышын өтеп, туған жерге оралған соң жылқышының көмекшісі атанды. Ал нағыз жылқышы атану 1966 жылы бұйырды. 
Әукең жылқы бақтым, жетістігім жаман емес деп, ертелі-кеш аяқты малдың соңында сылбыр тепеңмен шектеліп күн кешкен жоқ. «Ат – ердің қанаты. Тәйірі, жортып салса желдей еседі-ау» деп жұмыр тұяқты жануарларды бәйгеде бағын сынамаққа бекінді.1968 жылы «Вася» деген жүйрігі құнан жарыста топ жарғанда, тырнақалды табысына баладай шаттанды. Араға бір жыл салып әлгі «Вася» аламанда дара шапқанда жеңіп алған жүлдесі емес, жылқышының атағы дүр етіп жаңа қырынан шыға келді.  
1972 жылы Гигант ауылына жылқышы болған Әукең үш жыл өткен соң топтастыру кезеңі басталғанда Қарғалыға жылқышы болып табан тіреді. Ол кезде бір жылқышыға 100 бастан артық міндет жүктелмейтін. Алайда, Әукең үшін жүктелген жауапкершілік мұнан бірнеше есе артық еді. Алдына 700 басқа дейін үйір-үйір мал салып, оның басын 100 пайыз аман сақтаған жылқышы озаттардың көшін бастады. Қыста қар жамылды, мұз құрсанды, ызғардың өтінде, жаздың аптабында қақталып, күндіз-түні ат үстінде аяқты малдың бабын жасады. Сондағы сарқа салған еңбек еш кеткен жоқ. Ауданның мерейін облыс, онан қалды республика көлемінде озат ісімен асқақтатқан жылқышының  табандылығы талай мәрте марапатқа қол жеткізді. Бірнеше «Құрмет грамоталары» мен әріптестері арасында мадақтауға ие болған азамат адал еңбектің жемісіне жеңіл автокөлік те алды. 
ДАРА ӨНЕРДЕ САРА ІЗІ БАРӘуесхан Қыдырбаевтың 1979 жылдан жекешелендіруге дейін еңбек еткен ортасы – Еңбекші ауылы. Міне, атбегілік өнерге айрықша ден қойған шақ та осы жылдардың бедері болатын. Әдепкіде жергілікті жылқылармен  бәйге көрігін қыздырып жүрген бапкер, келе-келе таза тұқымды аттар әкелу науқаны басталғанда бой сіңіскен кәсіпке мықтап тұрып кірісті. 
«Қайратты ерге мал тұрар, өнерлі ерде бақ тұрар» деген,  Әукеңнің атбегілік шеберлігі мен сыншылық қарымын көп мойындайтын, басшылар бағалайтын. Осының үдесімен 1989 жылдың күзінде үлкен міндет жүктелді. Нәтижесінде Шиеліге «Брек», «Система» атты текті тұқымды жылқылар келді. Арғы аталары талай жерді дүр сілкіндірген сол бір ғажайып тұлпарларды қолға тигізу оңай болған жоқ. Қолдағы алтыннан кімнің айырылғысы келеді, ал Әукең үшін  жабы-жәуметтің қажеті шамалы. Алматының атақты жылқы зауытынан шыққан сол «Брек» пен «Системаны» аларда зауыт директорын апталап жатып, араққа бөктіріп, әзер дегенде келісімін алғаны атақты жылқышының көкей көзінде сайрап тұр.  
Байқасаңыз, Әукең өз кәсібінде ең алдымен малдың басы емес, тектілік қабілетін өсіруге аянбай тер төкті. Жабыдан жарау шығарды, жараудан жүйрік шығарды, әйтеуір сол уақыттың дүрмегінде талай бәйгенің басын қайырды. Бірақ ол жетістік кәнігі бапкер үшін, қолтық сөгіп, қайрат көрсетуге төтеп берерлік күш емес еді. Осындай сәтте қос бірдей таза қанды тұлпардың қолға тиюі атбегінің алымын да, қарымын да өрге жетеледі.    
Шын мәнінде, Әукеңнің атбегілік өнердегі өрісті шағын сол «Брек» атты өрен тұлпармен тамырластыруға болады. Ең ғажабы, сол тұлпардан ерген қайсыбір сұңғыла құлын болмасын бәйге атаулыда олжасыз қалған емес. Тіпті тұтас қазақ ұлы Абайға ұлан-асыр ас беріп, алыс-жақын шетелден қонақ шақырып, арда аламан бәйге бергенде сол «Бректен» туған «Сұңқар», «Ызғар», «Кастет» үш бірдей темір тұлпарды қанжығаға байлады. Шын мәнінде, бұл облыстың үлкен абыройы болды. 
Желқабыз (желдей ескен жануар) мал өсіріп, талай алқақотан сара өнер сайысында атағы асқақтап жүрген Әуезхан аға қазір де ертелі-кеш қора-жайдан қол үзген емес. Сылаң қаққан сұлудай майса жал, жұмыр тұяқ жүйріктердің ауық-ауық жалынан сипап, жайын жасау ол кісі үшін нағыз бақыт. Задында атбегілік – өте нәзік, соғұрлым қиын өнер. Әукең сол өнердегі белесінен еш уақыт бәсеңсіген емес, қайта уақыт безбенінің тың соқпақтарына батыл сүрең салып талай ізбасарын тәрбиеледі. 
Бұл – өнерді сүю, өнерді сүю –  ұлтын, дәстүрін, ғаламат әдет-ғұрпын сүю.
Қазақ тәуелсіздік алғалы ұлттық ат спорты да дамып жатыр. Алайда, сол өнердің ыстық-суығын қатар көтерген, көтеріп қана қоймай, талай мәрте Сырдың атын алысты-жақын аспандатқан азаматтар есімін көпке, атакәсіпке жаны құмар жандарға дәріптеп отырса игі болар еді. Өйткені, қайсыбір уақыт өзгерісі болмасын қазақтың қаны да, жаны да ұлттық өнермен бітеқайнасып жатарын ешкім жоққа шығара алмайды.  
Қуат ШАРАБИДИНОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз