Д.Ақышев: Криптовалютаның не екенін әлі күнге дейін түсінбеймін

68

0

ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев криптовалютаның әлі күнге дейін не екенін түсінбейтінін айтып, қазақстандықтарды бұл қауіпті жүйеден сақтандырды, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Кәсіби тұрғыдан алып қарасам да, мен әліге дейін криптовалютаның не екенін түсінбеймін. Бұл – бірыңғай орталықтандырылған органы жоқ, нақты шығарушысы жоқ құрал», – деді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында.
Ол криптовалютаға қатысты қаржылық реттеу ұсыныстары Үкіметке жіберілгенін атап өтті.
«Ұлттық валютаны криптовалютамен есептеуге шектеу қойып, сонымен бірге мұны криптовалютамен жүзеге асыратын қандай да бір компаниялардың қызметіне тыйым салу секілді шарттарды күшейтуді ұсынып отырмыз. Криптовалютаны инвестициялауды қалайтын адамдардың активін сақтаумен қазір ешкім айналысқысы келмейді. Егер бұл құралдан шикілік шықса, криптовалютамен инвестиция жасайтындарға не болады? Олар мемлекетке «Неге уақытында ескертпедіңіздер?» деп келетінін біліп тұрмын. Сол себепті қазірден мұндай операциялар қауіпті екенін ескертемін», – деп мәлімдеді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін криптовалютаның не екені туралы Baq.kz ақпарат агенттігінде мақала жарық көрген болатын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз