ДЕНСАУЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ САЛАМАТТЫ ӨМІРГЕ БАСТАЙДЫ

48

0

Елбасының «Қазақстан – 2050»
Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты қазақстандықтарға
арнаған Жолдауында профилактикалық медицинаға басымдық берілгені белгілі. Яғни,
тұрғындар арасында денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, саламатты өмір салты
мәдениетін қалыптастыру мәселесіне мемлекеттік деңгейде назар аударылып отыр.
Бұл бағытта республика көлемінде сан
түрлі ауқымды шаралар ұйымдастырылып, өткізілуде. Сондай шараның бірі елімізді
түгел қамтитын «Денсаулық фестивалі» акциясы.Биыл да дәстүрлі жалғасын табатын шара жайында жан-жақты білу әрі
тұрғындарды құлақтандыру мақсатында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру
орталығының директоры Қайрат Мырзахметов мырзаны әңгімеге тартқан едік.

– Қайрат
Тәңірбергенұлы, ең алдымен осы «Денсаулық фестивалі» акциясы қашаннан бері
өткізіліп келеді, шараның мақсаты не, осыған тоқталыңызшы?


Елімізде қазақстандықтар саулығын сақтау бағытында түрлі жұмыстар атқарылып
жатқаны белгілі. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында да халқымыздың денсаулығын
қорғау мәселесіне айрықша мән беріліп, нақты тапсырмалар жүктелуде. Халқымызды
саламатты өмір салтын ұстануға, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге
үндейтін бұл міндеттер әрдайым өзінің өзектілігін жоймақ емес. Осы орайда
саламатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортқа көпшіліктің ынтасын
ояту мақсатында 1999 жылдың қыркүйегінде
республиканың барлық өңірлерінде денсаулық фестивалі өткізілген болатын. Міне,
сонан бері бұл шара елімізде дәстүрлі
түрде ұйымдастырылып келеді. 2003 жылы «Өмір – Қозғалыс – Денсаулық» ұранымен
өткізілген акцияда бір сәтте 5 млн-нан аса қазақстандық дене шынықтыру
жаттығуларын жасады. Және ол республикада ғана емес, сонымен бірге әлемде
теңдесі жоқ оқиға ретінде бағаланды. Сөйтіп,Гиннестің рекордтар кітабына тіркеліп, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау
ұйымының арнайы сыйлығына ие болды.


Демек, биыл он бесінші рет өткізілгелі
отыр. Қандай ерекшеліктер бар?

– Иә,
биыл Денсаулық фестивалі 15-ші рет ұйымдастырылмақшы. Биыл 6-қыркүйек күні
«Белсенді өмір – жүз жастық ғұмыр» ұранымен өткізілетін болады. Шараның мақсаты
тұрғындардың өз денсаулықтарына деген жауапкершілігін арттыру бағытында зиянды
әдеттерден бас тарту, ұтымды тамақтану, дене белсенділігін қамтамасыз ету үшін
спортпен айналысуға шақырып, саламатты өмір салтының мәдениетін қалыптастыруға
ықпал ету болып табылады.

«Денсаулық
фестивалі – 2014» акциясы қарса­ңын­да спорттық-сауықтыру мекемелерінде «ашық
есік» күндері жарияланып, емдеу-алдын алу мекемелерінде тұрғындармен белсенді
кездесулер ұйымдастырылады деп күтілуде. Сонымен қатар, қыркүйектің 1-6 жұлдызы
аралығында облыс мектептерінде, балабақшаларда түрлі спорттық шаралар мен денсаулық сабақтары
жүргізіледі. Ал, 6 қыркүйек күні облыс орталығында Ы.Алтынсарин кинокешені
алдынан орталық алаңға дейін «Президенттік миль» тапсырысы бойынша
жалпыхалықтық жүгіру эстафетасы өткізіліп, орталық алаңда түрлі спорттық
шаралар мен көрмелер және «Денсаулық қалашығы» ұйымдастырылады. Шара барысында
сондай-ақ, жатсар флеш-мобы, концерттік бағдарламалар мен қойылымдар
көрсетіледі. Оған қоса, фестивальға белсене атсалысқан мекемелер, үкіметтік
емес ұйымдар және жекелеген азаматтар, спорттық ойын жеңімпаздары номинациялар
бойынша марапатталатын болады.

Жалпы,
өркениетке бет бұрған еліміз үшін тұрғындар саулығы қашанда басты назарда. Рес­публика
көлемінде саламатты өмір мен спортты насихаттауға бағытталған іс-шаралардың ең
бастысы әрі негізгісі – Денсаулық фестивалі екені белгілі. Осы орайда «менің денсаулығым – ұрпағымның
саулығы» дейтін әрбір адам бұл шараға қатысадыдеп сенемін.

– Әңгімеңізге, рахмет!

А.Сәрсенбайқызы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз