ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫЛАРЫНЫҢ МЕРЕКЕСІ

73

0

ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫЛАРЫНЫҢ МЕРЕКЕСІ

Кеше Н.Беке­жанов атын­дағы қазақ музыкалық драма театрында медицина қыз­меткерлерінің кәсі­би мерекесіне ар­налған салта­­нат­ты жиын өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов және ҚР Денсаулық сақ­тау вице министрі Болат Төкежанов қатысты.

Салтанат сахнасына көтерілген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мереке иелерін құттықтап, жылы лебізін білдірді.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫЛАРЫНЫҢ МЕРЕКЕСІ– Ардақты ақ желеңді абзал жандар! Сіздерді кәсіби төл мерекелеріңіз – медицина қызметкерлерініңкүнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Халқымыз қашаннан «бірінші байлық –денсаулық” деп денсаулықты дүниедегі барлық байлық атаулыдан жоғары қойып келеді. Ата Заңымызда «Мемлекеттің ең басты қазынасы халық және оның денсаулығы” деп айқын көрсетілген. Азаматтарымыздың рухани дүниесі мен денінің саулығы мемлекетіміздің басымдық беріп отырған маңызды міндеттерінің бірі. Елбасымыз Н. Назарбаев «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі” деп «Қазақстан – 2050” Стратегиясында нақты атап өткен болатын. Бұл ретте саламатты қоғам қалыптастырып, дені сау ұрпақ өсіруде дәрігерлердің алар орны ерекше. Осы орайда облыс әкімдігі тарапынан медициналық қызметтің сапасын көтеруге барынша қолдау көрсетіліп келеді. Соңғы екі жылдың өзінде салаға бөлініп отырған қаржы көлемі үш есеге өсті. Өңірімізде өмір сүру ұзақтығы артып, ана мен бала өлім-жітімі азайды. Көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Аймақта денсаулық сақтау саласын дамытудың Жол картасы жасалып, осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Облыста соңғы үш жылда 39 медициналық нысан пайдалануға берілсе, 2014-2015 жылдары 40жаңа нысанды ел игілігіне беру жоспарымызда бар. Бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз тағы да құтты болсын! Еңбектеріңізге жеміс, отбастарыңызға амандық тілеймін,– деп аймақ басшысы жылы лебізін жеткізді.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫЛАРЫНЫҢ МЕРЕКЕСІМерекелік шарада сонымен бірге ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Болат Төкежанов аймақ дәрігерлерін құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.

Онан соң бір топ медицина қызметкерлері ҚР Премьер-ми­нистрінің және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, бірқатар үздік қызметкерлер аймақ басшысының 1 млн. теңге сыйақысына ие болды. Сондай-ақ, бірқатарына «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін” және «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгілері мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет” грамотасы табысталды.

Мерекелік шара онан әрі
өнерпаздар концертіне ұласты. Белгілі әнші Әлібек Дінішев пен
«НұрМұқасан” тобы әуелеткен әсем әндер
мереке көркін қыздырды.

Айнұр СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз