ДЕРТКЕ ДАУА ДАРЫТҚАН

97

0

ДЕРТКЕ ДАУА ДАРЫТҚАН

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА

Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызмет­керлерінің кәсіби мерекесі. Халық денсаулығы – қоғамның басты байлығы десек, тұрғындар саулығын сақтауда күндіз-түні тынымсыз еңбек ететін дәрігерлердің рөлі қашан да ерекше. Жылы сөзімен, шипалы ем-домымен науқас жанды ажал тырнағынан алып қалып, екінші өмір сыйлайтын өз мамандығының адал қызметшісі – ақ желеңді абзал жандар қандай құрмет, қошеметке лайықты. Өмір бар жердебасы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Олай болса, сау­лық сақшыларына деген жұртшылық ықыласы ешқашан толастамақ емес.

 

АЙМАҚ МЕДИЦИНАСЫ ӨРКЕНДІ
ІСТЕРГЕ ТОЛЫ

Денi сау адам –
мемлекеттiң бас­ты байлығы, ұлт болашағы. Осыны ескерген біздің елде
тұрғындардың саулығын сақтауға, дені сау ұрпақ өсіруге барлық жағдай жасалуда.
Елбасы «Қазақстан-2050” Страте­гиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси
бағыты” атты Жол­дау­ында, «біз ұлт денсаулығын жақ­сарту ісінде едәуір
ілгерілеуге қол жеткіздік. Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін
оны ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыру жұмысы рефор­ма­ланды” деген болатын.
Бүгінде ден­саулық сақтау саласының ал­дын­да тұрған ауқымды меже Елба­сының
Жарлығымен бекітілген «Денсаулық сақтау саласын да­мы­тудың 2011-2015 жылдарға
ар­налған «Саламатты Қазақстан” бағ­дарламасын іске асыру. Бұл мақ­сатта республика көлемінде, соның
ішінде біздің өңірімізде де нақты жұмыстар жасалуда.

Мәселен,
ағымдағы жыл­дың алғашқы тоқсанында об­лыс бой­ынша мақсатты индика­тор­лардың
оң нәтижеге жеткені бай­қалады. Атап айтқанда, орташа өмір сүру ұзақтығының
70,2 жасқа дейін ұза­руы, жалпы өлім көрсеткішінің 1000 адамға шаққанда 5,2
болуы, ана өлімінің 100000 жаңа туылған нәрестеге шаққанда 0-ге төмендеуі, сәби
өлім-жітімінің 1000 жаңа ту­ылған нәрестеге шаққанда – 15, ту­беркулезбен
аурушаңдықтың 1000 тұрғынға шаққанда – 23, 15-49 жас аралығында АИТВ 0,002
болып тір­келуі анықталды.

Еліміздің
болашағы ана мен бала денсаулығына қатысты де­сек, бұл орайда, яғни, ана мен ба­ла
денсаулығын нығайту мақса­тында облыс көлемінде бірқатар жұ­мыстар атқарылуда.
Атап айт­қанда, үстіміздегі жылы облыс бой­ынша арнайы жұмыс жоспары қа­былданса,
жүктілікке қарсы көр­сеткіштері бар әйелдер және экст­рагенитальды аурулары бар
жүк­ті әйелдердің мониторингі өт­кізіліп, олар қатаң қадағалануда. Сон­дай-ақ,
критикалық жағдайдағы ден­саулығы төмен жаңа туылған нә­рестелер
жөнінде де күнделікті мониторинг жасау жолға қойылған.

Саланы
қаржыландыру да жыл сайын бірнеше есеге артып ке­леді. Мысалы, 2013 жылы 24
млрд. теңге бөлінсе, 2014 жылға 30 млрд. теңге қаралып, өткен жыл­мен
салыстырғанда бөлінген қар­жы 25 пайызға артып отыр. Бұл орай­да ең бірінші
кезекте барлық ем­деу алдын алу ұйымдарын ха­лық­аралық стандарттарға сай меди­циналық
құрал-жабдықтармен жаб­­­дықтап, жаңа нысандармен то­лықтыру көзделуде. Биылғы
жы­лы Қызылорда қаласындағы 200 орындық перинаталды орталық, Қар­­мақшы,
Тереңөзек, Жалағаш ау­­дандарындағы ауысымына 250 ке­лушіге арналған
емханаларға, Арал ауданында бір ауылдық ем­хананы және ауысымына 30 ке­лушіге
арналған 10 дәрігерлік амбу­латория құрылысын аяқтауға, со­нымен бірге,
көпсалалы облыстық балалар ауруханасын бастауға жә­не Қазалы кентіндегі
емхананың жобалық құжаттамаларын жасауға, облыстағы емдеу мекемелерінің ма­те­риалдық-техникалық
базасын толықтыруға 2 млрд. теңгеден ас­там қаржы қаралған. Оған қоса, емдеу
алдын алу ұйымдары мен санитарлық авиация қызме­тін жан­­дандыруға 91 дана
маман­дан­дырылған санавтокөлік алуға да қаражат бөлінген.

«Саламатты
Қазақстан” бағдар­ла­масының түпкі мақсаттарының бірі – аурудың алдын алу және
ау­руды ерте сатысында анықтау. Осы орайда тұрғындарды скринингтік тексеруден
өткізу, сол арқылы та­былған ауруды
емдеу жолға қойы­луда. Қазіргі уақытта қан айналымы ауруларына, қант
диабетіне, сүт безі, жатыр мойны қатерлі ісігіне, глаукомаға байланысты, артық
сал­­мақ бойынша скринингтік тек­­се­рулер жоспарланып, түр­лі ауруларды дер
шағында ауыз­дықтауға мүмкіндік тууда. Биылғы жылға облыс бойынша 290337 тұр­ғынды
тексеруден өткізу жоспар­ланса, қазірдің өзінде белгіленген меже 40 пайызға
орындалған.

Скринингтік
тексерулерді жүр­­гізуде өткен жылы алынған үш жылжымалы медициналық ке­шен­нің
көмегі көп. Арал, Жа­ңақорған аудандарында және об­лыс­тық медициналық
орталықта орналастырылған кешен білікті мамандармен толықтырылып, 65 шалғай
елді мекенге барып, 171939 тұрғынды қамтыды, олардың 54480-іне консультативтік
көмек көр­сетілді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Денсаулық сақтау
саласында түйткілді мәселелердің бірі ретінде тұрғындар үшін стоматологиялық
көмек алу қиындығы тұрғаны белгілі. Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен
қажетті қаржы бөлініп, облыс орталығынан мемлекеттік стоматологиялық емхана
ашылды. Бүгінде осының нәтижесінде ме­ре­ке және демалыс күндері ере­сектер мен
балаларға шұғыл сто­матологиялық көмек көрсету жолға қойылды.

Үстіміздегі
жылдың бірінші тоқсанында ат­­қарылған жұ­­мыстар ре­ті осындай, алда
атқарылуға тиіс шаруалар легі мұнан да салмақты. Мәселен, 2020 жылы облыстың
денсаулық сақтау саласы бойынша өңірде
тұр­ғын­дардың өмір сүру ұзақ­ты­ғын 71 жасқа жеткізу, жалпы өлім көрсеткішін
25 пайызға, ана өлімін 1,5 есеге, сәбилер ше­ті­неу­ін 1,5 есеге, туберкулезбен
бо­ла­тын өлім көрсеткішін 15 пай­ызға төмендету көзделуде. Бұл мақ­сатта
облыстағы 190 ем­деу-ал­дын алу мекемесінде қыз­мет ат­қа­ратын 16 мыңнан аса
ме­ди­цина қызметкерлері көмекке кел­мек. Оның екі мыңнан астамы жо­ға­ры
білімді дәрігерлер болса, же­ті мыңның үстінде орта буын қыз­меткерлер. Орайы
келгенде ай­та кетейік, облысқа 100-ге жу­ық ма­манның қажеттілігі сезі­леді.
«Дип­ломмен – ауылға!” бағ­дарламасы бойынша соңғы үш жыл­да 123 дәрігер елді
мекендерге орналастырылса, мамандардың бі­лік­тілігін көтеру мақсатында да ау­қымды
жұмыстар атқарылуда. 2013 жылдың өзінде
1000-ға жуық дә­рігерлер жақын және алыс шет­ел­дерде, еліміздің жоғары кли­никаларында
білімін жетілдірді.

Облыс медицина
саласын дамы­ту, тұрғындардың саулығын сақтау, оларға сапалы медициналық көмек
көрсету біздің басты міндетіміз. Бұл бағытта облыс дәрігерлері, ай­мақтың ақ
желеңді абзал жандары аянбай еңбек ете береді деп нық сеніммен айтамын.

 

Сәкен СЕРҒАЗИЕВ,

облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін
атқарушы.

 

МАҚСАТЫ АЙҚЫН ОРТАЛЫҚ

 

Облыс айнасының
бірі – облыстық медицина орталығының Сыр халқының денсаулығын ны­ғайтуға қызмет
жасап тұрғанына бір жарым ға­сырдан да асып кетті. Бастауын сонау 1853 жылы
алғашқы лазареттен бастаған ұйым жылдар еншісімен бірге өсіп, өркендеп келеді.

Облыстық
деңгейдегі емдеу мекемесін 1949-1957 жылдар аралығында басқарған Әкірам Сәлімұлы
Ыдырысов бірінші рет күрделі оталарды жасады. Одан кейін 19 жыл басқарған
Шәдібай Нұрғазыұлы Абдуллаевтың, 1976-2003 жылдары Тұрғанбай Маханов
ағаларымыздың тұсында өрлеу кезеңдерін бастан кешірді. Тұрғанбай Маханұлының
сеп болуымен облыс басшылығымен бірлесе отырып, келер ұрпақтың несібесіне
кереметтей орталық тұрғызылды.

1998 жылы
көпсалалы аурухана орталық болып қайта құрылып, ел игілігіне берілді. Арада өткен 16 жылдың өзінде
облыстық медицина орталығы жылдам дамыды. Орталық жанынан жоғары медициналық
көмек көрсететін бірнеше орталықтар ашылды.

Еліміздің алға қойып отырған басты міндеттерінің бі­рі
– отандық медицинаның дамуы, халыққа көрсетілетін қыз­меттің сапалы да
қолжетімді болуы. Бұл тұрғыда Елба­сының
Жолдауларында денсаулық сақтау саласының ха­лықаралық деңгейден қалып
қоймай, әлемдік тәжірибелерді енгізуіне жол ашуды көздейді. Кәсіби мамандықтар
қыз­метіне инновациялық шараларды ендіру өндірістің өр­кен­деуіне,
бәсекеге қабілетті болуына жол ашады. Соң­ғы
жылдардағы еліміздегі көп векторлы (интенсивті, инновациялық)
экономикалық дамудың үдерістерінен
медицина саласы да қалыс қала алмайды. Сондықтан меди­цина саласын экономикалық
тұрғыдан бәсекеге қабілетті, өзіндік қаржы табу арқылы, тұрғындарға медициналық
қызмет көрсетуді сапалы деңгейге жеткізу мақсаты тұрды. Қызылорда облысы әкімдігінің 2009 жылғы
шешімімен медицина орталығы
шаруашылық жүргізуге құқығындағы
мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып қайта құрыл­ды. Орталықтың қазіргі
төсек қоры 780 орын, оның 705-і мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасайды. 75 төсек орын ақылы қызмет көрсетеді. 63 мамандық бойынша меди­циналық және
дәрігерлік қызметке мемлекеттік лицензия берілген. Бүгінде медицина орталығы
өңірдегі тиімді медициналық құрылғыларды қолдана отырып, жоғары мамандандырылған
медициналық көмек көрсететін бірден-бір көпсалалы орталық. 200 дәрігері,
500-ден аса ортабуын, барлығы 1000-нан аса қызметкері бар орталық жылына 18
мыңнан астам науқастың алғысына бөленеді.

Елбасының
тікелей тапсырмасымен 2009 жылы бар­лық өңірде кардиологиялық орталықтар
ашылған бола­тын. Медицина орталығы жанынан құрылған осындай ор­та­лықта
емдеудің тиімді тәсілдері арқылы 200-ге тар­та жоғары мамандандырылған оталар
жасалып, мың­да­ған жан сауығып кетуде. Кардиохирургиялық орта­лық­тың мамандары әлемнің жетекші елде­рі­­­нен тәжірибеден өтіп келіп,
науқастарды емдеу, диаг­ностикалау
бағытында клиникалық іс-тәжірибесінде осы
саланың ең үздік тәсілдерін, жаңалықтарын енгізуде. Мәселен,
кардиоинтервеционды хирург-дәрігерлер Нұрлан Исмаилов, Роза Таймановалар 2011
жылдың өзінде 738 ко­ронарография жасап, оның 326-да коронарлы артерияға стент қойылды. Ми-қан тамырлары
ауыр науқастарын эндоваскулярлы емдеу
әдістері енгізілді.

Хирургиялық сала
бойынша (хирургия, урология, ги­не­кология, лор, травматология, нейрохирургия)
ма­ман­­дары эндоскопиялық оталарды енгізіп, толық игер­ді. Соң­ғы 2 жылда
жоғары технологиялық кіші инва­зия­лық эндоскопиялық оталар 2 есеге көбейді. Көз ау­ру­ла­ры бөлімінде факоэмульсификация ота жасау әді­сі ен­гізілді.
Урологияда төменгі және жоғарғы зәр жол­да­ры реконструктивті пластикалық
оталар, бүйрек, зәр жолдары тастары науқастарына жасалатын күрделі ота­лар
жасалынуда. Уретраның тарылуы, зәр жолдары, ісігі­не, қуық асты безі кеселдерін емдеуге кіші инвазивті эндо­скопиялық ота жасау енгізілді.

Облыстық
медицина орталығының тек емдеу мекемесі ғана емес, ғылыми-инновациялық
жобаларды игеретін және білім деңгейін, бәсекелестік ортаны қалыптастыратын
кешенді тәсілдерді енгізетін орта болуы тиіс.

2014-2016 жылдарға
арналған «Арал аумағы тұрғын­дарының денсаулық жағдайын жүргізудің кешенді тә­сіл­дері»
бағдарламасы бойынша үкіметтен 317 млн. теңге қаражат бөлінгені белгілі.
Бағдарлама барысында еліміздегі жетекші ғылыми клиникалармен бірлесе отырып,
облыстық медицина орталығының базасында түрлі ғылыми тексерулер жүргізіліп,
тұрғындарға нақты медициналық көмектер көрсетілуі қолға алынады.

Жоғары
мамандандырылған медициналық көмек, оқу базасы, заманауи медициналық
құрал-жабдықтар мен техникалар, бір жүйелік ақпараттық алмасулар, ор­та­лықтандырылған
жедел зертханалар, шаруашылық не­гіз­дері қалыптасқан медицина орталығы халықаралық стандарттарға сай келетін
денсаулық ұйымы. Сондықтанда қазіргі уақытта халықаралық патент алу мақсатында
тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін мәртебеге ие болсақ, денсаулық
кластерін құруға мүмкіндік артады.

Біздің алға
қойған мақсатымыз – еліміздің өркендеуі,
білімді ұрпақ, салауатты халық болуы тиіс. Осы мақсатқа жету жолында
облыстық медицина орталығының қызметкерлері жұмыла жұмыс жасайтын болады.

Мұрат ТЕЛЕУОВ,

облыстық
медицина орталығының директоры.

 

«ҚАРАҚҰМНЫҢ” ІЗБАСҚАНЫ

Таңертең ертелетіп Қызылордадан шығып, Арал ауданын бетке алдық. Жол таңдамайтын жеңіл көлік жүйткіп-ақ келеді. Түсті иектеп Аралға жетіп, аудандық ауруханаға соғып, алдағы жоспарларымызды талқыладық.

Біздің баратын жеріміз Аралдан 120 шақырым қашық орналасқан «Қарақұм” елді мекені екен. Осы елді мекенде 30 жыл табан аудармастан тұрғындарға медициналық қызмет көр­сеткен Ізбасқан Толыбаевпен танысып, ол кісі туралы тереңінен білмекшіміз.

Арал аудандық ауруханасының бас дәрігері А.Асан­баевтың Ізбасқан Жәнетұлына берген мінездемесінде 1979-1982 жылдар арасында Қызыл­орда медициналық училищесін «фельд­шер” мамандығы бойынша бітіріп, ал­ғаш­қы еңбек жолын облыстық жүйке жүйелері ауру­ханасынан бастағандығы айтылады. 1984 жылы «Қарақұм” дәрігерлік амбулаториясына ауысқан, яғни өз еліне қызмет етуге бел буған.

Отыз жылда ауыл тұрғындарын сауықтырып қана қоймай, малдың жайы­мен көшіп жүретін көрші Жез­қазған, Ақтөбе, Қостанай өлкесінің малшыларына да көмекке келген.

«Қарақұм” елді мекені тұрғын­да­рының орналасу айма­ғы 150-170 ша­қырым ара қашықтықты құрайды. Дәрігерлік амбулатория «Ерімбет жа­ға”, «Көк аша” және 65 жеке қожа­лықтарды аралап, медициналық жәр­дем, профилактикалық көмек береді. Дәрігерлік амбулатория қарамағында 2500 мыңнан аса тұрғын тіркелсе, оның 615-і туу жасындағы әйелдер, 14 жасқа дейін 805 бала, 1 жасқа дейінгі 42 сәби бар. Соңғы 10 жыл көлемінде ана мен сәби өлімі көрсеткіші тіркелмеген.

2013 жылы ауылға жаңадан дәрі­герлік амбулатория салынып берілді. Барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Осында қызмет ететін 1 аға дәрігер, 13 медбике жаңа ғимаратта қуана еңбек етуде.

«Саламатты Қазақстан” мемлекет­тік бағдарламасы аясында және Ден­сау­лық сақтау министрлігінің бекіткен бұйрықтарына сәйкес, жіті коронарлы синдромы бар науқастардың ем­дік алгоритмі, туберкулезбен күрес, он­ко­логиялық аурулардың алдын алу, ана мен бала денсаулығын ны­ғайту, скринингтік тексерулер мен диспансерлік есепте тұратын нау­қас­тарды жоспарлы емге жатқызу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жолға қойылған.

Әдейілеп іздеп барған фельдшер Ізбасқан жеке қо­жа­лықтарды аралап жүр екен. Кезекті сапарына шық­пақшы көрінеді. Арнайы жасақталған медициналық топ, барлық керекті зат­тарын жедел-жәрдем көлігіне ти­еп алды. Өздері көңілді, жол бойы өлең айтып, қара жол­ды қақ жарып келеді. «Қарақұм” елді мекенінен 120 шақырым қашықтықта орналасқан малшы ауылға келіп, отбасы мүшелерін медициналық тексеруден өткізді. Жас­қа толмаған сәбидің денсаулығын жіті тексеріп, отба­сы мүшелеріне обаға қарсы екпе жасады. Отағасы Аманжан Мыңжасаров бізбен әңгімесінде, медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

– Соңғы жылдары дем жетпей алқынып қаламын, есепке алып қойған. Ізбасқан «кезегіңіз келді, емделесіз, ауданға жүріңіз”, «мына дәрілер тегін” деп, уақытылы келіп тұрады – деп ағынан жарылды.

Отыз жыл туған топырақтың ті­нінен ажырамай, елге қызмет жасаған Ізбасқан Жәнетұлының тамыры терең­ге кеткен. Төрт баласы, 3 немересі желкілдеп өсіп келеді.

Біз қоштасарда, «өз айтарыңыз бар ма?” деп сұрадық. Әйтпесе екі күн жүргенде ашылып сөйлеп, ағынан жарылғанын көрмедік. Тек ел іші Ізбас­қан десе, бар ырзалығын төгіп-ақ тұр.

Ол күліп тұрып, «Сексен мың қойы, он мың жылқысы, он бес мың сиыры мен түйесі көшкен Қарақұмды – қарағым десе, болмай ма, туған топырақ төсі мен үшін жұмақ” – деді.

 

Нұржамал ТҰРСЫНБАЕВА,

облыстық денсаулық сақтау

басқармасының
баспасөз хатшысы.

 

МЫҢ АЛҒЫС САҒАН, АБЗАЛ ЖАН

Қаланың батыс беткейінде орналасқан «Талсуат” елді мекенінде 2012 жылы ашылған мүгедектерді оңалту орталығы осы уақытқа дейін 2000-нан астам адамды оңалтып қатарға қосты десек, артық емес.

«Алтын шыққан жерді белден қаз” дегендей, бірінші рет жатқанда аз да болса өзгеріс болып, оңалуға бет бұрған мүгедектер екінші рет жатып жағдайлары әлдеқайда жақсарып, өмірге деген үміттері оянып, бұл мекемеге алғыстарын жаудыруда. Ғимарат ішіндегі тазалығы, төрт мезгіл тамағы, дене шынықтыру жаттығулары, қолдан берген массаждары, сумен емдеу бөлімдері ғимаратының адамға деген құрметі мен қызметі көңілден шығады.

Оңалту орталығының осындай дәрежеде халық көңілінен шығып, алғысқа бөленуі мекеме басшысы Мейрамбек Әбдікәрімовтің іскерлігінің жемісі деп білеміз. Сонымен қатар қызмет көрсету аясында жұмыс істеп жатқан бірнеше дәрігерлер мен аяжандар, әлеуметтік қызметкерлер және санитар тазалаушылардың атын айтпай кету мүмкін емес. Олардың қатарынан жоғары санаттағы дәрігер Сабыр Мал­бағаров, Зәмзәгүл Сматова, Ақнұр Кенжебаевалардың кеңесі жұртшылыққа әрдайым дайын. Мекеме қызметкерлері Жазира Нұрмағанбетова, Жұлдызай Сүйіндікова, аға мейірбике Айнұр Садуақасова, қатардағы мейірбикелер Шолпан Қалымбетова, Бақыт Қалданова, тазалыққа қатты күш салатын Анар Жүсіпбекова, Айсұлу Ибраева, тамақ істеу және тарату ісінің шебері Ләззат Нұрғалиева, Жанар Басанова, свет, су массаж дене жаттығуының шеберлері Шәрипа Жайдариева, Алма Досмамбетова, Қатира Бейсенбаева, Әсет Исабеков, Ермұхамбет Тәуірбаев, жан сезімін тербетіп, тәнге тәтті музыка әрекетімен қуат беріп жүрген Зоя Үсенбаеваның еңбегі зор.

Біздер оңалту қызметін алып жатқан мүгедек және қарттар осы кісілерге өзіміздің сүйікті басылымымыз – об­лыстық «Сыр бойы” газеті арқылы алғысымызды білдіріп, рахметімізді айтқымыз келеді.

Мұқан ПІРМАНОВ,

ІІ топтағы мүгедек.

Ақарық елді мекені,

Жалағаш ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз