ӘДІЛДІК ЖОЛЫНАН АЙНЫМАҒАН

59

0

Мемлекеттік биліктің үш тармағының бірі – сот жүйесі. Ол азаматтар мен түрлі ұйымдардың құқығын, бостандығын және заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етеді. Оның әділ де қара қылды қақ жара билік айтуы еліміздегі демократиялық құндылықтардың қандай дәрежеде жүзеге асырылып жатқандығын айқын аңғартады. Бұл орайда сот төрелігін жүзеге асыратын судьяның кәсіби біліктілігіне, тараптарды тыңдаған кезде таразы басын тең ұстап, әрбір адамның тағдырына асқан жауапкершілікпен қарайтын имандылығына көп нәрсе байланысты. Сонымен бірге судьяның Елбасы Жарлығымен тағайындалатынын ескерсек, сот барысында оның тек қана заңға бағынатынын,   күнделікті қызметте ғана емес, кәсіби әрі өмірлік жолда аса зор жауаптылық пен ержүректілікті талап ететін осы салада белсенді еңбек етіп жүрген нәзік жанды судьялар да аз емес. Солардың бірі – Гүлмира Ысқақова. 
Қазақтың Әлия мен Мәншүктей қайсар қыздарына тән батырлық үлгісін танытпаса да, бойына азаматтық ерік-жігер мен қайраттылық қасиеттер тұнған жан 1966 жылы көгілдір көктемде Қызылорда қаласында дүниеге келді. Жастайынан тәртіп пен білімге деген  зеректігімен көзге түскен ол еңбек жолын Сырдария аудандық сотында сот орындаушысы қызметінен бастаған. Алғашқы кәсіби қызметін үздік атқара білген Гүлмира Оспанқызы осында сот кеңесшісі болып, одан әрі облыстық әділет басқармасының сот орындаушылар мен приставтар департаменті директорының орынбасары лауазымын атқарса, 1999 жылдан аталмыш департаметтің заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, АХАЖ, нотариат саласында бас маман, халыққа құқық түсіндіру және заң қызметін көрсету бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 
Қай қызметте болмасын, жауапкершілік пен сенім үдесінен шыға білген білікті маман Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 13 сәуірдегі Жарлығына сәйкес Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы лауазымына тағайындалды. Әділдік жолындағы қайсыбір жауапты міндетті ойдағыдай атқара білген, кезіккен кедергілер мен қиындықтарды кәсіби шеберлікке сай еңсеріп, жетістіктерге қол жеткізген ол табандылық пен еңбекқорлықтың ерен үлгісін танытып келеді. Гүлмира Ысқақованың табаны күректей 30 жылдай еңбек жолы соған дәлел. Оның бойынан әркез ер азаматқа тән қайсарлық пен батылдық байқалып тұратынын әріптестері кейінгі толқынға өнеге етіп айтып отырады.  Былтыр судья Гүлмира  Ысқақова 3 мыңның үстінде әкімшілік іс қараса, ай сайынғы орташа жүктемесі 200-ге жетіп жығылады екен.
Облыстық сот төрағасының 2012 жылғы 16 шілдедегі өкімімен Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына әкімшілік істер жөнінде базалық сот мәртебесі беріліп, Гүлмира Оспанқызы осы базалық соттың төрайымы болып бекітілген. Бұл жаңа құрылым аудандық және оған теңестірілген сот cудьялары мен кеңсе меңгерушілерінің, сондай-ақ сот кеңсесі қызметкерлерінің кәсіби біліктілік деңгейін арттыруға негізделген. Базалық сот бағытындағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыра білген біздің кейіпкеріміз аудандық және оған теңестірілген сот судьялары мен жаңадан тағайындалған судьяларға әдістемелік көмек көрсетіп, кеңсе меңгерушілерін, мұрағатхана мамандарын және басқа да сот мамандарын тағылымдамадан өткізу, сонымен бірге құқық қорғау органдарымен бірлесе іс-шаралар өткізуге атсалысып келеді. Судья Гүлмира Ысқақоваға базалық соттан басқа қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының баспасөз қызметі де жүктелген. 
Қызметтегі әділ жүректі ару отбасында әйел-ана екендігін де ұмытпаған ибалы келін. Екі баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған Гүлмира Оспанқызы шаңырақта отағасына адал жар, ұрпақтарына аяулы ана. Ол судьялық еңбек жолында әділдікті ту етіп ұстанып, құқықтық-сот саласының алға ілгерілеуіне үлес қосса, отбасында, достары мен әріптестері арасында қазақтың қайсар да батыл қызы деген құрметке лайық екендігін танытып келеді. Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз