ДІН ДІҢГЕГІ – ИМАНДА

71

0

Адамзат өмірінің тарихын дінсіз және діни нанымдарсыз елестету мүмкін емес. Қайбір заман болмасын, адамзат өзінен тыс әлдебір күш бар екеніне сенгені анық. Сондықтан да дін мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде қоғам өмірінде дүниетанымдық, тәрбиелік, біріктірушілік, қарым-қатынастық секілді өзіндік қызметтер атқарып келеді. Бұл қызметтер негізінен қоғам өмірінің рухани саласына қатысты. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Абай, Шәкәрім секілді даналарымыз өз еңбектерінде адамның өз ішкі дүниесін түсінудегі және жоғары адамгершілік-рухани қасиеттерді игерудегі діннің тәрбиелік маңызын ерекше атап өтті. Сонымен бірге, осы үдеріс негізінде көптеген дәстүрлі емес діндер де пайда болды. Олардың қалыптасу кезеңі негізінен ХХ ғасырдың ортасын қамтиды. Олардың қызметіне сәйкес қоғамдық діни санада түрлі әлеуметтік қайшылықтар орын ала бастады. 
Демократиялық құндылықтарды, сөз бостандығын, діни сенім бостандығын дұрыс түсінбеу, заңымыздың солқылдақтығы дәстүрлі емес діни ағымдардың елімізде орнығуына қолайлы жағдай тудырды. Тек соңғы уақыттарда ғана еліміз кеткен қателіктердің орнын толтыруға әрекет жасап отыр. Мұндай маңызды іс-шаралар қатарына дін мен діни сенім туралы жаңа заңның жарық көруін, діни бірлестіктер мен діни конфессияларды қайта тіркеуден өткізуді атауға болады. Соның нәтижесінде, еліміздегі діни бірлестіктер саны едәуір азайып, он жеті діни конфессияны құрайтын 3088 діни бірлестіктер мен олардың филиалдары қайта тіркеуден өтті, діни конфессиялардың 60 пайызы, діни бірлестіктердің 32 пайызы қысқарды. 
Ал, біздің облыс бойынша  өткен жылдың 25 қазанына дейін 17 діни конфессияның 4531 діни бірлестігі болса, тіркеуден кейін барлығы 6 конфессияны құрайтын 150 бірлестік қайта тіркеуден өтіп, жұмыстарын жалғастыруда. 
 Облыс халқының саны 725 900 адам, оның 96 пайызын  қазақ ұлты құрайды. Облыс халқының 60,5 пайызы қалалық жерлерде, 39,5 пайызы ауылдық елді мекендерде тұрады. Бұл көрсеткіштер облыста мұсылман дініндегі тұрғындардың басымдығының заңдылығын айқындайды, өйткені қазақ халқының дәстүрлі ұстанып отырған діні – Ислам діні. Осы тұрғыда облыс аумағында ислам атын жамылатын теріс пиғылды діни ағымдардың таралу қаупі жоқ емес. Өйткені, бұл ағымдардың басқа батыстық дәстүрлі емес ағымдардан ерекшелігі, оларды дәстүрлі исламнан ажырату қиын. Олардың өкілдері тіркеуден өткен мешіттерге еркін кіре алады және өз уағыздарын  жүргізе алады және өз сөздерінде құран сүрелерінің, хадистердің сөздерін мысалға келтіреді. Сонымен бірге, аймақтағы барлық мешіттер түгелдей тіркеуден өтті деп толық сеніммен айта алмаймыз. Соңғы онжылдықта өз әкесі, атасы, бабасының атынан мешіт салдырушы кәсіпкерлеріміз көбеюде. Бірақ, сол мешіттердің барлығында ұлттық діни санамызға сәйкес келетін «Ханафит» мазхабындағы исламның ілімдері уағыздалып жатқанына толық сенім жоқ. Осы тұрғыда әр ауылдағы, әр елді мекендегі мешіттер қызметін тексеріп, олардың идеялық бағытын анықтау қажет. 
Сондықтан, тіркеуден өтпеген немесе өтуге тырыспаған дәстүрлі емес діни ағымдар өз жұмысын толығымен тоқтатты деуге әлі де ерте. Елбасымыз өзінің дәстүрлі Жолдауында бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұрғандығын ерекше атап өтті. Атап айтсақ, жалған діни ағымдардың жастар санасы үшін үлкен қауіп төндіріп отырғанын, оларды сүзгіден өткізетін мықты діни сана қалыптастыруымыз қажеттігін, бұл діни сананың, ең алдымен еліміздің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келуін айта отырып, діни экстремизм мен терроризмнің шынайы болмысын ашып, онымен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның дайындалуын тапсырды. Діни экстремизм мен терроризм тек біздің ел үшін ғана емес, бүкіл қоғам өміріне қауіп төндіруде. Сондықтан онымен күрес тек бір елдің аумағында ғана жүргізілмеуі қажет және бұл кешенді іс-шаралардың жүйелігін қажет етеді. Ең алдымен, бұл теріс құбылыстардың көрініс беру формаларын ажырату, олардың шынайы бейнесін ашу қажет. Өйткені, қазіргі күні олар дәстүрлі діндердің атын жамылып, көлеңкесін паналауда. Осыған байланысты, олардың негізгі ерекшеліктерін, идеялық ағымын ашатын күрделі зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Екіншіден, олармен күресетін мемлекеттік органдар жұмысын үйлестіру керек, өйткені, көп жағдайда бұл мемлекеттік органдар бір-бірінің жұмыстарын қайталайды. 
Елбасымыз атап өткендей, еліміз дамудың жаңа сатысына аяқ басты. 2050 жылға дейінгі еліміздің экономикалық, саяси-әлеуметтік, мәдени дамуының стратегиясы, бағыты, бағдары айқындалды. Осы тұрғыда зайырлы мемлекетіміздің дами беретіндігіне, қоғамымыздағы тұрақтылықтың бұзылмауына, ұлтаралық келісімнің мызғымауына сенім мол.
Болат ӘПЕНОВ, 
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік  университетінің аға ғылыми қызметкері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз