Дінің тұрсын дін аман

283

0

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын елең-алаң уақыт деп алсақ болатын секілді. «Қалай ел боламыз, мемлекетті қай бағытта дамытамыз, экономиканы қайтсек түзетеміз, әлеуметтің әлеуетін қайткенде арттыруға болады?» деген мәселелерге басымыз қатты. Жолын іздедік. Өз даңғылымызды жасағымыз келді.

Осындай ауқымды істермен әбігер боп жатқанда Қазақстанның ашық-шашық шека­расына түрлі діни көзқарастың дәнегін арқала­ған миссионерлер жетті. Арып-ашып, азып-то­зып жатпаса да, таршылық көрген талай адам миссионерлер берген аз-кем ақшаға дінін айырбастап алып жатты. Кейбірі тура жол сол екен деп имандай сенді. Жетпіс жыл атеистік қоғамда өмір сүріп, «Құдай жоқ», «Дін – апиын» деген ұғымды санасына әбден сіңіріп алған бәзбіреулер Хақтың жолынан адасып, миссионерлердің жетегінде кетті. Қысқасы, Азат­тықтың елең-алаңындағы аласапыранда талай адам сеңдей соғысып әртүрлі діни көзқарасқа иланғаны шындық еді.

Ата жолымыз Ислам дінінің де түрлі тармаққа бөлінетінін сонда білдік. Әзелден Әбу Ханафия жолын ұстанып келген қазақ жеріне салафит те, құранит те, басқа да көзқарастағы діни ағымдар ағылды. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде «Ислам діні 73 тармаққа бөлінеді. Бірақ соның біреуі ғана тура жолға бастайды» деген екен. Сол секілді Ислам дінінің түрлі тармақтары жетіп, жұрттың өзі абдырап қалғандай кезең болған. Шындығында, кей бауырлар әлі күнге дейін әр сөзіңнен «Құдайға серік қосу» сипатын іздеп отыратыны жасырын емес. Келіннің сәлем салғанын «ширк» деп шап ете қалғанды көрген де шығарсыз. Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақы салт-дәстүрді Жаратқанға қарсы келу ретінде көрсеткісі келетіндерді де білерсіз. Ата-бабаңның басына барып бет сипағанды артық
санайтындар да бар екен. Айтып-айтпай не керек, бабалар жүрген бағзы жолды
теріс санап, оларды адасушылардың қатарына апарып қосып қойғандар болды.
Осындай кездерде Қазақстан Мұсылмандары діни бірлестігінің «Дін және дәстүр» жылын
жариялағаны жүрекке жылылық сыйлады. Бұрнағы күні Бас мүфти Ержан қажы
Малғажыұлының «Хабар» арнасындағы «Көзқарас» бағдарламасына берген сұхбатын
тыңдадық.

– Қазақтың дәстүрі дінмен астасып кеткен. Біздің
халықтың адам туғаннан өмірден өткенге дейінгі аралықта жасалатын ырым-тыйымдар
мен салт-дәстүрінің бәрі Ислам дінімен қабысып жатқанын байқаймыз. Одан бөлек,
қазақ мақал-мәтелдерінің астарынан Құранның я болмаса Пайғамбар хадисінің
мағынасымен байланысып жатқанын аңғаруға болады. Дәстүрсіз дін болмайды.
Сондықтан дін мен дәстүрді бір-бірінен бөліп қарай алмаймыз. Осы мақсатта
арнайы «Дін және дәстүр» жылы деп жариялап, жұртшылыққа кеңінен түсіндіруге
талпынып жатырмыз,– деді Бас мүфти.

Сондай-ақ, сұхбат барысында Қазақстан Мұсылмандары
діни бірлестігінің Астана қала­сына көшкенін, Елордада жұмыс істеп жатқанын да
білдік. Саяси-экономикалық, мәдени-әдеби, жалпы қазақ қоғамына қатысты барлық
шешім қабылданатын қалаға діни бірлестіктің көшуі де қуантады.

Қажылық кезінде мүфтият 30 имамды сапаршылардың қатарына
қосып, оларға уағыз айтып, қажылықтың қыр-сырын түсіндіретіні де айтылды. Ең
бастысы, қажылыққа барған адамдарға арнайы дәрі-дәрмек сатып алып, дәрігер
қосатынын да сауапты істің қатарына қосар едік. Біріншіден, жолда денсаулығы
сыр берген адамға дәрігер дер кезінде көмектесе алады. Екіншіден, шет елдік
дәрілерді танып-білемін дегенше уақыт өтіп кетуі мүмкін. Сондықтан дәрі-дәрмегі
қоржынында болса, науқасты емдеп алу да оңай болмақ.

Ержан қажы Малғажыұлы сұхбат бары­сында «Қарттар
үйіне» жиі баратынын да айтты. Қамкөңіл, өзі өсірген баладан өгейлік көріп,
тағдырдың тауқыметін тартып жүрген қариялардың жағдайын біліп, оларды сәл де
болса алдандыру да жақсылық қой. Сондай бір сәттерде «Қарттар үйінен»
құрқылтайдың ұясындай бөлмеден үлкен кісілердің намазхана ашып алып, құлшылық
қылып жатқанын көреді. Іштей риза болады. Қажылық сапарға байланысты сауал
қояды. Сонда қариялар «мынандай күйде отырып, қажылыққа қалай барамыз. Қасиетті
сапар туралы армандаудың өзі артық біз үшін» деген сыңайда сөз қозғайды. Содан
бастап Қазақстан Мұсылмандары діни бірлестігі «Қарттар үйіндегі» қарияларды өз
есептерінен қажылыққа жіберуді дәстүрге айналдырыпты. Міне, бұның өзі адамды
тебірентетін, ерекше толқытатын дүние емес пе?!

Бас мүфтидің сұхбатын үлкен ыждағат­тылықпен көріп
шыққанымызды жасырмаймыз. Екеуара әңгіме кезінде дін мен дәстүр туралы,
мүфтиаттың атқарып жатқан жұмыстары жайлы, алдағы бағыт-бағдары хақында кең
көлемде ақпарат алдық. Алла разы болсын!

Ержан БАЙТІЛЕС,

журналист.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз