ДОС МҰРАТЫ

299

0

Қазақстан
Республикасы Парламенті Мәжілісінің
2 және 3 шақырылымының депутаты Әбдіжәлел Бәкір туралы

Әбдіжәлел Бәкір Айдарлының тумасы.
Кіндігі осы ауылдың Құмшығанақ деген жерінде байланған. Қазіргі атауы Қарақұм.
Әбдіжәлелдің түп нағашысы Қалымбет пен менің атам Сарымбет екеуі бірге туған.
Жәкеңнің менен төрт айдан астам үлкендігі бар. Ол, менің Астанадағы ағайым болды.

Біздің дүние есігін ашқан уақытымыз
адамдардың тісін санап жас шамасын анықтайтын заман-тұғын. Халықтың сауаты өте
төмен. Оның үстіне араб әрпінен, латын әрпіне, одан соң осы күнгі кириллицаға
ауысып жатқан астаң-кестең дүние, «Сорлының маңдайы, сопақ астаудай” деген
мәтел екінің бірінің аузындағы сұрықсыз дүниенің анықтаушысы болған сұрқай шақ
еді. Жығылғанға жұдырық дегендей біз еңсемізді енді көтерген шақта екінші
дүниежүзілік соғыс басталды. Әкелеріміз соғысқа кетіп, қанмайданда қаза тапты.
Шешелеріміз түнде бар да, күндіз жоқ. Еңбек майданында. Мен әжем Назбибінің, ал Әбдіжәлел нағашы
әкесі Ахметтің тәрбиесінде болды.

Біздің балалық шағымыз 1940 жылдардың
екінші жартысында өтті. Ол кез сұрапыл соғыстың соңғы жылдары мен соғыстан
қираған қалаларды, күйзелген елді мекендерді қайта қалпына келтіру кезеңі
болатын. Соғыс салған ауыр жараның асқынып тұрған шағы еді.

Сол кездегі қоғамның ең негізгі
арқасүйер күші – ауылдағы кемпір-шал, жесір қалған қатын-қалаш, бала-шаға,
бірен-саран бір қолы немесе бір аяғы жоқ соғыстан қайтқан жаралылар ғана.
Ауылдағы бар жұмыс қолмен атқарылады.

Елдегі ең қуатты шаруашылық құралы пар
өгіз жеккен төрт доңғалақты екі арба. Одан басқа күш көлігі басшылар мінетін
3-4 ат бағымда тұратын. Ол кездегі барлық күнкөрістің көзі халықтың қолындағы
бірді-екілі ірі қара, үш-төрт уақ мал еді.

«Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс
үшін” деген ұран сол кезеңнің басты бағдары еді, ең арғысы қолдан тоқылған
киім-кешекке дейін Отан қорғау қорларына жіберетін. Осы күнгі өмір сүріп
отырған ұрпаққа түсініксіз, тіптен қажеті жоқ бұл әңгімелерді біздің адам болып
қалыптасуымыздың бастауындағы тарихи кезеңдер болғаннан соң қағаз бетіне
түсіруге тура келді. Біз сонда да болса ойнап-күліп өстік. Ал соғыс өрті
шарпыған бүкіл Еуропа елдерінің балалары күлмек түгілі жылауға да шамасы
келмей, оққа байланып, қырылып жатқан тірі жанды дозаққа айдаған заман еді ол.
Мектепке бірге бардық. Ерте есейдік. Жәкең мұғалімдікті таңдады, мен ауылға
келіп механизатор болдым. Кейін комсомол, партия қызметтерінде қатар істедік.

Әбдіжәлел жастайынан білімге құштар
болды. Мектеп табылдырығын аттамай тұрғанда-ақ атасы Ахметтен үйренген 20-30
атасына дейінгі шежірені жатқа айтатын. Бабалары Басбақ батыр, Сопбек әулие
туралы әңгімелерден хабары мол, естігені мен көргені, жадына тұтқаны көп
болатын. Ата тәрбиесінің аясында есейген ол жастайынан сырбаз, естияр адамдай
кісілік қалпы бар, даналыққа құштар, арманшыл, бейнетқор болып өсті. Көп оқыды.
Мәскеуде оқып бойын түзеді. Көпті көрді. Небір ғұламалардан дәріс алды,
дүниежүзілік адами өркениеттің дамуының қыр-сырына қанықты. Сол арқылы өзінің
алдына қойған мақсаттарына жетудің жолдарын айқындады. Облысты басқарып отырған
ағалармен қоян-қолтық араласып, бірге жұмыс істеді. Аймақтағы саяси-ағарту саласы
бойынша біртуар білікті тұлға болды. Ел, халықтың жай-күйін ұқты. Оның
өсіп-өркендеуінің жанашыры, халықтың көзайымына айналды.

***

2003 жылдың басында жолым түсіп Астанаға
бардым. Астана болғалы бері бірінші рет көруім. Бұрындары іссапармен, немесе қыдырып
дегендей бірнеше рет барғанмын. Бірден көзге ұратыны ұлттық дүние-танымның
тарихи айшықтары қала сәулеті мен көркіне әсерлі өң бере бастаған екен. Қазіргі
қаладағы түбегейлі өзгерістердің ең алдымен саған ұқтырары осы сияқты. Бұл,
әрине, өз алдына бір тақырып.

Негізінен айтайын дегенім, ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты Бәкір Әбдіжәлелмен кездесуім туралы еді. Әбдіжәлелдің
қызмет бөлмесі Мәжіліс Үйінің жетінші қабатында екен. Мен барған күн демалыс
болатын. Кең отырып сөйлесуге уақыт жеткілікті болды. Тыңдағаным халық
қалаулысын бүгінгі таңдағы толғандырып жүрген мәселелер – Мемлекеттік тіл
туралы, ҚР Конституциясының қазақ тіліне дұрыс аударылмауы, қазіргі ауылда
тұратын халықтардың тұрмыс жағдайының проблемалары, жер туралы заң жобасы
төңірегінде болды.

– Қайбір халық болмасын өз тілін
дәріптемей, оны асқақтатпай кете алмаған. Өйткені туған тіл – сол халықтың
тағдыры, рухани барометрі. Асылы, тіліне қарап халықтардың әлеуметтік болмысын
тану қиын болмаса керек. Алайда мәртебе берілгеніне 10 жылдан асса да, ана
тілімізге мемлекеттік көзқарас жеткілікті емес. Ең алдымен мемлекеттік
тіліміздің қазақ мектептеріндегі оқытылу жағдайы төмен. Оның үстіне қазақ
мектептерінің жетімсіздігінен республикадағы барлық қазақ балаларының 22 пайызы
орыс мектептерінде оқиды. Көптеген орыс мектептерінде қазақ тілінің маманы жоқ.
Осы орайда екі рет Парламенттік тыңдау өткізілді. Біріншісі, 2000 жылғы 26
мамырда «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” ҚР заңының орындалу барысы
жөнінде. Екіншісі, 2002 жылғы 24 мамырдағы «Республикадағы білім берудің
жай-күйі мен даму болашағы” жайлы.

Шіркін, мектептердегі қазақ тілі
мұғалімдерінің қатарында өз тілін тамаша білетін, ұлттық ойлау жүйесі жетілген,
тілі оралымды да әсем, ойы ұшқыр да терең, шебер де шешен сөйлей алатын майталман
тілшілер мен әдебиетшілер көбірек болар ма еді. Соны армандаймын. Бұл имандай
шыным, – деп тебіренді Әбдіжәлел тіл туралы әңгіме қозғалғанда. Сыңайы осы
мәселелердің Парламентте қаралуына да өзі тікелей мұрындық болған сияқты.

Мемлекеттік тіл тағдырына алаңдап, үнемі
мәселе көтеріп жүретін Әбдіжәлел заңдардың қазақ тіліне дұрыс, қазақша әдеби
ойлау, сөйлеу жүйесімен аударылмауын қынжыла отырып әңгімеледі.

Әңгіме елдің әлеуметтік жағдайы мен
ауылды өркендету және жер иеленудің жаңаша құқықтары төңірегіне ауысқанда
депутатты толғандырып жүрген мәселелер сол ауыл адамы менің де көкейімде жүрген
ойлардың күйін толғағандай болды. Қорытып айтқаны – адам өзін қоршаған ортаның,
яғни өзі өмір сүрген қоғамның қыры мен сырын жетік білсе ғана жемісті еңбек ете
алады. Топырақтың құнарын дұрыс пайымдай алмай тұрып мол өнім алған диқанды,
өрісінің жөн-жобасын білмей тұрып малын қоңды қылған малшыны кім көріпті.
Әрине, қай істе болмасын мол тәжірибе, аса біліктілік керек. Заңды ұсынушыға
да, оны қабылдаушыға да қойылар талап біреу. Ол – біліктілік. Тілің де, ділің
де, дінің де, ата-салт дәстүрің де, саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайың да
осының аясына жатады. Бұларсыз өркениетті елдер қатарында терезеңді тең ұстау
мүмкін болмас еді, – деп толғайды Жәкең.

Айтылатын әңгіме көп. Парламент үйіндегі
депутаттың жұмыс бөлмесінің үлкен терезесінен қаланың күнгей беттегі оңтүстік
өңірінің жартысы түгелдей көрініп тұр. Қай нәрсені де биіктен көріп-танып
білгенге не жетсін?! Жәкеңнің туған елі – байтақ Қазақстанның бүгіні мен ертеңіне
байланысты айтқан ойлары мен пікірлері баурап алады. Біз өмір сүріп отырған
ортаға мүлдем ұқсамайтын басқа орбита, басқа биіктік, басқа ойлау жүйесі,
физика тілімен айтқанда қым-қиғаш механикалық жұмыс, химиялық тілмен айтсақ
сөзді, сөздік механизмді синтездеу. Яғни, бүкіл қазақ халқының ақыл-ойы мен
ар-ожданының, іс-әрекетінің өмір сүру тәсілдерін жасаушы заң шығарушы орган –
Парламенттік лаборатория. Осындай ойлармен Парламент үйінен тысқа шықтық. Дала
қақап тұр. Күн суық. Айта беретін желтоқсанның қасқа бораны. Ертең жаңа жыл.

Сол 2003 жылды Жәкеңнің үйінде
Толғанайдың дайындаған дастарқанының басында отырып қарсы алған едік.

***

Астана – Қызылорда жолаушылар пойызы.
Таң атқан, күннің шапағы вагон ішін нұрландырып тұр. Терезеден сырттағы
көріністерге еріксіз көз саласың. Жер-Ана аппақ көрпесін жамылып бар тіршілікті
бауырына басып алғандай бұйығы кейіпте. Табиғаттың мынау сиқырлы сыры сенің де
санаңа шайдай ашық ақ сәулесін түсіргендей, қиялыңды әр тарапқа жетелейді.
Астанада өткен екі күн. Жәкең кабинетіндегі әңгімелер: ғасырдан ғасырға ауысып
жатқан қоғам мен қоғамның, адам мен адамдар ара-қатынастарындағы шешімін күтіп
тұрған проблемалар.

Жер аппақ. Аппақ көрпесін жамылып алған.
Жүйрік пойыз. Жүйрік ой. Уақыт одан да жүйрік. Аясы кең вагон терезесінен қар
жамылған қыраттар мен алыстағы биік тау сілемдері көрінеді. Пойызбен алғаш рет
осыдан 50 жыл бұрын оқу іздеп Алматыға келгенім есімде. Онда жаз айы еді. Жер
беті жап-жасыл, бар тіршілігін бүкпесіз жайып салып, көздің жауын алатын, ғажап
сұлу болатын.

Бұл жолмен кімдер жүрмеді десеңші. Әр
дәуірдің айтып аңызға бергісіз қызығы мен шыжығы бар. Қуанышты күндері мен
азапты күндері де көп болған. Арғы жағын айтпай-ақ көзін көрген қарт адамдардың
басынан кешкендерінің өзі үш ғасырдың тарихы. Менің өзім де үш ғасырдың адамы
сияқтымын. Өзім көзім көріп өнегесін алып, небір тарихи әңгімелерін естіген
атам ХІХ ғасырдың адамы, әкем болса да ХХ ғасырдың тумасы. Мен ХХІ ғасырдағы
осылардың жалғасымын.

Мына қазақтың кең даласының бауырына
басып жатқан сырлары арғы аталарым өмір сүрген дәуірге жетелейді. Сонау ақтабан
шұбырынды, алқа көл сұламадағы босып бара жатқан қайран жұртым, қазағымның
кейпі келеді көз алдыңа. Бірінен соң бірі пойызбен жарысып келе жатқан қыраттар
сол бабалардың ізі мен сүйегі қалған әр дәуірдің ескерткіштері тәріздес. Менің
түпкі атам Торыдан тараған Иманжүсіптің, Жаназар, Құдайменді (Көкмұрын), Басбақ
батырлардың салған жолдары мен қалған іздерін көргендеймін. Мына таулы, қыратты
шексіз кең даланы солардың пейілі мен ақыл-ойының, құшағының ауқымы кеңдігіне
ұқсатамын. Қайран дүние кімнің басынан өтпеді десеңші.

Пойыз бірсыдырғы зуылдап, жүйткіп
келеді. Анда-санда доңғалақтары сартылдап, жолаушыларды жайлап тербетіп қойғаны
болмаса жанға жайлы. Бірінші күн өтті. Екінші күннің таңы да атты. Оңаша ой –
оңаша отау. Астанадағы ең биік үй – Парламент үйі. Қазақстан халқының ақыл-ойын
саралап, сарапқа салатын, мемлекеттік құрылымдардың ара-қатынасы жүйесін
жасаушы, жаңа заманның киелі ордасында отырып айтылған әңгіменің жалғасы ойға
оралады.

– Қазақстан Республикасы кәсіби
Парламентінің қалыптасуының кезеңі басталды, – дейді Әбдіжәлел Қошқарұлы. –
Алайда саяси серпіліс егемен еліміздің әрбір азаматын түгел қамти алмай тұр.
Осы бағытта, қоғамымызды саяси оятуда халқымыздың тікелей өкілдерінің басын құрап
отырған Парламенттің қосар үлесі ерен екені даусыз, – деп сөз сабақтайды.

Жәкең ойлары тым тереңде жатыр. Бүгінгі
іс басқарып жүрген кейбір азаматтардың ұлттық
санасының жартыкештігінен секем алатын сияқты.

– Еліміздегі кез келген ұлттың мүддесі
болсын, игілігі мен діні болсын, қазақтың мүддесінен, игілігі мен ділінен
анағұрлым артық қорғалса да басқа тілдегі ақпарат құралдары отқа май құйып
жатады. Мынаны қараңыз дейді Жәкең: – Қазақстандағы 1636 газеттің 390-ы, 682
журналдың 68-і ғана ұлттық тілімізде жұмыс істейді. Егемен мемлекетпіз.
Етек-жеңімізді бүгін жинамағанда қашан жинаймыз? Жаһандану тұр жұтып қойғалы.
Осы ретте айтуға тура келеді. Қазақ өз ұлтын сүйіп, ұлт мүддесін ойлай қалса,
сонысын ұлттар достығына сызат түсірді, – деп жазғырғысы келетіндер де жоқ
емес. Адами қасиеттер – халыққа қызмет ету, ұлтының азаматы болу, ұлт жолында
өмірін сарп ету нағыз абыройға бөлейтін
дүниелер осы, –деп түйіндейді ол.

Осындай үзік-үзік ой жетегімен отырып
Қызылордаға да келіп жеттім. Кейін Әбдіжәлел Бәкірдің бұл айтқан әңгімелеріне
байланысты мемлекеттің ең өзекті мәселелері «Тәуелсіздік тағдыры”, «Қазақстан
Республикасы кәсіби Парламентінің қалыптасуы” деген атаумен екі томдық кітап
болып бас­падан шықты. Саяси ғылымдарының докторы, профессор атақтарын иеленді.
Байтақ Отанымыздың Астанасында Айдарлының бір жұлдызының жанып тұрғанына
марқайып мен де арқаланып ауылға жеттім.

P.S. Әбдіжәлел Қошқарұлы үстіміздегі желтоқсан айының
жиырма үшінші жұлдызында 75 жастың асқар асуынан асады. Өзінен гөрі өзгенің
қам-қаракетін көбірек ойлайтын оның біраздан бергі ой-арманы осы биыл
орындалғандай. Байырғы Ботабай каналының аяғын созып, туған ауылы Айдарлыға
алып келсем деген арманы жүзеге аспақшы. Қазір бұл жөніндегі жұмыстар қызу
жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы 23 шақырым, оның ішінде тыңнан түрілетіні 18
шақырым келетін канал құрылысын облыстық су шаруашылығы мекемесінің екі
экскаваторы мен екі бульдозері қарқынды жүргізіп жатыр. Сәтін салса, ол жаңа
жыл қарсаңында толық аяқталады. Осының баршасына бас-көз болып жүрген Әбдіжәлел
Бәкірге жерлестері, ауыл азаматтары дән риза. Лайым, осынау жомарт жүректі
жанды жаратушы әманда қолдап, жақсылықтарымен жарылқай бергей.

Қалдыбек АЙТБАЙҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз