ДОСТЫҚ

59

0

 ҰЛТ БАТЫРЫ РУХЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Сейсенбі күні корей халқының ұлт батыры Хон Бом Доның зиратына гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді.

Биыл облысымыздағы корейлер ассоциация­сының құрылғанына ширек ғасыр толып отыр. Осыған орай аталмыш қоғамдық ұйымның мерейтойлық шарасы өткізілді. Оған еліміздің Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Тараз қалаларынан келген құрметті қонақтар қатысты.

Мәдени күндер салтанатына ортақтасу үшін ат арытып жеткен мәртебелі меймандардың бір тобы корей халқының даңқты ұлдарының бірі – Хон Бом Доның мәңгілік мекені басына жиналып, құрмет көрсетті. Шарада сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Георгий Кан, Қазақстан корейлері ассоциациясы республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Денис Ким достық пен татулықты ту еткен қызылордалықтарға шынайы лебіздерін білдіріп, Қазақстанның кемел келешегін қалыптастыру жолында сүбелі үлестерін қоса беретіндерін жеткізді.

Қызылорда корейлері ассоциациясының 25 жылдық мерейтойлық шарасы кешкілік Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрындағы салтанатты концертке ұласты.

 

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

ДӘСТҮРІН ДӘРІПТЕП, БОЛМЫСЫН ПАШ ЕТТІ

 

ДОСТЫҚЖуырда облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық корейлер ассоциациясы ұйымдастыруымен «Алекс» би-өнер мектебінде «Арымдаун Хангуго» (әдемі кәріс тілі) байқауы болып өтті.

Кәріс тілін меңгеру мен олардың салт-дәстүрлерін көрсету, сондай-ақ, ұлттық киімдерін кию секілді үш кезеңнен тұратын сайыста №7мектеп, №3 мектеп-лицейі, №198 мектеп, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхананың оқырмандары мен «Надежда» шіркеуі және Қызылорда корейлер ассоциациясы командалары бақ сынады. Сайыс барысында қатысушылар үш тілде өздерін таныстырып, барынша кәріс ұлтының дәстүрлерін көпшілікке паш етті. Ұлттар достығы мен татулығын, Отанға, тілге деген құрметтерін көрсете білген командаларғадизайнер, сәнгер Бэла Юн, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың кәріс тілі оқытушысы Ким Джи Ын мен облыстық корейлер ассоциациясы төрағасының орынбасары Вилорий Шин қазылық етіп, өздерінің әділ бағаларын берді. Байқаудың нәтижесінде №198 мектептің командасыжеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді.

 

М.САТЫБАЛДЫ.

 

КОРЕЙ
ДИАСПОРАСЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ

Бүгінде Сыр елі – көптеген ұлтқа қоныс болған, ұлттар арасындағы бірлік
пен татулықты сақтап отырған аймақтардың бірі. Ешқайсысын бөліп-жармай,
барлығына теңдей қарайтын өлкеде біршама ұлт өмір сүруде. Олардың әрқайсысының
ұлттық дәстүріне, мәдениетіне, тіліне барлық жағдай жасалған. Сондықтан
өңірімізде тұратын әрбір ұлттың құндылықтары қашанда маңызды, алар орны ерекше
болмақ.

Қазіргі таңда облысымызда ең көп қоныстанған ұлттардың бірі – кәрістер.
Биыл Қызылорда облыстық корейлер ассоциациясының құрылғанына 25 жыл толады.
Қазіргі сәтте Қызылорда қаласында корейлер диаспорасының мәдени күндері өтуде.
Осыған орай, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында республикалық
мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының концерті болды. Шараны
тамашалауға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Өздерінің ұлттық
дәстүрлерін паш еткен кәрістер шара барысында музыкалық комедия жанрындағы
театрландырылған қойылым қойып, жиылған көпшіліктің көңілін бір серпілтіп
тастады. Сондай-ақ, Ш.Қалдаяқовтың әндерінен попурри жасаған «Премиум» квартеті
мен театр артисі Олег Юн салған «Жан сырым» әні де көпшіліктің көңілінен шықты.
Осылайша, қазақпен етене араласып кеткен кәріс халқы өз өнерлерін көрсету
арқылы жиылған жұртқа жақсы көңіл-күй сыйлап, әсем ән, өрнекті бимен тербетті.

М.ОТАРАЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз