ДӘРІГЕР ДИДАРЫ

283

0

КСРО және ҚР-ның денсаулық сақтау ісінің үздігі, екі
бірдей мамандық бойынша жоғарғы санаттағы білікті дәрігер Нағашыбай Халықұлов
жайлы сыр-сипат.

Ойды ой қозғайды. Сөзден сөз туады. Міне, міне…
Алматының «Ғылым» баспасынан 2011 жы­лы орыс тілінде жарық көр­ген «Өмір үшін»
(Во имя жизни) анықтамалығын ашып қалдым. Және мұнда Қа­зақ­стан Республикасы
бойын­ша денсаулық күзетіндегі озат­тардың конкурс арқылы іріктеліп алынғаны
баса айтылыпты.

«Ал… Бізден
кім бар екен?” деп кітапты парақтай түстім. 179-бетке келгенде өзіме та­ныс
есімге тап болдым. Ол – Халықұлов Нағашыбай
Алда­ныш­ұлы еді.

 

***

Сол Нағашыбай
Халықұлов дә­рігермен 1989 жылдың та­мыз айының 8-10 күндері «Бө­ген» жерінде
көзбе-көз ұшы­расып қалдық. Осы күні КСРО денсаулық министрі, ака­демик
Е.И.Чазов Арал қаласына кел­ді. Бірсыпыра әлеуметтік ны­сандарды көргесін
«Бөген» ауы­лына соғатын болды. Ака­демиктің жанында облыс бас­шысы
С.Шаухаманов, респуб­ли­ка денсаулық министрі Т.Ізмұ­хамедов, облыстық
денсаулық бөлімінің меңгерушісі Е.Омаров, Арал аупарткомының хатшысы
Б.Ақпанбетов және облыстық «Ле­нин жолы» газетінің меншік­ті тілшісі ретінде
ұшаққа отыр­ған 12-нің бірі болып, мен де ака­демикпен сапарлас болдым. Те­ңіздің
суы қайтқан. Теңіздің бұ­рынғы деңгейі
13,3 метрге төмендеп, судың тұздылығы 26,9 пайызға артқан тұсы еді. Сыр­дариядан
жұрт жаяу өтіп жа­тыр. Осыны өз көзімен көрген Одақтық министр «Әттеген-ай!»
дегендей басын шайқап отырды. Ұшақ «Бөген» ауылына қонды. Бірсыпыра нысандарға
кіріп шығып, ауылдық ауруханаға бас сұқты. Аула ішінен екі жерге үлкен клумба
(гүлдер егілген үй­ме топырақ) жасалып, гүлдің не­ше түрін жайнатып қойған
екен.

Министр:

– Ау-у, мұнда да
осындай та­маша гүлдер өседі екен-ау, – деді Ернияз Омаровқа қарап.

– Евгений
Иванович, қалау­ын тапса, қар жанады деген,
эко­логиялық апат аймағында тұрса да, аурухана ауласын оазиске
айналдырған мына бас дәрігер Халықұлов пен аға медбике Еле­се­еваның еңбегі
ғой, – деді оларды академикке таныстырып.

– Айтыңызшы,
жолдас дәрі­гер, – деді министр Халықұловқа, – ауылда аурудың қандай түрлері
кең тараған?

– Балалар
арасында жедел ішек аурулары, ал ересектерде ви­рустық гепатиті (сары ауру) ба­сым,
– деді Нағашыбай Алда­нышұлы.

– Ал, оны азайту
үшін не істеу керек?

– Бұл аурулардың
таралуы ті­келей ауыз суға байланысты, сондықтан да халықты ең әуелі са­палы
ауыз сумен қамтамасыз ету қажет деп ойлаймын.

– Ым… М, солай
деңіз!

Аурухана іші
мұнтаздай та­за, әрі жатар орындары да жұ­тынып тұр екен. Аға медбике Вера
Елесеева да акедемиктің бірсыпыра сауалдарына тұшым­ды жауап берді. Бұларға
разы болған министр көмекшісіне бұ­рылып:

– Екеуінің
аты-жөнін жазып қойыңыз, – деді.

***

Н.Халықұлов
Бөген учаскелік ауруханасын басқарған 12 жыл (1978-1990 жылдары) ішінде үл­кен
тәжірибе мектебінен өтті. Ол ауылдық дәрігер барлық са­ла бойынша мамандану
қажет еке­­нін жете түсінді. Мәселен, хи­рургпін деп, азқазан сырқатын емдеуден
бас тарта ала ма? Жоқ, олай ете алмайды. Сол се­беп­ті де күні-түні оқуына, із­денуіне
тура келді. Қиналған, қы­сылған тұстары көп болды, бірақ әр кез жол таба білді.
Түс­ке дейін ауруханада, түстен кей­­ін емханада сырқаттарды қа­былдады. Жүз
шақырымдық шал­ғайдан қалаға сандалтпай, жеңіл-желпі отаны өзі жасады. Үйдегі
науқастарға шақыру да ешбір толастаған емес. Ауруханаға Қа­рашалаң, Көне Бөген,
Аққұлақ, Аманөткел, Хан, Көктем елді ме­кендері қарайтын-ды. Оларды да
оқтын-оқтын аралап, емдеу-профилактикалық шараларды ұдайы жүргізіп отырды.
Эколо­гиялық апат аймағының кіндігі саналғандықтан да мұнда пар­тия, кеңес
қайраткерлері жиі со­ғып тұрды. Н.Халықұловтың Қа­зақстан Министрлер Кеңесінің
төрағасы Н.Назарбаевпен, С.Құ­ба­шовпен, Е.Әуелбековпен, М.Ша­­ха­новпен,
министр Т.Ізмұ­ха­медовпен, В.Брынкиндермен қол алысып, аурухананың жағ­дайынан
толық хабардар етті. Е.Әуелбековтің пәрменімен 1988 жылы жаңа аурухана са­лын­ды,
М.Шаханов санитарлық автокөлік алуға
ықпал етті.

Учаскелік
аурухананың тұр­ғындарды емдеу көрсеткіші жыл­дан-жылға арта түсті. Бұл же­тістіктері
ескеріліп 1986-1987 жылдары Бөген учаскелік ау­ру­ханасы қатарынан екі рет
облыстың ауыспалы Қы­зыл туына ие болды. Осы табыс­тар­дың бәрі таразыға түсіп елеп-екшеленсе керек, 1990
жылдың 21-мамырында Н.Халықұлов пен В.Елесееваға КСРО денсаулық министрі
Е.И.Чазовтың №162-Н бұйрығымен «СССР денсаулық ісінің үздігі» атағы берілгенін
баспасөзден оқыдық. Мұндай ірі құрметтің Одақтан келуі әркімге бұйыра бермейтін
бақыт еді.

 

***

Учаскелік аурухананы басқа­ру­дан рекорд жасаған Н.Ха­лық­ұлов
1990 жылы аудандық ау­рухананың бас дәрігерінің орын­басарлығына ауыстырылды.
Бө­­­ген­діктер қимай-қимай қош­­тасып,
есімі жазылған пар­­сы кілемін ескерткіш бол­сын деп сыйға тартты. «Осы кі­лемге
көзің түскенде жа­лын­ды жастық шағың, елдің рия­сыз алғысы ойыңа оралар» де­ді.
Айтқандай-ақ, әлі күнге дей­ін солай. Және бір он жыл өткенде, денсаулық сақтау
са­ла­сындағы реформаларға байла­нысты, жаңадан бой көтерген ау­дандық
емхананың бас дәрі­ге­рінің медицина бөлімі жө­нін­дегі орынбасарлығына тағайын­далды.
Осы қызметте ол тағы да соны қырынан көрінді. Бұл тұста барлық медициналық
ұйымдарды аккредиттеу басталған-ды. Ак­кре­диттеу-медициналық
қызмет көрсетудегі сәйкестігін анықтау, сараптау, тексеру еді. Жеті блок­тан тұратын емдеу мекемесі 1200-ге таяу
талапқа сақадай сай болу керек-ті. Аламат жұмыс бас­талды. Күні-түні дамыл тап­пады.
23 күн дегенде емханаға төрт жылға аккредиттен өтті деген сертификат берілді.
Атап өтерлігі, бірсыпыра аудандардың ғана емес, облыс орталығындағы медицина
ұйымдарының біразы аккредиттеуден өте алмай қалды. Н.Халықұловтың осындай білік­тілігі
есепке алынып, 2010 жыл­дың қорытындысымен «ҚР-ның денсаулық сақтау ісінің үз­дігі»
төсбелгісі омырауында жар­қырады. Бұл
оның алған екінші «Үздік» атағы еді. Ал 2011 жы­лы Н.Халықұловтың есімі «ҚР
денсаулық сақтау ісінің үз­ді­гі қызметкерлері» атты құр­мет кітабына
енгізілді. 1999 жыл­дан бастап гастроэнтеролог маман­дығына дайындықтан өтіп,
бұл жұмысты да қоса атқарды. 2005 жылдан терапия, 2007 жыл­дан әлеуметтік
гигиена жә­­не ден­саулық сақтауды ұй­ым­­дастырушы-дәрігер ма­мандық­тары
бойынша жоғары санатты біліктілік дәрежесіне көтерілді. Көрдіңіз бе, бір емес,
екі бірдей мамандықтан жүлдегер биігіне шығып отыр.

Қалаға ірге
аударғанына да ши­рек ғасырдай уақыт өткен, жалпы медицина саласында 37 жыл тер
төккен азаматты дәс­түрлі мерекесімен құттықтау ние­тімен бұрынғы жұмыс орны­на
хабарласқан едім, ондағылар:

– Халықұлов па?
Ол ағай құр­метті еңбек демалысында ғой, – деді.

КСРО және ҚР-ның
денсау­лық сақтау ісінің үздігі, екі бірдей мамандықтан жоғары санатты
біліктілігі бар Н.Халықұловтың да рахаттана демалуға құқығы бар-ды. Ж.Баласағұн
бабамыз «Істі білгенге тапсыр!» депті. Жұбайы Күнхияш та денсаулық күзетінде.
Төрт ұл-қызы да дипломды мамандар, әр салада қызмет етеді.

 

Шәкірат Дәрмағамбетұлы,

республикалық
дәрежедегі дербес зейнеткер,

журналист.

Арал қаласы.