ДӘУЛЕТІНЕ СӘУЛЕТІ САЙ БОЛСЫН

58

0

Замана талабына сай келбеті көріктене түскен ауданның бірі – Шиелі. Сексен мыңға тарта халқы бар бұл аймақта әр жылдары құрылыс жұмыстары  қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, аудан бойынша соңғы кезеңнің өзінде 10 әлеуметтік нысан құрылысы жүргізілсе, оның 7-і пайдалануға берілді. Шиелі кентіндегі 600 орындық мектептің құрылыс жұмысы өткен жылдың желтоқсан айында аяқталып, мемлекеттік қабылдау жұмыстары жүргізілді. Оның жобалық құны 807 млн. 870 мың теңге болса, жобалық құны 1 млрд. 616 млн. 873 мың теңге тұратын 1200 орындық мектеп ғимаратының құрылысы ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.  
Ауданның шеткі ауылдарының бірі Қосүйеңкі ауылынан 20 орындық балабақшасымен қоса, 50 орындық  мектеп пен Бірлестік ауылынан 100 орындық мектептің  құрылысы жүргізіліп, толықтай пайдалануға берілгендігі де бұл саладағы қарқынды жұмыстың барлығын аңғартады. 
Жыл басында Еңбекші ауылының тұрғындары да қуанышқа бөленді. Елді мекенде  300 орындық мектеп құрылысы пайдалануға берілсе, Бестам ауылынан 300 орындық мектеп құрылысына  252  млн. теңге қаржы қаралып,  құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. 
Кенттің орталығынан жобалық құны 1 млрд. 460 млн. теңге болатын 250 адамға арналған емхананың құрылыс-монтаж жұмысы 2012 жылдың қыркүйек айында басталса, былтырғы жылдың желтоқсан айында оның құрылысы толық аяқталып, мемлекеттік қабылдаудан өтті. Сол секілді Жақаев, Сұлутөбе ауылдарында салынған селолық дәрігерлік амбулаториясы ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді. Шиелі кентінде салынып жатқан жалпы сметалық құны 112 635 мың теңгені құрайтын «Біртипті модульді аудандық ветеринариялық зертхана» құрылысы да қазір  іске қосылды. 
Облыстық жұмылдыру дайындығы азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың  алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасы мемлекеттік мекемесі арқылы жобалық құны  283200 мың теңге болатын Сұлутөбе ауылындағы апатты жағдайдағы клубтың орнына жаңадан 240 орындық  ауылдық клуб құрылысына өткен жылы 40000 мың теңге бөлініп, құрылысы басталды. Бәйгеқұм ауылындағы апатты жағдайдағы клуб орнына 140 орындық клуб құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттама жасалып, бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды.
Өткен жылы «Қолжетімді тұрғын үй–2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 11200 мың теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен 2057 мың теңге қаржы қаралды. Оған Шиелі кентінің «Шұғыла» мөлтек ауданынан баспана алу кезегінде тұрған азаматтарға жалға берілетін бір пәтерлі 2 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, сол жылы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жаңадан тұрғындар қоныстанып жатқан елді мекендерге электрлендіру жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан орталығының «Арай» мөлтек ауданы мен Ы.Жақаев ауылының жаңа қоныстану аймақтарына республикалық бюджеттен қаржы қарастырылды. Онда қуаттылығы 400 квт.  және 250 квт.-тық 2 дана қосалқы станция орнатылып, жалпы ұзындығы 7,2 шақырым электр желісі тартылды.
Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету Елбасы бағдарламасына сай жүзеге асырылуға тиісті маңызды шаралардың бірі. Осы тұрғыда «Ақбұлақ»  бағдарламасының аясында тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, «Жиделі топтық су құбырының көтеру сорғы стансасынан Жөлек елді мекеніне дейінгі су құбыры, елді мекендерден бас су қабылдау қоймасы мен Жиделі топтық су торабына қосу және ішкі су құбырының құрылысы» жұмыс жобасына 2013 жылға 50 млн. теңге қаралып, қарқынды құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның құрамында 8 елді мекеннің (Досбол би, Алмалы, Тәжібаев, Бала би, Жөлек, Бәйгеқұм, Бидайкөл, Алғабас) ауыз су жүйесін толықтай жаңғырту жұмыстары қамтылған. Биылғы жылға 1123 млн. қаржы қаралып,  құрылыс-монтаж  жұмысы жалғасады. Осы қаралған қаржыға бірінші кезекте Бидайкөл мен Алғабас елді мекендерінің ішкі су құбырын жаңғыртып жыл соңына пайдалануға беру көзделуде. Сондай-ақ, Алмалы елді мекеніне дейінгі 8 шақырым болатын су  тасымалдаушы магистральді жаңғырту, Алмалы, Тәжібаев елді мекендеріне су тасымалдаушы тармағы мен бас су қабылдау қоймасының құрылысы жүргізіледі. Нәтижесінде жыл соңына 5 елді мекенге орталықтандырылған су құбырымен ауыз су беруге қол жеткізіледі.  
Жобалық құны 1270 млн. теңге болатын Жиделі топтық су құбыры құрамына енетін Шиелі қыстағында қыстақішілік 61 шақырым су құбыры желілерін қайта құрылымдауға республикалық бюджеттен 274 827 мың теңге, облыстық бюджеттен қоса қаржыландырумен 13972 мың теңге (барлығы 288 799 мың теңге) қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Айта кету керек, Шиелі кентінің 1 және 2-кезеңде су құбырын жүргізу барысында қалып кеткен көшелердің, «Арай» мен «Ақорда» мөлтек аудандарының ішкі су құбырлары да жүргізілетін болады. 
Саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында соңғы уақыттарда 10 елді мекенде спорт алаңдарының құрылыс жұмыстары аяқталды. Оған аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, тиімді игерілді.
«Шиелі кентінің тазалау ғимараты мен кәріз жүйесінің құрылысы» жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысын алу үшін облыстық бюджеттен 73 457 мың теңге бөлініп, жобалау-сметалық құжаттама жасалынды. Қазір оған мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жұмыстары жүргізілуде.
– Шиелі кентіндегі Ковтунов атындағы №252 мектеп ғимаратын қайта жаңғырту және қосымша құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды, – деді өз сөзінде  аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ахметәлі Сүйіндік. 
Бөлім басшысының айтуынша, үстіміздегі жылы Шиелі ауданында 9 әлеуметтік нысан құрылысы жүргізіліп, оның 5-і пайдалануға берілсе, кенттегі «Шұғыла» мөлтек ауданынан 12 бір пәтерлі жаңа тұрғын үй құрылысының басталуы тұрғындардың баспанамен қамтамасыз етілуіне өзіндік үлес қосып, елді мекеннің сәулеттене түсуіне игі әсерін тигізері анық.
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Шиелі ауданы. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз