Ең басты мақсатымыз – қоғамдық келісім мен тұрақтылық

90

0

Қоғамдық келісім институттарының жұмысын орнықтыруда Нағи Ілиясов ауылдық Қоғамдық келісім кеңесінің жұмыстары көпке үлгі. Кеңес бірлік пен тұрақтылық бағытындағы жұмысты жетілдіру, азаматтық белсенділікті арттыру, қоғам назарындағы мәселелердің тиімді шешу жолдарын бірлесе қарастыру секілді міндеттерді табысты іске асырып келеді. Олардың тәжірибесі республика көлемінде таратылып, насихатталуда. Біз де осы бағыттағы жұмыстармен жан-жақты танысу мақсатында Нағи Ілиясов ауылдық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Қуандықовпен тілдескен болатынбыз.
– Қоғамдық келісім кеңесі – татулықтың белгісі, ұйымшылдықтың көрінісі. Осы кезге дейін бөлек жұмыс істеп келген әртүрлі кеңестердің басын бір арнаға тоғыстырған ауылдағы кеңестің міндеті мен мақсатын баяндап берсеңіз.
– Тәуелсіздігімізді алған уақыттан бергі 25 жылда біз көптеген жағдайларды бастан кешірдік. Қай кезде болмасын, халқымыз ішкі алауыздық пен этносаралық тартысқа жол бермей, бірлік пен берекенің үлгісін көрсетті. Бұл – ең алдымен еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың этносаралық, конфессияаралық келісім негізінде қоғамдағы тұрақтылыққа бағытталған сындарлы саясатының жемісі. Ендігі жерде баршамыздың ортақ міндетіміз – бірлік пен берекемізді сақтау, соның негізінде экономика мен әлеуметтік саладағы бүгінгі жетістіктерімізді еселей түсу. Осы ретте Елбасының бірегей саясатымен республиканың барлық елді мекендерінде құрылған Қоғамдық келісім кеңестерінің этносаралық  тұрақтылық пен қоғамдық келісімді одан әрі нығайтып, ортақ мүддені сақтаудағы ролі зор.  
Ауылымызда Қоғамдық келісім кеңесі 2013 жылы құрылды. Осы уақыттан бастап Кеңес ауылдардағы келеңсіздіктердің азаюына, әлеуметтік мәселелердің реттелуіне, ауыл әкімдігінің тұрғындармен байланысын нығайтуға жұмыс жасауда. Тұрғындар көкейінде жүрген өзекті мәселелердің әкімдікке жетуіне ықпал етуде. Бұның өзі ауыл тыныштығын сақтауға, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты болуына ықпал етіп отыр.
– Қоғамдық келісім кеңесі құрылғанына біршама уақыт болды. Сол уақыттан бергі ауылда атқарылған игі тірліктерге тоқтала кетсеңіз.
– Қоғамдық келісім кеңесі құрылған уақыттан бері қарай ауылдың барлық жұмысына араласып, өзімнің ақыл-кеңесімді беріп келемін. Бәріміздің мақсатымыз бір, ол өлкеміздегі саяси ахуалдың тұрақты, тәртіп, діни ахуалдың дұрыс және мал ұрлығына тосқауыл болу секілді басқа мәселелер. 
Ең басты жұмысымыз – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Ол үшін бюджеттік мекемелерге қызметке алынатын кадрларды талқылап, келісім беріп отырамыз. Біздің келісімімізсіз ешкім жұмысқа алынбайды. Жұмыстан босату мәселесіне де араласамыз. Сондай-ақ, күнделікті ауыз су, аяқсу, тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына бақылау жасап, қадағалауда ұстаймыз. Ауылда болып жатқан келеңсіз оқиғаларды, ортасының тазалығына мән бермейтін тұрғындарды, құқық бұзушылыққа бейім келетін жастардың тілін тауып, ішкі күрделенген мәселелердің шешімін табуға атсалысып келеміз. Жалпы ауылдағы барлық маңызы зор жағдайды назарда ұстап отырамыз. 
– Өзіңіз айта өткендей, қарапайым халықты толғандыратын мәселелерді шешуге атсалысып жүрсіздер. Халық пен биліктің арасында көпір бола алдыңыздар ма?
– Әрине. Алайда, кейбір шешімін қажет ететін мәселелер ауыл әкімдігіне жете бермеуі мүмкін. Кеңес мүшелері күнделікті жергілікті тұрғындармен араласып, бірге жүргеннен кейін ол жағдайлар бізге жақсы таныс. Оны шешу жолдарын әкімдікке көрсетіп, өзіміз ұсынысымызды беріп отырамыз және бәрі де өз ретімен дұрыс бағыт алады. 
– Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов есімімен аталатын бұл ауылда шешімін таппай отырған нендей мәселелер бар? Соған тоқтала кетсеңіз.
– Біздің ауыл облыс бойынша ең көрікті абаттандырылған мекен болып табылады. Басқалар бізге қарап бой түзейді. Елбасының өзі «Барлық ауыл Нағи ауылындай болсын», – деп біздегі атқаралған жұмыстарға оң баға берген-ді. Ауылымыздың негізі 1966 жылы қаланған. Алғашқы құрылған жылдары мұнда халықтың саны аз болып, жұмыс қолы жетіспегендіктен, маман кадрлар сырттан тартылған екен. Осы себеппен ауылымызға түрлі этнос өкілдері келіп, орналасты.
Ауылдың негізгі кәсібі – күріш өсіру. Мұнда көшіп келген корей  халқы шаруашылықтың бір бөлімшесінің өзінде 1200 гектарға дейін күріш егіп, тапсырманы артығымен орындаған. Ал, механизаторлық пен құрылыс жұмыстарына келген орыс, украин, белорус, татар, қалмақ, шешен этностарының өкілдері бір кісідей тіл табысып, тату-тәтті жергілікті халықпен ынтымақтастықта еңбек етті, сыйласты. Осы дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Кеңес өкіметі ыдырап, тәуелсіздіктің алғашқы қиыншылық жылдарында олар ешқайда үдере көшкен жоқ. Бар қиындықты бізбен бірге көріп, тіпті құда-жекжатқа, туысқан-бауырға айналдық.  Қазіргі таңда 7 этнос өкілінің балалары қазақ мектебінде оқып, қазақша сөйлейді.
Дегенмен, барлық мәселе шешілді деп қол қусырып отыруға болмайды. Әлі де ауыз су мен аяқ су, тазалық, әрбір үйдің ауласын көріктендіру, тұрғын үйлерді қалыпқа келтіру, ауылдағы кейбір тұрмысы төмен отбасыларға көмектесу сияқты жұмыстар бар. Тіршілік болғаннан кейін күнделікті қиындықтар туындап отырады. Оны шешуге атсалысу біздің міндетіміз. Мұның өзі ел тыныштығын сақтауға, тұтастай ел бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес болары даусыз.
– Мемлекеттік басқару жұмысында әр елді мекендегі Қоғамдық келісім кеңестердің ықпалы мен әріптестігін арттыру қажет деп ойлайсыз ба? 
– Ауылдағы барлық мәселелерді ақылдасып кеңесіп шешкен дұрыс. Қазақ «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді ғой, «Саусақ бірікпей ине ілікпейді» деген де бар. Алдағы уақытта жергілікті өзін-өзі басқаруға көшуге байланысты Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы одан әрі күшеюі қажет. Ешкім сыртқа, сотқа құқық органдарына жүгірмей-ақ мәселесін ауылда шешіп отырса нұр үстіне нұр емес пе?! 
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алдағы уақытта да осы Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысын күшейтіп, беделін арттыру бағытында жұмыстар жүргізе беретін боламыз. Жас ұрпақтың бойында елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дамыту, жақ¬сылыққа, ізгі істерге баулу жұмыстарын ұдайы назарда ұстап отыру – басты парызымыз.  
Тыныштық, бірлік, татулық – бұл елдің тірегі. Сондықтан осы ұғымдардың ұрпақ санасында қалыптасуына аянбай еңбек етейік дегім келеді. 
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Сара АДАЙБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз