ЕҢБЕК КҮНІ ЕРЕКШЕ МЕРЕКЕ БОЛМАҚ

50

0

Қазақстанның кәсіби және өзге мерекелер тізімі жаңа мереке – Еңбек
күнімен толықты. Елбасы Н.Назарбаетың Жарлығымен қыркүйек айының соңғы
жексенбісі Еңбек күні болып жарияланғаны белгілі. Биыл бұл мереке алғаш рет
тойланғалы отыр. Осыған орай
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және
әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аманжол Алдажаровпен
әңгімелескен болатынбыз.

Алдымен мерекенің мәні мен маңыздылығына тоқтала кетсеңіз

– Біріншіден, барлық сала мамандары мен еңбек ардагерлерін алғаш рет той­ланғалы тұрған «Еңбек күні” мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Негізінен, Еңбек күні мерекесін ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, ҚР Кәсіподақ федерациясы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Еңбек күні мерекесі өз ісінің нағыз маманы болған, отбасылық кәсіпке айналдырған еңбек майталмандарын ұлықтау, кейінгі ұрпаққа насихаттау болып табылады. Сондықтан Елбасы Жарлығына сәйкес айтулы мерекені атап өту қолға алынды. Мерекеге орай Астана қаласының ұлттық мұражайында «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру” туралы тұңғыш рет республикалық еңбек форумы ұйымдастырылады. Онда барлық облыс қамтылады. Түрлі салада еңбек ететін үздік жұмысшылар «Еңбек Ері” медалі және басқа да номинациялармен марапатталатын болады. Сонымен қатар, еліміздің барлық аймағында бұл мереке жоғары деңгейде аталып өтіледі деп күтілуде.

– Аталған мерекенің басты мақсаты
неде деп ойлайсыз?

– Бұл мейрам еңбек адамының қоғамдағы
мәртебесін арттыруға, өндірістік қызметтерді ынталандыруға, жұмысшы
мамандықтарды насихаттау мен көпжылдық еңбек дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру шеңберіндегі
өндіруші еңбекті күшейтуге және жас­тар арасында жұмысшы кәсібіне деген
қызығушылықты арттыру, нығайту болып табылады. Сонымен қатар, жұртшылықты еңбек
ұжымдарының тыныс-тіршілігімен таныстырып, озаттары мен үздіктерінің ізгі
жолын, еңбек әулеттерінің өнегелі қырларын көпке үлгі ету, сол арқылы адамдарды
еңбекке баулып, ынтасын арттыру көзделген.

– Сыр елі ертеден-ақ, еңбекпен аты
шыққан мекен екені даусыз. Қай саласын алып қарасақ та, ілгерлеушілік
байқалады. Мұны атқарылып жатқан
жұмыстардан аңғаруға болады. Жалпы, бұл мереке біздің облыста қалай аталып
өтпек?

– Өңіріміз ақ маржан күрішімен белгілі.
Ол еңбеккерлердің маңдай терімен өсіріледі. Соңғы уақыттарда жаңа өндірістер
ашылып, облыс экономикасын дамытуда белсенді жұмыстар атқарылуда. Осы орайда
өңірімізде әр саланың тізгінін ұстап, оны отбасылық кәсіппен жалғаған еңбек
майталмандары көптеп кездеседі. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетсек. Мәселен, есімі елге мәлім теміржол саласында аянбай еңбек еткен Айтубай
Курбеновтер әулеті, олардың жалпы еңбек
өтілі 562 жыл болса, ата кәсіпті жалғаған отбасында 21 жан бар. Сондай-ақ,
облыстық су басқармасы саласында жалпы еңбек өтілі 145 жыл болған Садық
Оспановтар әулетін де атап өтуге тұрарлық. Тізе берсек өте көп.

Жалпы, облыста еңбек мерекесінің
іс-жоспары бекітіліп, түрлі шаралар ұйым­дастырылуда. Ал, 23 қыркүйекте
«Еңбек сабақтастығы” атты кең көлемде форум өтіп, онда еңбек
династиялары марапатталатын болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз