ЕҢБЕК МЕРЕКЕСІ – ЕЛДІҢ БЕРЕКЕСІ

349

0

Елімізде биыл тұңғыш рет
аталып өтіп жатқан еңбек күні мерекесі Қызылорда қаласында кең көлемде
мерекеленді. 

Даңғайыр диқан, екі мәрте
Социалистік Еңбек ері, Ыбырай Жақаевтың ескерткіші орналасқан  «Еңбек аллеясында» еңбек майталмандарына
арналып «Әлемнің әміршісі – еңбек» тақырыбында меркелік шара өтті.
Онда қала әкімінің
орынбасары Роза Боханова, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков қызылордалықтарды мерейлі
мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді, бірқатар еңбек әулеттерін
марапаттады.
Атап айтқанда – білім
саласында 50 жыл еңбек өтілі бар Жәкеновтер отбасы, спортшы Секиналар отбасы,
Социалистік Еңбек ері Ахмет Халықовтың еңбек жолын жалғаушы ауыл шаруашылығы
саласының еңбеккерлері Ахметовтер отбасы, отбасының алты бірдей мүшесі
денсаулық сақтау саласында еңбек ететін Әбішевтер әулеті, коммуналдық сала
қызметкері Сәкен Жонбаев, 20 жылдан бері ұсталықты кәсіп еткен Жұмабек
Ноғайбаевқа қала әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Бұл күні сондай-ақ, еңбек
ұжымдары арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, «Қызылор­дажылу-электрорталығы»,
«Су жүйесі», «Сыр суы», «Қызылорда тазалығы» секілді коммуналдық сала ұжымдары
мен білім мекемелері қызметкерлері және өрт сөндірушілер спорттың арқан тарту,
асық ату, гір тасын көтеру және қол күресінен бақ сынасты.
Нәтижесінде арқан
тартыста командалық есепте «Су жүйесі» мекемесі бірінші орынды иеленді. Гір
тасын көтеру бойынша өрт сөндірушілер жеңіске жетті. Яғни, Ермек Пазылов
бірінші орынды иеленді. Асық ату мен қол күресінен ұстаздар үздік шықты. Асық
атудан бірінші орынды №1 мектеп мұғалімі Нұрлан Тоқтаров жеңіп алса, қол
күрестен жүлделі бірінші орынға №218 меткептен Рүстем Әбді ие болды. Жарыс
жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталды.
Мұнан өзге, бұл күні
қаланың белсенді жастарының қатысуымен «Тағзым» алаңында мерекеге арналған
«Таза қала – таза аула» экологиялық акциясы өткізілді.
Қалаға қарасты кент және
ауылдық округтерде де мерекелік шаралар көптеп ұйымдастырылды. Мәселен, Қызылжарма
ауылында  «Еңбегімен ұрпаққа үлгі болған»
тақырыбында кездесу кеші өткізілді. Кездесуде ауыл жастары еңбек ардагері,
Батыр ана Жадыра Торғаеваның өнегелі өмірi, еңбек жолымен танысты. 
***
«Еңбек
күніне» орай Қазалы ауданында «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілді.

Жәрмеңкеде Қазалы
аудандық білім бөлімінің жетекші маманы М.Нағашыбаев, жұмыспен қамту
орталығының маманы Т.Жақсыбаев, «Жастарды қолдау орталығы» Қазалы аудандық
бөлімінің аға кеңесшісі Қ.Жиенқұлов, БК «Сине Мидас Строй» ЖШС маманы
Э.Айтжанова, «Рза транс» қызметкері Н.Мұсаева және «Қазалы-Құрылыс» ЖШС кадр
жөніндегі маманы М.Демеуовалар өз салалары бойынша оның ішінде мүмкіндігі
шектеулі жандарды жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде
баяндап, түрлі мамандық иелерін жұмысқа шақырды.
Жәрмеңке барысында оған
қатысушыларға 27 мекеме мен кәсіпорыннан, жеке кәсіпкерлерден 239 бос жұмыс
орны ұсынылды.
Нәтижесінде  5 жұмыссыз ақылы қоғамдық негіздегі жұмысқа
тартылса, «Сине Мидас Строй» компаниясынан 8 адам тұрақты жұмыс тапты. Ал 6
жұмыссыз аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы №234 мектепті күрделі жөндеу
жұмысына жіберілді.
***
«Еңбек күні» мерекесін
Жалағаш ауданы жұртшылығы да лайықты атап өтті. Осы күні аудан көлемінде
тұрмысы төмен отбасыларына арналған қайырымдылық шаралары өткізіліп, мектеп
оқушыларының еңбек озаттарымен кездесулері өткізілді.

Аға буын өкілдері
жастарға біздің қоғамда тек адал еңбек еткеннің ғана шынайы құрметке ие
болатынын айтып, оған түрлі мысалдар келтірді. Осы күні оқушылар аудан орталығындағы
элеватор мен «Талап» тігін цехында болып, өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен
танысты. Орталық алаңда баскетболдан жарыс өткізіліп, гір көтерушілер сайысы
өтті. Әр саладағы еңбек озаттары марапатталды. Шара соңы кешкілік жергілікті
өнерпаздар қатысуымен өткен гала-концертке ұласты.
***
Қармақшы
ауданында Еңбек күні мерекесі аясында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен
«Еңбегіне қарай құрмет, жасына қарай ізет” деген тақырыппен мерекелік кеш өтті.

Орталық алаңда өткен
салтанатты кешке аудан тұрғындары көп жиналды. Жосалы кентінің әкімі
Сақтапберген Медеуов құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімінің атынан 70, 75, 80,
85, 90 жасқа келген еңбек ардагерлерін мерейтойларымен құттықтап, құрмет
көрсетті. Аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы Қиясов, Шыңғысов, Жүнісов,
Жұматаев, Қойшыбаев, Ұзақбаев, Ахметов, Байғараев, Қауысов, Шайменалиев,
Абауовтар сынды ұстаздар әулетін, Нысынбаев, Қарғабаев, Қаржаубаев сынды
дәрігерлер отбасын, спортшылар әулеті Төремахановтарды, теміржол
қызметкерлерінің әулеті Хаматовтарды Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен
марапаттады. Еңбек саласында елеулі із қалдырған, өз сүйген мамандықтарына
балаларын баули білген отбасы қорғандарына ыстық ықыласын, жылы лебізін
жеткізді.
Ал білім бөлімі
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Жұлдызай Кетебаева зейнетке шыққан
ұстаздарға, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы
Владимир Шерғазин дәрігерлерге сый-сияпатын жасады. Шара соңында аудан
ардагерлерінің жас ұрпаққа, жас мамандарға аманат тапсыру рәсімі болды. Аудан көркемөнерпаздары
ән мен жырдан шашу шашып мерекенің ажарын аша түсті.
***
Сырдария ауданында да
«Еңбек күні» мерекесі өз мәнінде аталып өтті.

Кент және ауылдық
округтер, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар ғимараттары, орталық алаңдар
мерекеге сай  безендірілді.
Елбасы бастамасымен алғаш
рет өткізіліп отырған халықтық мереке аудандық мәдениет үйінде «Ата кәсібін
мұра еткен ұрпақ» атты салтанатты жиынға жалғасты. Шара барысында денсаулық,
білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы, құрылыс, спорт  салаларындағы еңбек әулеттері аудан әкімінің
алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты жиналыс  аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне
ұласты, отшашу ұйымдастырылды.
Сенбі күні кент және
ауылдық округтерде, барлық мекемелерде «Аудан – ортақ үйіміз», «Аула тазалығы –
деннің саулығы» атты сенбіліктер ұйымдастырылды.   
Барлық мектептерде «Еңбек
адамын ардақтайық» тақырыбында сынып сағаттары, кездесулер, дөңгелек үстелдер
өткізілді.
«Еңбек-Қоғам-Бірлік»
тақырыбында оқушылар мен мұғалімдер арасында ашық ой-пікір алаңы ұйымдастырылып,
Еңбек күні мерекесінің  мәні айқындалды.
Еңбек ұжымдары арасында
шахматтан, жеңіл атлетикадан жарыстар өткізілді. Сонымен қатар, Н.Ілиясов
ауылында көкпар, аударыспақ, теңге алудан аудан біріншілігі өтті.
***
Биыл
еліміз бойынша тұңғыш рет «Еңбек күні” аталып өтілді. Шараның басты мақсаты –
қарапайым еңбек адамының мәртебесін арттыру.

 Осыған орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық
әмбебап ғылыми кітапхананың балалар бөлімі «Еңбек болашағы» атты
интеллектуалды-танымдық шара өткізді.
Аталмыш іс-шараның басты
мақсаты – бала бойына рухани-адамгершілік, тағылымды салт-дәстүр, имандылық
сияқты адамдық асыл қасиеттерді сіңіріп, еркін ойнап, ойлап  әрекет жасауға негіздеу, адал еңбек жасауға
үйрету.
Интеллектуалды-танымдық
сағат барысында оқушылар еңбек тақырыбына арналған түрлі мақал-мәтелдер айтып,
«Кім тапқыр?» интеллектуалды ойыны, еңбек тақырыбына арналған сөзжұмбаққа  белсене қатысты. Шараға еңбек ардагері,
кітапхана ісінің үздігі Раушан Сәруарова қатысып, өзінің сүйіп таңдаған
кітапханашы мамандығы туралы айтты.
Кітапхана залында
«Бақыттың кілті еңбекте» атты көрме ұйымдастырылды. Көрме «Еңбек – мың
ізгіліктің бірден-бір нышаны», «Еңбек – ырыстың қазығы», «Қазақстанның еңбек
ерлері», «Бақыт кілті еңбекте» атты бөлімдерден дайындалды. Қазақстанның Еңбек
Ері Абзал Ералиев, Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаев, Кәмшат Дөненбаева,
Ұлбала Алтайбаева сынды саңлақтардың еңбек жолы мен өмір деректеріне толы
әдебиеттер қойылды.
***
«Еңбек
күні» мерекесі Шиелі ауданында ерекше үлгі, жаңаша үрдіспен өткізілді. Мемлекет
басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына
қарай 20 қадам» атты мақаласында атап көрсетілген құдіретті еңбекті құрмет тұту
және адал бейнет етіп, белгілі жетістіктерге жеткен азаматтарды көпке үлгі ету
тұрғысында ұйымдастырылған шара көп көңілінен шықты.

Шиелі ауданының әкімі Қ.Сәрсенбаев өз салаларында
еңбек өнімділігін арттырып жоғарғы жетістіктерге жеткен жандардың мол екендігін
тілге тиек етті. Мәселен, Шиелінің өзінен 41 Еңбек Ері шықса, даңғайыр диқан Ыбырай  Жақаев бұл атаққа екі рет қол жеткізді. Қара
кетпенімен жер қыртысын аударып, күріштен Дүниежүзілік рекорд жасады. Ол
кісінің жолын қуған ізбасарлары да аз емес. Сол жақсы үрдіс нарықтық қатынасқа
көшкен кезде де үзілмеуі тиіс. Жеке пайдасы үшін қарбаласқандардан гөрі, қалың
жұртшылықтың қамын ойлаған азаматтар алдыңғы қатарға шығуы тиіс. Бұл өз
кезегінде ел тәуелсіздігінің нығаюы, мемлекет дәулетінің артуына өзіндік үлес
болмақ. Әулетімен белгілі бір кәсіптің тізгінін ұстап, осы жолда нәтижеге жеткен
адамдардың көпке көрсетер үлгісі де мол болатындығы түсінікті. Міне,
мерекеленіп отырған Еңбек мерекесі сол мақсаттың баяндылығын насихаттайды.
Еңбек мерекесі қарсаңында ұжымдарда өз саласында
айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерді марапаттау шараларын
ұйымдастырумен қатар  жұмысшы
мамандықтарды жастар арасында кеңінен насихаттау жұмыстары да жүргізілді.
Мектептерде оқушылардың еңбек ардагерлерімен және өндіріс озаттарымен
кездесулер өткізілді. Ол шараларға өз саласын жетік меңгерген, көпке көрсетер
өнегесі бар азаматтар шақырылды. Мектеп оқушылары арасында жұмысшы
мамандықтарды насихаттау мақсатында «Мамандық өмір таңдауы» атты жас суретшілер
байқауы да діттеген жерден шықты.
Елді мекендерді көркейту, көгалдандыру бойынша
сенбілік ұйымдастырылып, «Еңбек күні» мерекесіне орай орталық алаңда мерекелік
концерт өтті. Онда аудан көркемөнерпаздарымен қатар басқа да тұрғындар өз
өнерлерін ортаға салды. 
***
Жаңақорған ауданындағы №13
кәсіптік колледжінің ұжымы «Еңбек күні” мерекесін ерекше атап өтті.

Осы күні оқу ордасының оқушылары осы салада еңбек
еткен ардагер-ұстаздармен кездесумен қатар, аудан көлемінде әр салада жақсы
еңбек табыстарына қол жеткізіп жүрген озаттармен кездесіп, тәжірибе алмасты.
Оқу орнының директоры М.Ахметов Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай
20 қадам атты” мақаласынан туындаған мақсат-мүдде; жастарымызды еңбекке баулу,
адал бейнет етуге жұмылдыру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу екендігін айтты.
Колледж шәкірттері осы күні аудан көлеміндегі айтулы
табыстарға жетіп жүрген «Таңат» ЖШС серіктестігінің жұмыс алаңында да болды.
Бетон жабдықтарын жасайтын мекеме жұмысшыларының тәжірибесін қызықтаған
жеткіншектер өздері де біраз нәрсе үйренді.
Атаулы Еңбек мерекесі күні ауданның біршама мекемелері
және ауылдарында түрлі шаралар өткізіліп, сенбіліктер ұйымдастырылды.
 
Тілшілер тобы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз