Еңбекті қорғау – ұлтыңның болашағын ойлау

52

0

Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабында «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар» және «Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына … құқығы бар» – делінген. Бұл конституциялық нормалар кез келген елдің демократиялық, зайырлы жолмен қағидалы түрде дамып келе жатқанының бірден-бір белгісі болып табылады.
Біздің еліміз де дүниежүзінде орын алып жатқан озық беталыстардан тысқары қалып жатқан жоқ. Солардың бірі, жоғарыда көрсетілгендей6 еңбек қауіпсіздігіне тікелей қатысты.
Халықаралық еңбек ұйымы 2003 жылдан бастап 28 сәуірді «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні» деп белгіледі. Содан бері бұл күн халықаралық денгейде аталып келеді. Адамзат дамуында еңбектің ерекше рөлін білгенімізбен, бірақ еңбек ету барысында соның қозғаушы күші адамның өзінің өмірі мен денсаулығына келтірілетін қауіп-қатерлерді ескермей жатамыз. Ол қауіп-қатерлер не себептерден туындайды, қалайша алдын алуға болады, бізге адамның өмірі мен денсаулығы маңызды ма, әлде пайда табу негізгі мақсат па деген сауалдар күн тәртібінен түспейді.  Осы орайда бұл күнді атап өтудің тарихы жақында ғана бастау алғаны таңғалдырады. Сонымен бірге, кейбір елдерде бұл күнді мереке деп дәрежелеуі де қателік болып табылатынын атап өткім келеді.
Негізінен, алғаш рет 1989 жылы американдық және канадалық еңбекшілердің жұмыс орнында қайтыс болған немесе зардап шеккен жұмысшыларды еске алу күнінен бастау алған бұл даталы күн қазіргі таңда дүниежүзінің 100-ден астам мемлекеттерінде аталып өтеді. Осы елдерде даталы күнге орай еңбекті қорғаудың шешілмеген мәселелеріне қоғам мүшелерінің, шенеуніктердің, әсіресе, жұмыс берушілердің назарын аударуға бағытталған көптеген шаралар өткізіледі.
Халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сүйенсек, күніне әлемде 5-6 мың адам жұмыс орнында қайтыс болады, ал бұл сан жобамен 10 пайызға көбейіп келе жатқанын ескерсек, адам шығыны жылына 2-2,3 млн -ға жетіп қалады екен. Бұндай жағдайдың себептерінің бірі болып көп жағдайда жұмыс берушінің қауіпсіздік ережелерін ұстанбау арқылы өндіріске кететін шығындарды үнемдеуімен байланысты. Сондықтан, жұмыс берушілердің жұмыс орындарындағы осындай қасіретті жағдайлар мен кәсіби ауруларды жұмыстың құрамдас бір бөлігі деп түсіндіруімен Халықаралық еңбек ұйымы ешқандай жағдайда келіспейтінін білдіріп келеді. 
Өкінішке орай, біздің елімізде де бұндай жағдайлар орын алуда. Мысалы, соңғы жылдарда статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда орналасқан кәсіпорындарда жыл сайын 2 мыңға жуық кездейсоқ оқиға орын алатын болса, оның 300-ден астамы адам өмірімен сыйыспайтын жағдайлармен аяқталуда. Ал қаншама жұмысшылар әртүрлі деңгейде жарақаттар алып, жұмысқа жарамсыз болып қалуда… Бұның ар жағында қаншама отбасы мүшелері өзінің асыраушысынан айырылуда немесе қаншама жұмысшы отбасына нәпақасын тауып бере алмайтын жағдайға ұшырауда деген сұрақтар тұрады. Осындай жағдайлардың басым көпшілігі құрылыс, көлік, тау-кен салалары мен ауыл шаруашылығында жиі орын алады. 
Еңбек жағдайы мен оны қорғауды жақсарту қазіргі таңда кез келген мемлекеттің өз азаматтары алдындағы міндеті. Ал бұл жұмыстарды экономика салаларында құқықтық, ұйымдастырушылық, техникалық шараларды тек кешенді  түрде жүргізгенде ғана жүзеге асыру мүмкін. Сондықтан, біздің елімізде еңбек қауіпсіздігі мен қорғау  бағытында мемлекеттің бірегей саясатын, басымдықтары мен еңбекті қорғаудағы басқару жүйесінде шешілетін міндеттерді айқындау мақсатында жаңа идеология жасақтау қажеттілігі туындаған соң, мүдделі ұйымдармен қатар кәсіподақтардың белсенді қатысуымен, Қазақстан Республикасында  2014-2020 жылдарға  арналған еңбек қауіпсіздігі мен қорғауды қамтамасыз ету Тұжырымдамасы жасалды.
Бұл Тұжырымдама ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен  «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласындағы басымдықтарды жүзеге асыруды, атап айтқанда, сапалы әлеуметтік стандарттар жүйесін жасақтау және енгізуді, мемлекеттің, бизнестің, азаматтардың жоғары денгейдегі жауапкершілігіне, еңбек қатынастары субъектілерінің әріптестік арақатынасына негізделген еңбек қызметіне деген жаңа уәждемені (мотивация) қарастырған.
Негізгі мақсат, қарапайым тілмен айтқанда, ол өзіміздің азаматтарымызға жұмыс орнында лайықты жағдай жасау.  Осы тұрғыда жаңа Тұжырымдама өндірісте жазатайым оқиғалар тәуекелділігін, кәсіби сырқаттарды, өлім жағдайларын төмендетуді, сонымен қатар, жұмысшылардың өмір ұзақтығы мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған. 
Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың негізгі бағыттары мен басымдықтары:
еңбекті қорғауды басқарудың заманауи жүйесін дамыту;
жұмысшыларды өндірістегі жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру жүйесін дамыту;
заңнамаларды сақтауда мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру және ынталандыру жүйесін жетілдіру;
еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласына ғылыми-зерттеу жұмыстарын енгізу;
еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында ақпараттық қамтамасыз етудің рөлін күшейту;
кәсіби сырқаттардың алдын алу қызметін және жұмысшыларға медициналық алдын алу қызмет көрсету жүйесін жетілдіру болып табылады.
Сондықтан, Қазақстан Республикасында қазіргі кезеңде жазатайым жағдайлар орын алғаннан кейін әрекет етуден жұмысшылардың денсаулығына жарақат келтіру тәуекелділіктерін басқаруды қолға алу саясатына бет бұру олардың өмірі мен денсаулығын қадірлеудің басты басымдығы болып қала бермек.
Р.Байназарова,
облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз