ЕҢБЕКТЕН БАҚЫТ ТАПҚАН

34

0

Ол үнемі қауырт іс үстінде жүреді. Қатарындағы жанды біреудің көңілін қалдырып, кемсітіп, мүсіркеп отырғанын қаламайды. Өз намысын қамшылап өскендіктен болар, адамдардың бірін-бірі кемсіткенін көрсе, әлі де жаны төзбейді. Ол Қоғалының кең жазығында «Айдаршоқы» мекенінде дүниеге келді. Дүниеге келгелі көргені әжесі Зағипа мен көзі көрмейтін анасы болды. Қос анасының  алақанында еш таршылық көрген жоқ. Тек әжесі қайтыс болып, бірінші сыныпты аяқтағанда қаршадай қыздың мойнына таршылық тауқыметі түсті.  
Көзі көрмейтін анасы мен қос бауырына қарайлап өскен қыздың қашанда ертеңгі  күнге деген үміті оны намысты, өжет болуға тәрбиеледі. Тағдыр тауқыметіне бас имей қарсы тұра білген, бір үйдің қамқоршысы екенін ерте сезінген ол мектепті бітірісімен шаруашылықта жұмыс істеді. Құрбыларымен бірге техника жүргізуді үйренді. Еңбек бақыты оны өзгелермен теңестірді. Бесжылдықтың бірнеше мәрте жүлдегері атанды.  Т-150, МТЗ-80 маркалы тракторларымен, «Сибиряк», «Енисей» комбайндарымен егін орып, күріш тасыды. Ауылдық, аудандық кеңестерге депутат болды. Бірнеше  мәрте облыстық, аудандық партия конференцияларына делегат болып қатысты. Өзі еңбек еткен бригадада  «Ақмаржан» комсомол жастар бригадасын құруы  және  жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін  ВЛКСМ-ның ауыспалы  жарыс туын жеңіп алды, ал өзі ұйымдастырушылық қабілеті үшін «Золотой колос» алтын белгісімен марапатталды. Еңбекпен жеткен бақытына Қаншайым анасы ортақтасты. Таңның атысы, күннің батысы еңбек еткен қызының еңбегі еленгені қолымен  жер сипалап өскен ананы қуантпай қайтсін. Гүр-гүр  еткен алып техниканың үнімен еңбек даласына аттанатын қызының қайтпас мінезіне сүйсінетін.  Еңбек ете жүріп, Шымкенттегі совхоз  техникумнан агроном мамандығын алып шықты. Өмірлік жар тапты.  Кейін ауыр жұмыстан жеңіл жұмысқа ауыстырылды. Ауылдық кітапхананың кітапханашысы болып жұмысқа орналасты. Білім жетілдіру талап етілді.  Қызылордадағы   М.Мәметова атындағы педколледжінен кітапханашы мамандығын сырттай бітірді. Ауылдық кітапхана жұмысын да жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін 2010 жылы «Үздік мәдениет қызметкері» атанды. Кітапхана саласында жұмыс істей жүріп, қаламнан да қол үзбеді. Ол бала күннен аудандық, облыстық газеттерге мақалаларын жазып жүретін.
Соңғы уақытта Сырдария ауданының құрылғанына 80 жыл толуына байланысты әр ауылдың тарихы жазылды. Сол кездегі  Қоғалыкөл ауылдық округінің әкімі Н.Құланшиевтің бастамасымен Рахима  Алдашқызының  «Ел тарихы – ерлерімен еңселі» атты жаңа кітап жарық көрді. Кітапқа демеушілік жасаған «Жаппас» шаруа қожалығының төрағасы Берікбол Әлекеев болды. Жас басшы елдің өмірлік шежіресінің жарық көруін қуана қолдады. Рахима Алдашқызы ауылдағы әйелдер кеңесінің төрайымы. Қоғамдық шараларға белсене араласқаны үшін Сырдария ауданы әкімінің алғыс хатымен және аудандық ішкі саясат бөлімінің  алғыс хаттарымен марапатталған. Бүгінде бақытты ана атанып,  бес баласын тәрбиелеп өсіріп, жеті жиен немере сүйіп отыр.
Мен анашымды мақтан тұтамын. «Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» дегендей, өмірлік ұстанымынан таймаған жанның шуағына жылынып өсіп-өніп келеміз. 
Зарина ҚОРЖЫНБАЕВА.
Сырдария ауданы,
Қоғалыкөл ауылы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз