ЕКІ ДОС

68

0

Қазақ халқында «Досты періште қосады, құданы құдай қосады» деген әдемі бір қағидат бар. Ал, біздің әңгімеге арқау етіп отырған екі адамымыздың пікірлес-достас болуының ең басты себебі – замана арпалысы, дәуір тынысы. Себеппен сылтау арбаға мінеді деген сөз осындайда айтылса керек.
Бұл уақытта Кеңес елі фашистік Германиямен жан алысып, жан берісіп, шайқасып жатқан кез еді. 1941-1945 жылдар дүниедегі тұңғыш социалистік ел үшін ауыр күндер мен түндер болды. Ол тарихқа – Ұлы Отан соғысы болып енді.
Ал, көршілес Қытай елі болса, Жапонияның шапқыншылық дәуірін бастан кешіп жатты. Кеңес елі соғыста Германияны жеңді, 1945 жылы 8-мамырда сөзсіз тізе бүгу актісіне қол қойылды. 1945 жылдың тамыз айында Кеңес елі Германияның одақтасы Жапонияға соғыс ашты да, қыркүйектің басында Қызыл Армия Квантун армиясын талқандады. Осы кезеңде Қытай елі азаттық алды. Мао Цзе-Дун Кеңес елінің басшысы И.В.Сталинге жеделхат жолдады. 
Ал, 1975 жылы тамыз айында Мао Цзе Дун былай деп жазды: Қызыл Армия қытай халқына агрессорларды жою үшін көмекке келді. Қытай тарихында мұндай үлгі ешқашан болған емес. Мұндай оқиғаның әсері баға жеткісіз болды.
Біздің тарихқа үңілгеніміз, біріншіден тарихи оқиға арқылы оқырманға ой салу, екіншіден екі елдің өнер адамының өзара қарым-қатынасы ақырында достыққа ұласуы дәл осы кезең еді. 
Қазақ елінің алтын шаңырағындағы Бақытжан Байқадамов (1917-1977 ж.) өнер жолына өте ерте түсті. Оған әкесі мен анасының өнершіл болуы ықпал етті. Байқадам Каралдин оқыған жоғары дәрежедегі интеллигент өкілі еді. Кеңес еліне қуанышпен қызмет етті. Торғайдың ревком жетекшісі болды. Оның жақсы көретін әні – Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм» әні еді. Байғұс әке жаладан істі болып, ақыры шейіт болды. Анасы Үрзипа Санкт-Петербордағы Бестужев оқу орнын бітірген. Сол замандағы бүкіл қазақ қыздарына үлгі іспеттес. Қадірлі ана ұл-қызының қызығын көріп, өткен дәуірдің 90-жылдарының ортасында қайтыс болды.
Б.Байқадамов музыкалық өнердің барлық саласында қалам тартты. Сюита, симфониялары, әсіресе әндері жастарды тәрбиелеуге зор ықпал етті. Оның «Айгөлек» әні бүкіл Кеңес еліне тарады десе болады. Ал, Мао Цзе-Дун бұл әнді өте сүйіп тыңдаған, оны біз өнер тарихынан білеміз. Қазақстанның өнеріне еңбегі сіңген қайраткері Б.Байқадамов артында мол мұра қалдырды. Мен Бақытжан аға жайлы «Қазақтың Дунаевскийі» атты көсемсөз жаздым, ол кезінде бұқаралық ақпаратта жарияланды.
Міне, осындай аласапыран кезеңде Алматыға жел қуған қаңбақтай қытай композиторы Сиен Син-хай келіп еді. Бұл 1942 жылдың аяғы  мен 1943 жылдың басы болатын. Ол бұған дейін Мәскеуде, Ұлан-Баторда болған. Мәскеуге барған себебі, қытай бейнефильмін дыбыстауды, оған жәрдем алуды мақсұт тұтқан. 
Осы уақытта Қытайдың 8-ші ұлт-азаттық армиясының даңқы асып тұрған шағы еді. Әлгі кинолента осы саяси жағдайдан туындаған болатын.
С.Син-хай Алматыға келгенде қалтасында көк тиыны да болмады. Яғни, барар жер, басар тау қалмай, әбден қиналды. «Адамдар, әсіресе, армия әнсіз өмір сүре алмайды, ән болмаса, олар тобырға айналады» – деп өзі айтқандай ән дариясын шалқытып жүрген есімі елге танылып қалған өнер қайраткеріне тап болады. Ол композитор Бақытжан Байқадамов болатын. «Ән дегеніміз – өмір, өмір дегеніміз – ән» – деп пәлсапалайтын Бақытжан аға салған жерден С.Син-хайдың мүшкіл халін бірден ұғып, екі сөзге келместен үйіне ертіп әкеледі. Айналдырған екі бөлмелі қамыс үйде анасымен қоса екі қарындасы, екі інісі тұрып жатқан-ды. Анасы Үрзипа қонақтың жай-күйін бірден байқайды да, ләм-мим деп тіл қатпайды. Оқығандығы көрініп-ақ тұр. Бар айтқаны: «Мен асты қызғанбаймын ғой, тек жатар орын ғана қинайды…». Син-хай көп ұзамай Бақытжанның апасы Данабикенің бір бөлмесіне көшеді. Еруліге қарулы дегендей, күнкөріс осылай жүріп жатты. Қазақта «Дос басқа қарайды, дұшпан аяққа қарайды» деген әдемі ұғым бар. Көңіл сыйған соң, тар үй, болмашы ас – бәрі де ұмытылады.
Қытай елі Конфуцийді қалай құрмет тұтса, біз әл-Фарабиді мақтан етеміз. Осы ұлы адамның жолын қуған данышпан ақын Абай «Дөң аспай жатып ант ұрды» деп лайықсыз доссымақтарды әжуалап күлкіге айналдырған. Бүгін тату, ертең қату келетін адамдардан сақтандырған. 
Біз Сиен Син-хайдың шығармашылығын қаламгер ретінде біркісідей-ақ білеміз. Өйткені мен қазақтың музыкалық өнері жайлы кітап жазып, онда еліміздің мақтан тұтар композиторлары, олардың шығармаларымен қатар қытай композиторы Сиен Син-хайдың да өмірбаянымен бірге аз-кем шығармаларын енгіздім. («Ғасырдан ғасырға» – Алматы, 2000 ж. «Дәуір» баспасы). «Ұлт-азаттық» симфониясы, «Хуан-Хэ» кантатасы және 500-ге жуық әндері бар, әсіресе, әскери жауынгерлерге арнап жазған марш екпіндес шығармалары екі көрші елдің мәдени мұрасы болып есептеледі десем, артық кетпеспін. 
Сиен Син-хай қазақтың кейбір халық әндерін өңдеп, домбыра ансамблінің орындауына лайықтады. Оны біз композитордың Қостанай облыстық филармониясында қызмет атқарған тұста байқадық. Композитор ұлттық батыр Аманкелдінің бейнесін беру мақсатында көп оқыды, зерттеді, ел аралады. Ақырында «Аманкелді» симфониясын жазып, оны Қостанай театрында 1944 жылы 17-маусым күні халық алдында орындап берген. Салтанатты осы жиынға сол кездегі Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы Даниял Керімбаев қатысып, композиторды құттықтап сөз сөйледі.
Біздің естуімізше, Сиен Син-хай осы симфонияны жазу үстінде мың шақырымдай жерді жаяу аралаған (Торғай өлкесі). Сірә, ол қазақтың тұңғыш бейнефильмі «Аманкелдіні», 1938 жылы шыққан еді, төрт-бес рет көрген болар. Бір ғажабы, екі дос бір-біріне шын көңілден аяушылық білдіргендей іштей ұғысатын. Бақытжан әкесінен тірідей айырылды, «халық жауының» баласы атанды, ал, Сиен Син-хай болса, соғыстың лаңынан шекара жабылып, елін, туған жерін көре алмай кішкентай қызы Ни-Наны емірене сүйе алмай арып-ашып, жүдеп-жадап шарасыздық күй кешті. С.Син-хайдың өмірден ертерек кетуі Бақытжанға тағы да уайым әкелді. Син-хай досының әкесі Байқадамның 1957 жылы толық ақталғанын ести алмаса да, композитор досының Ұлы Отан соғысында Мәскеуді немістерден қорғаған 316-атқыштар дивизиясының командирі генерал И.Панфиловтың қызы Валентинаға үйленуін қуана қарсы алды. Сол тойға қатысып, екі алтынның сынығы, екі тұлпардың тұяғы деп тебірене сөз сөйлейді. Бұл 1944 жыл еді. С.Син-хай уақытша жүрсе де Алматы, Қостанай, Торғай аймақтарын өзінің кіндік қаны тамған Гуан-Дун өлкесі, Пан-уй уезі аймағы тәріздес жанымен сүйді. Көбік шашқан Хуан-Хэ өзенін қалай мақтан тұтса, Торғай, Қабырға, Алматы өзендерінің суын, оның балдай дәмін ұмытпастан кетті. Сыр бойының Темір деген ақыны:
Табаны тастан таймаған,
Жүрегі жаудан қайтпаған.
Ел ішінде ерлер бар,
Бес қаруын сайлаған, – дейді. 
«Сен үшін жанын қиятын, білетін арын, ұятын, туысы бөлек марқасқа» деп дүлдүл ақын Тұрмағамбет жырлағандай, екі елдің екі композиторының достығы, бәлкім, бүгінгі көрші екі мемлекеттің өскелең жас ұрпағына үлкен сабақ болар. Достықта жоқ шекара деген осы да. Қазақта «әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген мәтелге айналып кеткен бір арқау бар. Сол сияқты Б.Байқадамовтың Балдырған, Айгүл, Алуа атты қыздары, композитордың қарындасы профессор Күнімжан, Данабикенің қызы Қаламқас Сиен Син-хайдың қызы Ни-Намен туыстай араласып тұрады. Әкесінің жолын қуған Балдырған әкесіне арнап 2000 жылы мұражай ашты. Сол үйге Сиен-Син-хайға бағыштап ескерткіш тақта қойғызды. Осы мұражайдың ашылу салтанатына Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен бірге Қытайдың Премьер-министрі Цзян Цзэ-Мин де қатысты. Ал, қазақ үкіметі Қытайдың ұлы композиторын есте сақтау үшін Алматының үлкен бір көшесіне оның есімін берді. Қоладан ескерткіш қойды. 
Көп жылғы еңбегімнің еншісіндей, екі халықтың ұлы қайраткерлері – Бақытжан Байқадамов пен Сиен Син-хайдың өмірдегі достығы жайлы киносценарий жазып аяқтадым. Осы бір шағын толғау-эссе қос композиторға деген менің шын жүректен шыққан зор ілтипатым, құрметім болсын.
Шаймерден ТӨЛЕГЕНҰЛЫ,
журналист-жазушы.
Астана қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз