ЕЛ БАЙЛЫҒЫ ЕСЕЛЕНЕ БЕРЕДІ

69

0

Мемлекеттің салық саясаты экономиканы дамытуда, әлеуметтік ахуалды көтеруде үйлестіруші, реттеуші рөл атқарып келеді. Еліміздің қалыпты дамуы мен өркендеуі бюджет кірісінің оңтайлы қалыптасуымен тығыз байланысты.
Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасының бастығы Серік Жолдасбекұлы Мұстафаевпен газет тілшісінің әңгімесіне осы тақырып арқау болған еді.
– Серік Жолдасбекұлы, салық қызметінің жұмыс сапасы болжамдалған көрсеткіштердің орындалуымен бағаланады. Бюджеттің кіріс  бөлігі түсімін қамтамасыз ету салық қызметі органдарының негізгі міндеті екені белгілі. Осы ретте  мемлекеттік, республикалық, жергілікті бюджеттердің, ұлттық қор  түсімдері туралы айтып өтсеңіз.
– Қызылорда қаласы бойынша 2014 жылдың 1-ші қаңтарына шоғырландырылған бюджетке жалпы салықтар және төлемдердің түсімі  574 085,7 млн. теңгені құрады (оның ішінде ҚР Ұлттық қорға 496 760,1 млн. теңге). Өткен 2012 жылмен салыстырғанда шоғырландырылған бюджетке 98 956,6 млн. теңге артық түсіп, өсу қарқыны 120,8 пайыз болды. Ұлттық қорға түскен қаржы көлемі де 116,5 пайызды құрады. Мемлекеттік бюджеттің өсу қарқыны 159,1 пайыз болып немесе 2012 жылмен салыстырғанда 28 724,9 млн. теңгеге артты.
Есепті кезеңге мемлекеттік бюджеттің болжамы 104,6 пайызға, оның ішінде республикалық бюджет 105,5 пайызға орындалып, өткен жылмен салыстырғанда бюджетке 14 976,3 млн. теңге артық түскен, жергілікті бюджет түсімі де 103,2 пайызға орындалды. 
Қызылорда қаласы бойынша жергілікті бюджет болжамы 107,0 пайызға орындалып немесе болжамнан 683,8 млн. теңге артық түскен (болжам-9826,0 млн. теңге, нақты түсім – 10509,8 млн. теңге). Өткен жылмен салыстырғанда бюджетке 1 777,7 млн. теңгеге артты, немесе өсу қарқыны 120,4 пайыз.
– Бүгінгі таңда бюджет түсімдерінің қосымша көздерін табу, салық базасын кеңейту барынша маңызды мәселенің бірі болып табылады. Осы бағытта қандай шаралар қолға алынып жатыр? Салық төлеушілердің бюджетке қарыздарын өндіру жөнінде не айтасыз?
– 2013 жылдың 12 айында 1 694 салықтық тексеру жүргізілді. Тексерілген  кешенді және тақырыптық тексерулер қорытындысы бойынша барлығы  1 793,2 млн.теңге бюджет есебіне қосымша салықтар мен басқа да міндетті төлемдер есептелінді, оның ішінде салық – 1 463,9 млн. теңге, өсім – 329,3 млн. теңге. 
Басқарма кіші және орта бизнес субъектілерінен түсетін түсімді көбейту, осы бағытта салықтық әкімшілендіру жұмыстарына баса назар аударып отыр. 
Тіркелмеген салық төлемгерлерін анықтау мақсатында кәсіпкерлік субъектілеріне 58 тақырыптық тексеру жүргізіліп, оның ішінде  шағын бизнес субъектілерінде әр түрлі заңбұзушылықтар анықталды. Салық кодексінің 645,650-баптарына сәйкес  бақылау кассалық машиналарының қолдану тәртібін бұзған  және бақылау-касса машинасыз жұмыс атқарған 39 салық төлемгерінің (чек ұрылмаған, бақылау кассалық машиналары жоқ) салық заңдылықтарын бұзғаны анықталды, сол себептен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 215-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Салық органында тіркелмей жеке кәсіпкерлік қызметпен  айналысқаны  үшін 12 жеке тұлғаға ҚР Әкімшілік кодексінің 357-1 бабына сәйкес хаттамалар толтырылып, жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданып, жалдамалы жұмысшының көмегін пайдаланған 7 дара кәсіпкерге әкімшілік кодексінің 205-1 бабы бойынша хаттамалар толтырылды. 
Сонымен қатар, қала көлеміндегі кейбір салық төлеушілер салық органдарына тапсыратын салық есептіліктерін нөлдік көрсеткішпен немесе нақты табысын төмендетіп тапсыруда, нақты жұмыс жасап отырған жалдамалы жұмысшыларын көрсетпей, келісімшартқа отырмай айлықтарын қолдап төлеп, салық төлеуден үнемі жалтаруда. 
Осыған орай резерв көздерін іздестіру, салық төлеушілердің табыс сомаларын жоғарылату, жалдамалы жұмысшылар санын көбейту мақсатында 2013 жылы жүргізілген камералдық бақылау жұмыстары  нәтижесінде корпоративтік табыс салығы бойынша  379 салық төлеушіден 476,2 млн. теңге сомасына қосымша салық өндірілді. Қосылған құн салығы бойынша 2 537,4 млн. теңге өндірдік. 
Жеке тұлғаларға қатысты 727 салық салу объектісі есепке алынып, оның ішінде 325 жеке тұлғаның аяқталмаған құрылыс объектілері бойынша мүлік салығы – 2 ,8 млн. теңге, жер салығы – 619,2 мың теңге, 402 жеке тұлға бойынша жер телімдеріне жер салығы 3,9 млн. теңге қосымша есептелді.
Қалада соның базасын ұлғайту мақсатында әкімшілік полициясы қызметкерлерімен бірлесіп бірқатар іс-шаралар өткізілді. Тексеру барысында заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысып жүрген 200-дей жеке тұлға анықталып оларға хабарламалар жолданды.
Такси түрінде қызмет көрсетіп жүрген компаниялар өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғастырылуда. 
Сонымен қатар, қала төңірегінде орналасқан ірі сауда орталықтары, дүкендер, қонақ үйлер, сауналар нақты ақшамен есеп айырысатын дара кәсіпкерлердің, басқа да заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердін тапсырған салық есептіліктеріне камералдық бақылау жасалып, хабарлама бойынша салық басқармасына шақырылып түсіндіру жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығы бойынша  барлығы 273 салық төлемгерінен 91,6 млн. теңге қосымша бюджетке түсірілді.
Берешегі 5 144,3 млн. теңгені құрайтын 705 салық төлеушінің салық берешегін банк шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алу үшін инкассалық өкім қойылған, оның өндірілгені 211,1 млн. теңге.  
– Салықтық қызмет көрсетудің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың барысы қалай? 
– Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасының басым бағыттарының бірі салық төлеушілерін сапалы мемлекеттік қызметпен қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 30.11.2012 жылы №1519 Қаулысымен 33 мемлекеттік қызмет стандарттары бекітілген.
Салық төлеушілерге көрсетіліп жатқан салықтық қызметтер операциялық орталықтар арқылы, яғни ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталықтары арқылы ұсынылуда. Ақпаратты қабылдау және өңдеу орталықтары мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының талаптарына сәйкес  сенбі, жексенбіден басқа  күндері  күнделікті таңертеңгі сағат 9-дан кешкі сағат 17-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.  Сонымен қатар, барлық ауылдық округтер мен ірі сауда үйлеріне салық есептіліктерін тапсыратын терминалдар орнатылып салық төлеушілерге қолайлы жағдайлар жасалынған.   
Салық қызметі қызметкерлерінің салық төлеушімен тікелей байланысын қысқарту мақсатында және де кезекте ұзақ тұруды болдырмау үшін, электронды түрде салық есептілігін  тапсыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Салық төлеушілердің терминалдары бүгінгі күн талабына сай компьютерлермен, серверлік жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда  салық төлеушілердің 80%-ы салық есептерін   электронды жүйеде тапсырады.
Өткен жылғы салық төлеушілердің «Сандж» зерттеу орталығының 2013 жылы жүргізілген сауалнама нәтижесіне байланысты Қызылорда облысы бойынша салық департаменті 4-орынға ие болды. Сондай-ақ, зерттеу барысында анықталған кемшіліктерді жою, салықтық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында тиісті іс-шаралар атқарылуда.
– Салық басқармасының үштік кедендік одақ шеңберінде атқарылып жатқан әкімшіліктендіру жұмыстарына тоқталсаңыз? 
– Еліміз экономикалық қауымдастықтың жаңа үлгісіне қадам басып отыр. Кеңес үкіметінен кейін кеңістікте пайда болған тәуелсіз мемлекеттерді экономикалық интеграцияға шақырған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өміршең бастамалары ТМД, ЕурАзЭҚ сияқты экономикалық және саяси қауымдастықтар негізінде дамып, ақыры Достастық елдері арасындағы жаңа бірыңғай экономикалық кеңістік – Кедендік одаққа ұласты.  
Біздің қаламызда осы үштік одақ шеңберінде тауар импорты және экспортымен айналысатын 200-ден аса заңды тұлға бар. Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан тауар импорттайтын жеке кәсіпкерлер де аз емес. Сондай-ақ, жеке тұлғалар сирек болса да Ресейден жеңіл автокөлік  әкелуде. Олардың саны жыл өткен сайын артып келеді, сондықтан Кедендік одақтың қала бюджетіне тигізіп отырған пайдасы бар деп толық сеніммен айта аламыз.   
2013 жылы Қызылорда қаласының сыртқы экономикалық байланыс жасаушы салық төлемгерлері Ресей Федерациясынан тауарлар импорттап қазынаға 1200 млн. теңгеден астам қосымша құн салығы (бұдан әрі-ҚҚС) түсіріліп, бұл көрсеткіш 100 пайыздан аса орындалды, ал Беларусь Республикасынан импортталған тауарлардан бюджетке 47 млн. теңгеден астам жанама салық түсірілді немесе болжамның 100 пайызға орындалуы қамтамасыз етілді.   
Дегенмен, салық заңдылықтарының талаптарын қатаң сақтайтын салық төлемгерлерімен қатар тауар импортының тәртібін сақтамаған бірқатар салық төлемгерлері анықталып, оларға ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес 69 Қаулы шығарылып, 1 670 мың теңге айыппұл салынып, бюджетке толықтай өндірілді. 
– Салық төлеушілердің арасында жиі кездесетін заңбұзушылықтарға тоқталсаңыз. Салық заңдылығын бұзған салық төлемгеріне сіздер тарапынан  қандай  шаралар  қолданылады? 
– Салық заңдылығын бұзған салық төлеушілердің қателіктері ҚР Салық кодексінің 587-бабына сәйкес жүргізілетін камералдық бақылау нәтижесімен анықталып, оларды өз еркімен жоюға мүмкіндік беру үшін хабарлама жолданады. Хабарламаны орындауға салық төлеушіге 30 жұмыс күні беріледі. Осы мерзімде салық төлеуші қосымша салық есептілігін табыс етіп, нәтижесінде есептелген салықтарды төлейді. Хабарламада көрсетілген қателіктермен келсіпеген жағдайда салық төлеуші дәлелдеме құжаттары мен түсініктеме табыс етеді. Салық органының заңды талаптарын орындамаған жағдайда салық төлеушінің банк шоттарының операциялары тоқтам қойылады, мекенжайына салықтық зерттеу жасалады, салық міндеттемесін орындауға ықпал жасалу үшін қаржы полициясы органдарына сұраныс жолданады. Осымен бірге жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізіледі.  ҚР ӘҚБтК-нің 219-бабына сәйкес әкімгершілік шаралар қолданылады. 
Салықтық әкімшілендіруді оңайлату, сондай-ақ салық төлеушілер тарапынан келеңсіздіктері болдырмау мақсатында Салық кодексінің 587-бабының 1-тармағына 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес, камералдық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтар тәуекелдерді бақылау жүйесінің қолданылуымен сараланатын болады. 
– Салық төлемгерлерінің сауаттылығын арттыруға арналған жұмыстар жүйелі жүргізіле ме? 
– Әрине, Қазақстан Республикасының Салық кодексі және салықтандыруға байланысты басқа да Заң актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды салық төлемгерлеріне жеткізу, түсіндіру, ұғындыру және салық органының имиджін көтеру, салық төлемгерлерінің салықтық мәдениетін жоғарылату мақсатында салық төлеушілер мен қоғамдық ұйымдар, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен 56 семинар-кеңес,  кездесу, «дөңгелек үстел», лекциялар өткізілді.
Салық заңдылығының кейбір нормаларын түсіндіру жөнінде түскен хаттарға, телефон арқылы сұрақтарға, тікелей кездесуге келген салық төлеушілерге 4469 жазбаша және телефон арқылы жауап берілді.
– Елбасы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты  Қазақстан халқына арнаған  Жолдауында  шағын және орта бизнесті дамыту мен сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың маңыздылығы  баса айтылған. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Елбасымыздың халыққа Жолдауындағы басым бағыттардың  ішінде шағын және орта бизнесті дамыту мен сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алудың маңыздылығы айтылды.
Ел экономикасының ілгері басуына шағын және орта бизнестің қосар үлесі зор. Дамыған елдерде экономиканың қомақты бөлігін осы шағын кәсіпкерлік құрайды. Сондықтан мемлекет шағын және орта бизнестің қанат жаюына жағдай жасап, табысты саланың өркендеуіне айрықша көңіл бөлуде. Шағын және орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту экономиканы нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасалынуда. 
Қызылорда қаласы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінен  2013 жылы салық түсімі 2012 жылмен салыстырғанда 3 845,4 млн. теңгеге өскен немесе өсу қарқыны 118%, салық органына  тіркеліп жұмыс жасап жатқандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 1609-ға көбейген. 
 Әрине, осы тұста мемлекеттік органның, мемлекеттік қызметкердің жұмысы, іс-әрекеті – шындық, айқындық, адалдық, ашықтық принциптеріне негізделуі қажет. Жемқорлықтың алдын алу мақсатында  заңдылық  аясында үнемі және жүйелі түрде жұмыс жасауға міндеттіміз. 
Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат  жүргізу, мемлекет пен  азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.
Басқарманың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бекітілген іс-шара жоспарларына сәйкес түрлі іс-шаралар  жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Өткен жыл бойына барлық бөлімдерде қызметкерлердің қатысуымен  Қазақстан Республикасы заңдылықтарының, оның ішінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы»  Заңдардың,  Мемлекеттік қызметшілердің Этикасының талаптарын қатаң сақтау жөнінде 30 техникалық оқу өткізілді. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша басқарма өкілдерінің, құқық қорғау органдары (қаржы полициясы, прокуратура, т.б.) қызметкерлерінің, «Нұр Отан» ХДП өкілдерінің қатысуымен 8 лекция жүргізілді. Сол сияқты салық төлеушілер арасында жүргізілген 10 семинарда, 1 «дөңгелек үстелде» міндетті түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі  талқыланып отыр. 
Сөз соңында басқармада ер азаматтармен қатар қызмет істеп келе жатқан қыз-келіншектерді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап өткім келіп отыр.
Аналарымыз бен қыз-келіншектерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, көктемнің жадыраған күніндей күлімдей берулеріне тілектеспін. Әрқашан да елімізде тек бейбітшілік болсын. Мемлекетіміздің өсіп-өрлеуі мен қоғамымыздағы тұрақтылықты нығайту жолында атқарып жатқан игі істеріміз табысты болсын!
–  Әңгімеңізге рахмет. 
Әңгімелескен Н.ЕЛШІБЕК.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз