ЕЛ ТІЛЕГІ

99

0

ЕЛ ТІЛЕГІ

Ұлттың ұлы
мақтанышы

Бүгінгі Астана – еліміздің мақтанышы.
Мем­лекетіміздің экономикалық, саяси-мәдени өмірінің ордасы. Соңғы 10 жылдықтың
бедерінде Астанада әлемдік деңгейдегі басқосулар өтті. Тарихтың лайықты жүгін
көтере білген Елорданың бүгінгі күні жүзі жарқын, абыройы асқақ.

Астананың өркендеп, өсіп әлемнің
өркениет үлгісіне лайықты қала ретінде қалыптасуына Елбасының сіңірген еңбегі
ерекше. Астана елдің басты мақсат-мұратына айналды. Ел болып
қалыптасуымыздың алғашқы қадамдары жасалған сәтте ол тарихта есімі алтын
әріппен жазылатындай мәртебеге ие болды. Жас мемлекетіміздің аз уақыт ішінде
әлемдегі озық үлгідегі жобалар негізінде жаңа Астана тұрғызуы, оның басы-қасында Мемлекет басшысының жүруі
айтулы оқиға болды. Астана
сән-салтанаты келіскен, сәулеті мен дәулеті шалқыған ару қалаға айналды. Ол
әлемнің өркениет көшіне ілескен Қазақстанның шын мәніндегі мақтанышына айналды.

Біз сол үшін ару Астананы мақтаныш етеміз.

 

Құттықожа ЫДЫРЫСОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Алаштың айбыны

 

Бауыр еті перзентінің бақытты болғанын қаламайтын ата-ана болмасы анық.
Менің тұстастарым аға буын өкілдері өмірдің сан соқпағынан өтті. Небір
қиындықтарды басынан кешірді. Ұлы Отан соғысының зардабын тартты. Шалақұрсақ
жүріп білімін жетілдірді. «Елім» деп емірене еңбек етті. Қазір ғұмыр бойы
төккен терінің өтеуін, бейнетінің зейнетін көруде. Алайда, ардагерлер қауымы
қоғам өмірінен бір сәт те қалыс қалып көрген емес. Егеменді елімізде болып
жатқан жағымды жаңалықтар, оңды өзгерістер көз алдымызда. Ақиқаты керек,
Тәуелсіз Қазақстанның әлеуеті жыл санап көтеріліп келеді. Ауыз толтырып
айтарлықтай жетістікке жеттік.

ЕЛ ТІЛЕГІСарыарқаның төсінен санаулы уақытта Астана салдық. Әлемді қаржы
дағдарысы шарпыған тұста дүбірлетіп бас қаламыздың торқалы тойын
жасадық.Ұлан-ғайыр елімізде сан ұлттың, ұлыстың өкілдері бір адамның баласындай
ғұмыр кешуде. Мың қосшыға – бір басшы. Мұның баршасы Президентіміз Нұрсұлтан
Назарбаевтың ұстанған сарабдал саясатының жемісі. Тәуелсіздік жылдарының
алғашқы кезеңінде түрлі қиындықтарды
бастан кешірдік. Қиналдық. Десе де сыр бермедік. Елбасымызға, келешекке
сендік. Үмітіміз ақталды. Астананы көшіру, ғажайып ғимараттар салып, төрткүл
дүниеге таныту қиядан жол тапқанмен тең. Алғашқыда көптеген азаматтардың бұл
қадамға дүдәмал көзқараспен қарағанын жасыруға болмас. Бірақ бұл шешімнің
дұрыстығын кәрі тарихтың өзі дәлелдеді.

Мен Астанада бірнеше мәрте болдым. Әр барған сайын ғаламат жылдамдықпен
дамып жатқан қалаға қызыға да тамсана қараймын. Құдды ертегідегі сағат сайын
өсетін алып дерсіз. Қайда қарасаңыз да, көркіне көз тоймайтын ғимараттарды
аңғарасыз. Кеудеңді мақтаныш кернейді. Президент мұражайындағы теңдесі жоқ
бұйымдарды толғаныспен тамашаладым. Әрбір бұйым маған зор әсер қалдырды.
«Бәйтерек», басқа да нысандар, әсем үйлер әлі күнге дейін көз алдымда тұр.

 

Оразғали БЕКБАНОВ,

Қазалы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы,

ауданның құрметті азаматы.

 

Мәңгілік
елдің мәртебесі

Астана – республика халқының айнасы,
елдің бренді. Ертеңгі сәулеті бұдан да керемет!
Енді өзіме таныс шара жайына көшейін, америкалық жазушылар шығармаларын
Исландияға барып жазады екен деген де әңгіме бар. Сірә, сол жерде өнімдірек
жұмыс істейтін болар. Өзге қаламдастарымда шаруам жоқ, ал мен үшін жаңа елорда
жаңа бір қырынан құлшынысымды арттырғандай әсер етті. Әзірге біраз шаруа
тындырдым деп аузымды толтырып айтпай-ақ қояйын, әйтсе де уақыттарымның босқа өтпегендігіне ішім жылиды. Астана
жайлы жазылған «Таңғажайып планета» атты спектаклім міне, бір жылдан бері
Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында үзбей қойылып келе жатыр.

Ара-тұра мұнда әлі әдеби орта қалыптасып үлгерген жоқ дейтін де сөз
шығып қалады. Оған соншалық елеңдей қоймаймын, әдеби ортаның кейде пайдасынан
зияны да көп болуы мүмкін. Оның үстіне әдеби орта шығарма жазып бермейді. Ең
ғажабы, Астана әзірге ырду-дырдудан ада. Апталап дуылдап жататын той-томалақ та
сирек. Ал, шығармашылық адамы үшін тыныштықтан асқан не бар?!

Сарыарқа салқын. Бойыңды ширақ ұстайсың. Айналаңдағы әдемі үйлесім,
сәулет ансамбльдері үнемі тың ойларға жетелейді. Жазбай жүруің мүмкін емес…

 

Қуаныш ЖИЕНБАЙ,

жазушы, «Құрмет” орденінің иегері,

«Алаш”
сыйлығының лауреаты.

 

Қазақты
жаһанға танытқан

 

«ХХІ
ғасырда білімін дамыта
алмаған елдер тығырыққа тірелері
анық» деп Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, біздің мектеп
мұғалімдері барлық күш-жігерін оқушыларды
білімді де тәрбиелі, елдік сезімдері
жоғары, жауапкершіліктері мықты
азаматтар етіп тәрбиелеуде аянбай
еңбек етіп келеді. Дарынды балаларды айқындап алып, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін іс жүзінде
көрсете білуге жағдай жасау – қазіргі таңдағы басты
міндеттердің бірі. Осы талаптарға сай аудан орталығында
орналасқан №250
мектеп-лицей ұжымы аянбай еңбек етіп
келеді. Осындай қажырлы еңбектің арқасында мектебіміз аудан бойынша екі оқу жылында
«Үздік мектеп» атанып, аудан әкімінің миллион теңге сыйақы
грантын жеңіп алып, миллионер мектеп атануда.

ЕЛ ТІЛЕГІ2013-2014 оқу жылында
мектеп-лицей бойынша 57 бітіруші болса, оның 54-і
ҰБТ-ға қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткіздік. 10 оқушы 100-ден жоғары балл алды. «Алтын белгіні» 3 оқушы қорғап, 2 оқушы
«Үздік аттестат» иегері атанды. Республика бойынша жоғары оқу орындарының гранттары
анықталмаса да, біздің
түлектеріміз ата-аналары мен ұстаздарының еңбектерін ақтап, халықаралық 100 пайыздық гранттарды жеңіп алды.

Біздің ұжымның осынау толағай табыстарын Сыр аймағының айнасы – «Сыр
бойы” газеті арқылы әлем таныған Астана күні мерекесіне орай ел-жұртқа етене
таныстыруды мұрат тұттық. Өйткені, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың
сарабдал саясаты, керемет көрегендігі арқасында арман қала – Астанамыз шаңырақ
көтеріп, қазақ елін әлемге әйгілі етіп отыр.

Ақзира ҚАСЫМОВА,

№250 мектеп-лицей басшысы.

Қармақшы
ауданы.

 

 

Елорда – елбасы ерлігі

 

Сарыарқаға сән берген Астана қаласының
қысқа мерзімде мегаполиске айналуы өте қуанарлық жағдай. Ал, ең бастысы, мұнда
медицина саласына ерекше назар аударылып, халықтың денсаулығын жақсарту жолында
жасалып жатқан баянды істер көңілге зор қуаныш ұялатады.

Заманауи үлгіде салынып, озық
құрал-жабдықтармен жасақталған клиникалардың қазақ елінің жүрегі болып
саналатын елордамызда шоғырлануы Астанамыздың мәртебесін көтеретіні анық.
Мәселен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық ғылыми медициналық
орталығы», жерлесіміз, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пя жетекшілік жасайтын
Кардиология орталығы, «Ана мен бала ғылыми зерттеу орталығы» Ұлттық медициналық
холдингі, «Травматология және ортопедия
ғылыми-зерттеу орталығы», адам миына ота жасайтын республикалық «Нейрохирургия
ғылыми орталығы» АҚ, «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ және басқа да емдеу
мекемелері науқастарды күнделікті емдеумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын
жүргізіп, еліміздің медицина ғылымының дамуына айрықша үлестерін қосуда.

ЕЛ ТІЛЕГІАстанадағы клиникаларда былтырғы жылы
емдеуден өткендердің 60 пайызға жуығын басқа өңірден келген емделушілер
құраған. Мұның өзі елеулі көрсеткіш. Бұған қоса, елордамызға емделу үшін
шетелдерден келетіндер саны жыл санап артып келеді. Өзімізді ғана қамтып
қоймай, өзгелердің де дертіне дауа тауып беру отандық медицинаның қарыштап
дамып келе жатқанын, дәрігерлеріміздің біліктілігінің жоғары екендігін
көрсетеді. Міне, осының барлығын мен тәуелсіз жас мемлекетіміздің медицинасының
жетістігі деп бағалаймын және ел жүрегі Астана қаласының даму көрсеткіші деп
білемін. Мұндай биік дәрежеге жету Елбасымыздың жүргізген сарабдал саясатының
арқасы. Өйткені, Астана – Мемлекет басшысының тың идеясынан туған тамаша жоба!

Асылбек ТОҒЫЗБАЕВ,

Қызылорда
қалалық ауруханасының бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты.

 

Көкпен таласқан көркемдік

 

Еліміз жыл сайын келбеті көзтартар,
сұлулығына әлем таңғалар елорданың туған күнін атап өтуді дәстүрге айналдырып
келеді. Айтулы мерекеде мазмұны бай,
рухани дүниеге толы ауқымды шаралар ұйымдастырылып, еліміздің барлық аймақтары жоғары деңгейде сән-салтанатымен
тойлайды. Бұл мерекені көруге шет елдерден
келетін қонақтар қаншама?! Болашаққа ұмтылған Астананы
жастар қаласы деуге болады. Оған толықтай негіз бар.

ЕЛ ТІЛЕГІНағыз ынтымақ пен бірліктің символына айналған елордамыз күллі Алаш
жұртшылығының мақтанышына айналды. Сондықтан болар «Бейбітшілік қаласы” атануы
да. Аз уақыт ішінде Астана жасыл желекке оранып, жасыл қала атанып, биік
ғимараттар бой түзеп, әлемде сирек кездесетін мәдениет ошақтары мен сырбаз
сарайлары көкпен таласып жатыр.

Жалпы, елордамыздың мақтан ететін тұстары жетерлік ғой. Оны айтып тауыса
алмаспын. Мен болашағымды Астанамен байланыстырамын. Себебі болашақта Астана
әлемдегі ең таза әрі көркем барлық жағынан алға өрлеген, шет елдердегі алпауыт
қалалардың қатарынан ойып орын алатынына сенімім мол.

 

Перизат ЖАҚСЫЛЫҚ,

М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледждің студенті.

 

Болашақтың қаласы

 

Биыл Астана қаласының он алты жылдығын тойлағалы жатырмыз. Бүгінде бас
қаламыз жан-жақты даму үстінде. Онда ауқымды жобалар, жүйелі бағдарламалар
жүзеге асып, әлемдік дейгейдегі конференциялар мен форумдар, іскерлік
кездесулер ұйымдастырылып нәтижелі келісімшарттарға қол қойылуда. Мұның бәрі де
еліміздің экономикасы мен саяси жағдайының жақсарғанын білдірері сөзсіз.

Әрбір жас өреннің арманына айналған Астана олардың алға қойған
мақсаттарына жетуіне жол ашып, көптеген мүмкіндіктер жасауда. Еңселі
елордамыздың гүлденуі мен өркендеуіне жастардың қосар үлесі зор. Елбасының өзі
бас қаланы жастар қаласы деп тегін
айтпаса керек.

Астана – болашақтың қаласы. Біз, жалынды жастар ел игілігі жолында
еңбек етуге қашанда дайынбыз.

 

Жандос ТҰСМАҒАМБЕТОВ,

облыстық
жастарды қолдау орталығының директоры.

 

Есілдің ерке
шаһары

Әркімнің туған жері өзіне жұмақ.
Ендеше, біздер үшін де Арал өңірінен асқан құтты мекен жоқ. Қасиетті теңіз
небір қысталаңды басынан өткерді. Кемерінен тасып шалқыған шағын да, басынан
бағы тайған келбетін де көзбен көрдік.
Өткенге салауат.

«Мен Аралға көмек­те­семін деген
арманыма жеткеніме қуаныштымын». Елбасымыздың осы бір алғаусыз лебізін барша
аралдықтар мақтаныш тұтады. Олай
болмағанда ше? Қазіргі таңда тамырына нәр, келбетіне әр қайта енген ежелгі
қаланың әлеуеті жыл санап арта түсуде. Тек биылдың өзінде Арал қаласын
абаттандыруға облыстық бюджеттен қомақты қаржы қаралды. Оған демалыс орындарын
жасап, автобус аялдамасын, бағдаршам орнату, түнгі жарықпен безендіру,
көшелерді асфальт­тау, өзге де жұмыстар қолға алынуда. Бұл мемлекет тарапынан
жасалған зор қамқорлық екені даусыз.

ЕЛ ТІЛЕГІАдам өмірінде ұмытылмас сәттер кездесетіні анық. Менің ғұмырымдағы
басты оқи­ға­ның бірі Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевты Астана қаласында
өткен ұлықтауға қатысуым еді. Сол айтулы күн менің жадымда мәңгі сақталып
қалды. Бұл біздің әулет үшін де аса маңызды десем, артық емес. Еліміздің бас
қаласының ғажап көрінісін тілмен айтып жеткізу қиынға соғар еді. Көкпен та­ласқан
зәулім ғимараттар, көр­кем аллеялар, Есілдің сол жағалауын оң жағалауымен жал­ғастыратын
аспалы көпір сұлулықтың үлгісіндей. Мұн­таздай таза көшелерге еріксіз
сүйсінесің. Ал, Бәйтерек кешені, «Қазақ елі» монументі жаныңа өршіл рух себеді.

 

Дәуренбек МАДИНОВ,

Арал қаласының әкімі.


Жыл он екі ай жаңалық

Ел өміріне біркелкі ырғақ беріп, әлеуметтік-экономикалық және
мәдени-тұр­мыстық тыныс-тіршіліктің күретамырына айналған еліміздің бас
қаласы – Астананың туған күнін жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде айрықша
атап өтуде. Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы.
Қаланың әлем халық­тарына мақтана көрсетер жетістіктері мол.

Астана – болашағы жарқын қала. Қазақ­станның жүрегі мәңгі соғып, бас
қаласы одан әрі гүлдене берсін! Елорданың көз сүріндірер келісті келбеті күн
санап жасарып, көркейіп, гүлдене түсуде. Ол жаңаша қарқын алған құрылысымен
ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан гүлзарларымен,
аллеяларымен назарға ілініп, шетелдіктерді таңғалдыруда.

Елордада күнде жаңалық. Өткен аптада тағы бір мешіт ашылса, күні кеше
«ЭКСПО-17” қалашығының іргетасы қаланды және Ұлттық қорғаныс университетінің
жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Астана күніне тамаша тарту. Міне, осындай
заманауи ғимараттардың арқасында сайын Сарыарқаның төсінде тотыдайын таранған
әз Астанамыз жылдар келе, алып Азия мен Еуропаның шоқтығы биік қалаларының
біріне айналатынына, алдағы ғасыр үлесінен орын алып, батыл үмітпен нық
сенімнің тұлғалы тірегі боларына сенемін.

Құрметті жерлестер! Сіздерді киелі тәуелсіздігіміздің тірегі, сүйікті
Отанымыздың жүрегі, халқымыздың мақтанышы – елордамыз Астана қаласының төл
мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

 

Анар Саршаева,

«BAQ kz» ақпараттық агенттігі

аймақтық БАҚ бөлімінің
үйлестірушісі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз