ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ЕЛОРДА

201

0

ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ЕЛОРДАЕуразия
төрінде орын тепкен Астана қаласының бүгінгі таңда Жер шарында айрықша орны
бар. Қазақ елінің бас ордасына айналғанына әлі жиырма жылдың жүзі бола қойған
жоқ. Десе де, қазір дүние жүзіндегі
дүйім ел Астананы жақсы біледі. Бас қаламыз қысқа уақыт ішінде әлемдік
өркениетте өзіндік орнын еншілеп, әлеуметтік, рухани және мәдениет тұрғысында
іргелі аймақ ретінде саналып келеді.

1994 жылдың 6 шілдесінде ҚР Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев рес­публика астанасын Алматыдан орталық өңірге қарай көшіру
туралы идеясын алғаш рет Жоғарғы Кеңес депутаттарының алдында жария еткен екен.
Дәл сол күні Қазақстан Респуб­ликасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан
Ақмолаға ауыстыру туралы шешім-қаулысы қабылданды.

Кейіннен, 1997 жылы Қазақстан Президенті
Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты.
Соған орай Ақмолаға қарай ресми көштің басы 1997 жылдың күзіне қарай бас­талды.
Осы жылдың 20 қазанында Президент Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы
болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы Ақмола қаласына жеткізілді. Осы
салтанатты шарада Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Барлық сая­­си шешімдер
бүгіннен бастап осы қалада қабылданатын болады», – деп ресми жариялаған еді.
Көп кешікпей, 1998 жылы Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып
өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап туған күнін
атап өтуді игі дәстүрге айналдырды. Жеті жыл қатарынан мереке 10 маусым күні
тойланып келді. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек
елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне
айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және
қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге –- Астана күні атауы беріліп, оны атап
өту алғашқы тарихи шешім қабылданған күн – 6 шілдеге бекітілді. Ал 2008 жылы
«Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге
сәйкес, 6 шілде – Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.

Міне, Астананың тікелей авторы Елбасы
Н.Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «Ұлт келбетіне айналған біздің Астанамыз қай
жағынан қарағанда да кісі қызығарлықтай, Шығыстың да, Батыстың да айшықтарын
қатар қабыстырған қалаға айналып келеді». Сол Астана бүгін 16 жасқа толып, аз
ғана жылдың ішінде әлем таныған әсем қалалардың қатарынан көрінді. Сонымен
қатар, «Еуразияның қақ ортасында біз орнатқан Астана – Қазақстан халқының
дербес таңдауы. Астана – елдің болашаққа салған көпірі. Жаңа қоғамның символы.
Біз іс жүзінде жаңа мемлекет орнатуды астанамызды жаңадан салудан бастадық
десек те, артықтығы жоқ», – деген болатын бір сөзінде Елбасы Н. Назарбаев.

Шындығында, бүгінгі таңда жер-жаһан
Астананы Қазақтың бас қаласы ретінде танып қана қойған жоқ, Еуразия
кіндігіндегі ең белсенді орталыққа, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын
орталыққа айналғанын да мойындап отыр. Ару Астана төрткүл дүние тамсанатын,
әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын бас
қаласы ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұмыр жерді
толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика,
дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті.

Соның айқын дәлеліне келсек, 2010 жылғы
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астана
Саммитін өткізгелі бері Елорданың мерейлі мәжілістер өткізе алатын деңгейі
қуаттала түскендей болды. Айбарымызды асқақтатқан Азиаданы қоспағанда
халықаралық саяси һәм экономикалық маңызды мәселелер талқыға салынған жиындар,
жоғары деңгейде халықаралық шешімдер қабылданған мәжілістер соның айғағы. Бір
сөзбен айтқанда, Астана қазақ даласының ғана емес, өңірдің беделін алға сүйреп
келеді. Ал «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі секілді жаһандық деңгейдегі
басқосулардың алдағы уақытта да өткізілуі елорданың даңқын да арттыра түспек.

Қазіргі кезде елорда халқының саны 800
мың адамнан асты. Қазақстандық менеджмент, экономика және болжамдау
институтының зерттеу тобының есептері бойынша 2030 жылға қарай Астананы 1 млн.
200 мың адам мекендейтін болады.

Әрине, қазіргі заманға сай Астананың
көркін жаңа сәулеттік ғимараттар ашып тұр, олар қаланың ажарын танымайтындай
етіп өзгертті. Нысандарды жобалауға шетелдік сәулетшілер, алдыңғы қатарлы
құрылыс компаниялары тартылды. Астананың жобалау базасының дамуына 2000 жылы
құрылған жобалау институты – «Астана бас жоспары” МҚК-ның қосқан үлесі зор.
2002 жылы қолайлы ивестициялық хал-ахуалды қалыптастырып, жеке инвес­торларды
тартуға жол ашқан «Астана – жаңа қала” арнайы экономикалық аймақты құру туралы
Жарлық шықты. Елорданың бас жоспарын жасауына үлкен көңіл бөлінді. Ең үздік бас
жоспарына екі конкурс жарияланды. Екінші конкурсқа Ресей, Италия, Жапония,
Австралия, Германия, Түркия, Польша, Өзбекстан, Беларус және т.б. елдердің
шығармашылық топтары мен шеберлері қатысты.

Жеңіске әлемдік сәулет өнерінің шебері
және танымал теоретик Кисё Курокава жетті. Астананы дамыту негізі етіп,
сембиоз, метаболизм және абстракциялық символизм идеяларын алды. Жапон
сәулетшісі үшін қала – бұл қоршаған ортамен тамаша үйлесіп жатқан жергілікті
ландшафтқа көрік беріп тұрған тірі организм. Бұл идея Есілдің жағасында кең
далада бой көтеріп келе жатқан Елордаға сәйкес келді. Ең басында-ақ
құрылысшылардың алдына қаланы сәулетті, жарық, үйлесімді және ыңғайлы салуға тапсырмалар
жүктелді.

Қаланы салуда және оны қайта жаңартуда
міндетті түрде әлемнің озық тәжірибелері мен дәстүрлі жетістіктер қолданылды.
Бірінші кезекте, шаһардың бұрынғы орталық көшелерін қайта күрделі жөндеуден
өткізу, оны елорда мәртебесіне сай жасау міндеті тұрды. Бұл жұмысты жүргізген
кезде ашық түстерді көбірек қолдануды тапсырды. Екінші кезекте, Есілдің сол
жағалауында арнайы әкімшліктің құрылысы басталды. Келесі жылдың күзінен бастап
орталықтың жұмысы толық ұйымдастырылатын болады.

Астананың сәулеттік дамуында британдық
шебер Норман Фостердің екі жобасын алуға болады. Біріншісі, Бейбітшілік пен
ынтымақтастық сарайы және «Хан шатыры” атты сау­да ойын-сауық орталығы. Бұл
нысан ұлы көшпенділердің озық дәстүрі мен мәдениетін негізге ала отырып бой көтерген.
Бейбітшілік пен ынтымақтастық сарайы 25 қабаттан тұрады. Оның жалпы көлемі 25,5
мың шаршы метр. Астанадағы Бейбітшілік пен ынтымақтастық сарайы сияқты
архитектуралық наным нысандары бүкіл әлемде жоқ. Әрине, әртүрлі діни
дәстүрлерді бір шаңырақтың астына жинайтын ғимараттар бар, дегенмен, Астанадағы
сәулетті сарайдың олардан айырмашылығы – өзара келісім аясында тиімді сұхбат
құруға арналған бір ғана алаңқай. Бұл жерге әртүрлі әлемдік діни дәстүрлердің
өкілдері қатысатыны, Мәдениет мұражайында, Өркениет Университетінде, 1500
орындықты опера театрында бас қосатыны ақылға қонымды. Бұл – тамашаға қолдау
көрсететін төрт мықты тіреуіш – символдық «әлем алақаны». Бұл – діни
татулықтың, Қазақстанның еркі мен ашықтығын білдіреді. Пирамида Есілдің сол
жағалауы мен оң жағалауын байланыстырады. Құрыш, алюминий, көптеген арнайы шыны
конструкциялар, техникалық ғаламат ойлар, сәулет өнеріндегі жаңашылдық –
ғимаратты шындығында ғажайыпқа ұқсатады. «Хан шатыры» ойын-сауық орталығы –
Астанадағы ғажайып орындардың бірі. Жаңа қаланың солтүстік жағында орын тепкен
көздің жауын алатындай екі жүз метрлік сұлу ғимарат қала тұрғындары мен
қонақтарының алдынан көшпенді алыптың қолымен тұрғызылған хан шатырлары
есіктерін айқара ашып, көпшілікті таңҒалдырды. Бірегей сәулет-құрылыс тұжырымдамасының
өзі ежелгі Сарыарқаның қатал климатына бір өзі төтеп беретіндей ойластырылған.
Елорданың жаңа ойын-сауық орталығында бірнеше табиғи ландшафт ұсынылды. Жарық,
ылғалдылық пен температура жыл бойы бақыланып, ауа райы қатал аймақтың тұрғындары
үшін жайлы орынға айналды.

Әділжан ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз