ЕЛІМІЗДІҢ ЕРТЕҢІ – ЖАСТАРДЫҢ ЕНШІСІНДЕ

40

0

Жосалы кенті әкімінің мәжіліс залында «Жас Отан» жастар қанатының кезектен тыс VІ конференциясы өтті. Онда аудандық филиалы жанындағы  атқарушы хатшысы А.Қозыбақовтың 2013 жылы атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ә.Қошалақов қатысып, сөз сөйледі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы -2050: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталып өткен ол «Қазірде еліміз әлеуметтік-экономикалық жағынан өсіп келеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы барлық саланы қамтиды және үздіксіз өсуді қамтамасыз етеді. Бүгінде біздің мемлекетіміз 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп отыр. Осы мақсат-міндеттерді орындайтын болашақ жастар – сіздерсіздер»  деген ол жастарға шақыру салды. 
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша А.Қозыбақов «Жас Отан» жастар қанатының 2013 жылы атқарған жұмыстарының есебін беріп, алдағы 2014 жылы атқарылатын міндеттерге тоқталды. Ол өз есебінде «Дипломмен – ауылға!», «Жастардың кадрлық резерві», «Стоп, қылмыс» жобалары бойынша атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баян етті. 
Есепті жиында «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшелері: «Жыраулар үйінің» маманы А.Іскендіров, салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің психологы К.Алданазарова, аудандық емхананың фельдшері Н.Зиядинұлы өз ой-пікірлерін білдірді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Раева Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталып өтті. Басты  құжатты жаңа форматта насихаттау жұмыстарын ұйымдастыруға,  белсенді жастар тобын құрып, ауылдық елді мекендерде халықпен кездесу ұйымдастыру қажеттігін ескертті. 
«Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Е.Меңлібаев сөз сөйлеп, аудандық әріптестерінің жұмысын әлі де болса жандандыру қажеттігін айтып, «Жастар – ауылға» мобильді топтарын құру қажеттігін ескертті. Келесі сөз кезегін алған «Жас құрылысшылар» жасағының жетекшісі С.Жұмабеков облыс әкімінің бастамасымен аймақта жас құрылысшылар жасағы құрылғанын, оған облыс бойынша 145 жас тартылғанын айтып, аудан көлемінде жақында ғана ашылған «Жастар саябағында» «Жастар сарайы» салынуы жоспарланғанын жеткізді. Аудан жастарын құрылыс жұмыстарына тарту арқылы жұмыссыздықты азайту қолға алынбақ. 
Жиын соңында бір топ жас «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды. 
«Жас Отан» жастар қанаты аудандық филиалының хатшысы болып А.Қозыбақов қайта сайланды.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Қармақшы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз