ЭНЕРГИЯНЫ ҮНЕМДЕУ ШЫҒЫНДЫ АЗАЙТАДЫ

41

0

ЭНЕРГИЯНЫ ҮНЕМДЕУ ШЫҒЫНДЫ АЗАЙТАДЫ

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыс бойынша департаменті «Қызылорда су жүйесі” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының атқарып жатқан жаңғырту және қайта құру жұмыстарының барысымен таныстыру мақсатында журналистерге арнап баспасөз турын ұйымдастырды.

Сапар барысында жол бастаған департамент директоры Нұрлан Пірімов Елбасының энергия тиімділігі мен энергия үнемдеудің маңыздылығына аса мән беріп отырғанын атап өтті. Сондықтан да күнделікті өмірде экономика секілді салаларда энергия жинақтаудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта «Жасыл экономикаға” өту тұжырымдамасы да бекітілді. Әрине, бұл тұжырымдаманың нақты іске асуына әрбір мекеме мен кәсіпорын, әрбір адам тікелей атсалысуы қажет.

«Қызылорда су жүйесі” МКК өткен жылы өз қаржысы есебінен 72,3 млн. теңге инвестиция салды. Бұл қаржының 33,7 млн. теңгесі ауыз сумен қамтамасыз етуге, ал, 38,6 млн. теңгесі кәріз суды бұру және тазартуға жұмсалды.

Бүгінде қалада тоғыз қабатты үш-ақ үй бар. Оның бірі «Мерей” шағын ауданында болса екіншісі Әуезов көшесінің бойына орналасқан. Шынтуайтында, осы үйлердің жоғарғы қабаттарына суды көтеру қиынға соғып келген. Осы жайтты ескерген кәсіпорын басшылары бұл үйлердің әрқайсысына су қысымын көтеру насосы станциясын салып, электр қуатын үнемдейтін және автоматты режимдегі екі қондырғыдан орнатты. Соның арқасында бұл үйлердің қай қабатына болмасын, қазір су үздіксіз беріліп тұр. Сонымен қатар, кәсіпорын «Сәулет” шағын ауданындағы 220 квартал тұрғындарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында өз қаржысына 310 шаршы метр су құбырын жүргізді. Сондай-ақ, Байқоңыр көшесіне 320 шаршы метр кәріз су жүйесін тартып, оны пайдалануға берді. Осындай жұмыстар «Мерей” шағын ауданындағы үш көп қабатты тұрғын үйлерге де жүргізіліп, 22 бақылау құдығы ауыстырылған. Айта кету керек, кәсіпорын қызмет көрсету аясын жақсарту мақсатында екі автокөлік пен қарызы бар тұтынушыларды кәріздік су жүйесінен ажырату үшін ОБК-09 құрылғысын да сатып алған.

Жалпы, қайта жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру нәтижесінде кәсіпорынның нормативтен тыс ысыраптары жойылып,
32,7 млн. теңге қаржы ұтымды пайдаланылған. Электр қуатын, үнемдейтін насос қондырғыларын орнату да кәсіпорынға өз тиімділігін берген. Атап айтқанда 2012 жылмен са­лыстырғанда өткен жылы электр қуатын пайдалануға кететін шығын 2,8 млн. теңгеге азайып, 270 мың кв/сағат үнемделген.

Қазіргі таңда Үкімет»2015 жылға дейін Қызылорда қаласының ауыз су және кәріз су жүйелері мен ғимараттарын қайта жаңғырту мен кеңейту” бағдарламасына қолдау көрсетіп, 2288,1 млн. теңге қаржы бөлді. Бұл қаржыға кәсіпорын «Арай”, «Мұнайшы” және «Қызылжарма” су алу құрылымының құрылысын жүргізіп, абаттандырған. Сөйтіп барлығы 25 жерасты ауыз су ұңғымасын іске қосты. Осы жобаның жүзеге асырылуы Қызылорда қаласын ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жол ашты. Әрі су сапасы айтарлықтай жақсарды. Биыл да осы жобаға орай республикалық бюджеттен 5,3 млрд. теңге қаржы қаралып отыр. Бұл қаржыға да 36 жерасты ауыз су ұңғымаларын бұрғылау мен 1,2 шақырым ауыз су және 12 шақырым кәріз су жүйелері қайта жаңғыртудан өткізілмекші.

Энергия үнемдеу саясатының басым бағыттарының бірі, ол коммуналдық қызметтердің есептеу құралдарын орнатудың маңызы зор. Бұл тұрғыдан алғанда, «Қызылорда су жүйесі” МКК 55208 дана есептеу құралдарын орнатқан. Бұл жалпы қажеттіліктің 94 пайызы екенін көрсетеді.

Жалпы, департамент Елбасының тапсырмасына орай аймақтағы ауыз суды пайдалануды үнемдеу мақсатында 2012 жылғы 1 қыркүйектен бастап суға тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтер енгізді. Осы сараланған тарифтерді енгізудің нәтижесінде 2012 жылы жеке тұрғын үй тұтынушысы бір айда орташа есеппен 8,7 текше метр су пайдаланса, өткен жылы бұл көлем 8,2 текше метрді құраған. Сөйтіп, тұтынушылар 15,7 млн. теңге қаржыны үнемдеген.

Қорыта айтқанда, кәсіпорынның энергия тиімділігін қажетті деңгейге жеткізу мен оның «жасыл экономика” құру бағытындағы жұмыстары өз жалғасын табатын болады.

 

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз