ЕРЛІК – ҰРПАҚТЫҢ МҰРАСЫ

43

0

Ұлы Отан соғысы туралы мыңдаған кітаптар мен мемуарлар, күрделі ғылыми еңбектер  жазылды және қазір де жазылуда. Халықтың ерлік дастаны тарихшының да, әдебиетшінің де, өнер иелерінің де өзекті мәселесіне айналды. Ерлік дастаны жөнінде соғыс сұрапылын бастан кешкен ардагерлер – солдаттан бастап маршалға дейін қалам тербеп өткеннің ерлігін келешек ұрпаққа рухани мұра етіп қалдыруда. 
Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 69 жыл толды. 9 мамыр – сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер, тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған тыл еңбеккерлері, олардың ұпақтары мен өткенді бағалап, таразылай білетін адамзат тойлайды.  Белгілі тарихшы, ғалым академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев: «Тарих үш өлшемге негізделеді. Адам. Уақыт. Кеңістік. Әр пенденің бүгінгісі, өткендегісі, болашағы бар. Өткені – ғибратты, бүгінгісі – жарқын, болашағы кемел болмаса, бұл өмірінде мән де, сән де, нәр де жоқ» деп жазған болатын. 
«Жүк ауырын нар көтерер, ел ауырын ер көтерер» деп халқымыз айтқандай, жауға қарсы шайқастар алдыңғы  шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең-байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары  Қазақстан миллиондаған босқындары өз бауырына тартып, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды. Ыбырай Жақаев, Шығанақ Берсиев еңбек ерлерімен қатар иықтарына үлкен ауыртпалық түскен еңбек даласында миллиондап жұмыс істеген әйелдерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін емес.
Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады. Қазақстанның 1941-1945 жылдардағы қанды қырғында 1,2 миллиондай ұл мен қыз аттанса, оның 150 мыңға жуығы біздің облысымыздан аттанған болатын, содан 30 мыңға жуық арыс елге қайтып оралмады. 12272 қызылордалық жауынгер ұрыстарда қаза тапты, 2828-і госпитальдарда алған жарақаттарынан көз жұмды, 230-ы тұтқынға түсіп, жоқ болды, 11369 жауынгер хабарсыз кетті. 
Ұлы Отан соғысының тарихы кеңестік тарих ғылымының ғана емес, қазіргі тәуелсіз Қазақстан тарих ғылымының басты бағыты болып отыр.
Халқымыздың «Болашақты болжағың келсе, бір сәт өткенге көз сал» дейтін  даналық сөзін ұғына отырып, оның мән-мағынасының тереңде жатқанын байқаймыз. Өткеніне көз жүгіртіп, ой елегінен өткізу арқылы бүгінгі ұрпақтың тарихты білумен қатар, рухани жағынан да кемелдене түсері анық. Жылдар өткен сайын Ұлы Отан соғысының жылнамасы алыстай түссе де, тарихымыздың парақтарында, бүгінгі және келер ұрпақтың есінде ел азаттығы үшін соғыста от кешкен жауынгер отандастарымыздың, батыр жерлестеріміздің есімдері мәңгі сақталуы тиіс.
А.ДОСМАМБЕТОВА,
Н.БАСҚОЖАЕВА,
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда  аграрлық техникалық колледжінің оқытушылары.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз