ЕСТЕ ҚАЛАР ЕКІ КЕЗДЕСУ

93

0

Қазақстан
халқы Тұңғыш Президент күнін биыл үшінші рет атап өткелі отыр.

Бұл күн –
тәуелсіз еліміздің тарихи таңдау жасаған
күні. Бұл күн осыдан тура 23 жыл бұрын Тұңғыш Президент сайлауында Нұрсұлтан
Әбішұлының барлық қазақстандықтардың зор сеніміне ие болған күні.

Тәуелсіз
Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын бекіткен, болашаққа бағдар беріп,
төрткүл әлемге танытқан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың
еңбегі ұшан-теңіз екені белгілі. Елбасының сарабдал саясатының арқасында
беделді де қуатты мемлекетке айналдық.

Ұлт
көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлымен 1998 жылы екі рет кездестім. Оның алғашқысы
қазан айының жиырма алтысы болатын. Елбасының Елордадағы резиденциясында өткен
қабылдау алдағы Президент сайлауына орай ұйымдастырылды. Онда жұрт сенген
өкілдермен кездесті. Елбасының сенімді өкілдері – ардагерлер, қоғам
қайраткерлері, шығармашылық ұйымдар өкілдері сайлау қарсаңында атқарар жұмыстар
ауқымын айқындады. Елбасы олардан сайлаушылардың тек Президенттің жеке басы
үшін емес, елдің ертеңі үшін дауыс беретінін терең түсінуін өтінді.

Бұл елдің
тығырықтан шығып, халыққа тиесілі жалақы, зейнетақы, жәрдемақы берешектері
толық төленген кез еді. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, бар қиыншылықтың
беті бері қарай бастаған. Содан да болар Мемлекет басшысы елдің, халықтың
жағдайын сұрады.Біздердің тұшымды жауаптарымызға ризашылығын білдірді. Әлі де
жағдайдың жақсаратындығын, сол бағытта кешенді бағдарламалар қолға алынып
жатқандығын жеткізді.

Сол жылы
екі айдан соң Елбасымен екінші рет кездесудің сәті түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы он
сегізінші желтоқсанда Қызылордаға келді. Оны әуежайдан облыс әкімі Бердібек
Сапарбаев екеуміз күтіп алдық.

Мемлекет
басшысы осы сапарында есте қаларлық екі кездесу өткізді. Оның алғашқысы
Сырдария ауданының Аманкелді ауылындағы клубта болды. Онда жиналған
жұртшылықтың Елбасына деген ықыласын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Нұрсұлтан Әбішұлы көпшіліктің ықылас-пейіліне шынайы ризашылығын білдіргеннен
кейін мәдениет үйіне қойылған қолөнер бұйымдар көрмесін аралап көрді. Әсіресе,
сырдариялық шебер С.Әкімовтің қолынан шыққан ою-өрнегі көз тартатын әуез
аспаптары мен түрлі тұрмыстық заттар Елбасының назарын аударды.

Одан әрі
облыс орталығындағы жаңа әмбебап аурухана ғимаратына аялдап, аурухананың
алғашқы кезеңін пайдалануға беру лентасын қиған Нұрсұлтан Әбішұлы: – Біз
халықтың денсаулығын қорғаудан ештеңе аямаймыз. Мына аурухана соның дәлелі, –
деді. Салтанат барысында республикаға еңбегі сіңген дәрігер Ернияз Омаров қамқорлығы
үшін Елбасына дәрігерлер қауымының алғысын жеткізді.

Нұрсұлтан Әбішұлы біздің Қорқыт ата
атындағы университеттің бас ғимаратындағы студенттердің сәулет және дизайн
жұмыстарына арналған көрмені аралауға да уақыт бөлді. Талантты жастардың
туындылары Президенттің көңілінен шыққаны аңғарылып тұрды.

Облыс аудандары мен Қызылорда қаласы
сайлаушыларының Н.Бекежанов атындағы драма театрда бас қосқан үлкен жиынында
республика Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді өкілі ретінде
оның өмірбаянын мемлекет басшылығындағы күрделі еңбегімен сабақтастыра баяндап
бердім.

Сайлаушыларды, әсіресе Нұрсұлтан
Назарбаевтың мына сөзі ұйытып әкетті.

– Тарихқа жүгінсек, бұл жерде қазақтың
Жент, Сығанақ және Қызылорда секілді астаналары болған. Бұл жер күллі түркі
жұртының абызы Қорқыт бабамыздың, Жанқожа мен Бұқарбай сынды батырлардың, басқа
да дарынды перзенттердің туған өлкесі. Сонан да Қызылорда күллі қазақ үшін
қасиетті ортақ жер, – деді Елбасы. – Сондықтан «Сыр – Алаштың анасы” деп айтуға
толық негіз бар.

Терең мағыналы осы тарихи сөзді Елба­сының
аузынан алғаш рет осылай естіп едік.

Қылышбай БИСЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің ректоры,
техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз