ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ

56

0

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ
бәсекеге қабілетті жаһандық интеграциялық бірлестік болмақ
Еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан бастап нарықтық қатынастарды игере бастады. Ал нарықтық экономиканың өз заңдылықтары бар. Және олар  тым қатал. Бұл заңдарды басшылыққа алмасаң ісің кері кететіні анық. Осы жылдары жұртшылық нарықтық экономикаға қатысты жаңадан түрлі терминдерін де естіп келеді. Соның бірі мысалы – девальвация. Әрине, жақында болып өткен теңге девальвациясының қарапайым жұртшылық үшін кейбір ауыртпалықтары бар, ол ақиқат. Ал бірақ тұтастай мемлекет экономикасы үшін қажетті шара болды.  Ондай қадамға Елбасымыз, Үкімет пен Ұлттық банк басшылары, қаржы мамандары жайдан барған жоқ. Бүгінгі әлемдегі нарықтық қатынастардың жай-күйі солай істеуге мәжбүр етіп отыр. Оған баршамыз түсіністікпен қарауға тиіспіз. 
Жиі айтылып жүрген терминдердің қатарында интеграция сөзі де жүр.  Оған нақты мысал ретінде бүгінде жүзеге асып отырған интеграциялық бастама – Кедендік одақты айтуға болады. Алайда, құрылғанына екі жылдан асқан Кедендік одаққа қатысты адамдардың ойлары да әртүрлі. Жалпы көпшілік арасында «Осы Кеден одағының қажеті бар ма?» деген сөз айтылмай қалатыны жасырын емес. Ал бірақ сарапшылар мен мамандардың айтуынша, бұл өте керек одақ. Иә, әлемдік экономика жағдайы Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерін  Кедендік одақ құруға мәжбүр етті. Оны да түсіне білуіміз қажет. Кедендік аумақ құру арқылы экономикалық әртүрлі ынтымақтастыққа жол ашылады. Ең бастысы, бірлескен өндіріс орындарын ашу арқылы одаққа мүше елдердің индустрияландыру саясатына ықпал етуге болады. Сыртқы тауарлар экспанциясынан бірлесіп қорғануға мүмкіндік туады. Сонымен бірге, Кеден одағына мүше елдер бір-бімен сауда-саттық жасасқанда шекарадан өтер кезде төленетін кедендік алым-төлемдерден босатылып, қағазбастылықтан құтылады. Үш елдің бүгінгі таңда 2 трлн. долларға бағаланып отырған бірыңғай нарығы бұрынғыдан да кеңейе түседі. Бұл өз кезегінде инвестициялық тартымдылығымызды арттырады. Ең бастысы, үш елдің халқы үшін тұтынатын өнімдер ассортименті кеңейеді. Үш елдің арасында бәсекелестік орнайды, бұл өз кезегінде тауарлардың сапасының артуына, тауар мен өнімнің қолжетімділігіне жол ашады. Үш мемлекеттің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік туып, кірісіміз артады. Ал кәсіпкерлеріміз өз өнімдерін халыққаралық нарыққа шығаруда жаңа мүмкіндіктер мен жеңілдіктерге ие болады.  
Кедендік одақтың артықшылығы туралы айтқанда мына мәселеге назар аудара кеткен дұрыс. Бүгінгі таңда үш елдің аумағында 170 млн. адамнан тұратын үлкен нарық құрылуда. Одаққа мүше елдердің ішкі жалпы өнімі 2 трлн. долларға, ал өнеркәсіптік әлеуеті 600 млрд. долларға жетіп отыр. Жер бетінде өндірілетін бидайдың 12 пайызы осы одаққа тиесілі әрі сол бидайдың әлемдік экспортының 17 пайызы да одақтың еншісінде болады. Алдын ала болжам бойынша Кедендік одаққа мүше елдердің ішкі жалпы өнімі 2015 жылға қарай 15 пайызға артады деп күтілуде. Бұдан да басқа игіліктері болатыны айтылуда.  Негізінде нарық тұрғысынан Қазақстанның мүддесі өмірлік-стратегиялық болып табылады. Қазақстан үшін баж салығынсыз 160 млн. адамдық нарықтың ашылуы экономикамызды ынталандырып қана қоймайды. Ол қазір ел басшылығы іске асырып жатқан индустриалдық-инновациялық бағдарлама аясында ірі, шағын және орта бизнесті ынталандырады. Белоруссия мен Ресейдің нарығын жаулап алудан басқа жол жоқ. Біз үшін ол игілікті іс саналады.  
Жалпы мұның өзі бір географиялық кеңістіктің ішінде ұлттық экономикалардың қорғалуы жаһандық дамудың үрдісіне айналуда екенін көрсетеді. Шынын айтқанда, бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылдың өзінде Мәскеуде Ломоносов атындағы халықаралық университетінде көтерген Еуразия одағын құру туралы бастамасының іс жүзінде жүзеге асырыла бастағанының бір айқын белгісі деп айтуға негіз бар. Елбасының «Известия» газетінің 2009 жылғы 19 наурыздағы нөмірінде жариялаған «Ұзақ мерзімді болашақта оның баламасы болмақ емес» атты мақаласында «Еуразия одағын құру бастамасын ұсына отырып, мен бұл міндеттің ондаған жылдар ішінде шешіле қалмайтынын анық білгенмін. Алайда, 15 жылдың өзінде талай шаруа атқарылды. Ең бастысы – еуразия теориясы нақты істерге ұласа бастады» деп жазған болатын. Иә, расында да еуразиялық бастаманың нақты жүзеге асуы ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және тағы басқа да бірқатар мемлекетаралық  құрылымдардың қызметінен көрініс тапты.
Бүгінгі күн биігінен қарасақ тәуелсіздігін жариялағанына небәрі үш жыл толған Қазақстан Республикасын құрушы, мемлекетіміздің тұңғыш Президенті тіпті сол кездің өзінде адамзат қоғамының даму тарихынан, интеграцияның қоғамға тигізер пайдасынан, жаһандану заманында болуы тиіс барлық жаңалықтардан хабардар болғанын аңғарамыз.  Тағы бір назар аударарлық тұс – КСРО-дан енші алған мемлекеттер тұрғындары да, олардың басшылары да біздің ел Президентінің үлкен одақты ең кемі конфедерациялық үлгіде сақтап қалу үшін соңына дейін күрескенін біледі. Бірақ ол күрестен нәтиже шықпады. Ресей университетінің дәрісханасында Н.Назарбаевты тыңдаған ықпалды топ өкілдері мен ғұлама ғалымдар да үмітсіздікпен қараған еді. Оның да өзіндік себептері бар. Олардың көбісінде сол кезге дейін «Одақтас республикаларды, оның ішінде Қазақстанды да «асырап» келген Ресей Федерациясы» деген жалған ойдың жетегінде болды. Ол ойдың мүлде жалғандығын тәуелсіз Қазақстанның 2010 жылға дейінгі, яғни, Кедендік одақ үштігі пайда болғанға дейінгі даму қарқыны іс жүзінде толық дәлелдеп берді. Сол кезде шолақ саясаткерлер мен тайыз ғалымсымақтар Ресей Федерациясының табиғи қорлары мен ғылыми әлеуеті, индустриясы бұрынғы одақтас республикалардың бірде-бірінің көмегінсіз жеткілікті дәрежеде дамуға мүмкіндік береді деген тұжырымда болды. Сондықтан да біздің Елбасымыз 1994 жылы өзінің өміршең идеясын жариялаған кезде мейлінше қарсылық көрсетіп, қасарысып баққан ресейліктердің өзі бұл күндері Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕурАзЭқ) өмірдің өз сұранысы екенін мойындаған.
Бүгінде өзгеден бөлектеніп, жеке-дара көш бастау мүмкін емес екені белгілі. Қай салада, қай мақсатта болмасын, күш біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара ұйымшылдықпен жасалған жұмыс жеңісті болады. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық одақ құру туралы бастамасының алар орны ерекше. Еуразиялық одақты «күрделі мегажоба» деп атаған Нұрсұлтан Әбішұлы: «Еуразиялық одақ о бастан бәсекеге қабілетті жаһандық экономикалық бірлестік ретінде құрылуы керек. Әлем жаңа технологиялық революцияның табалдырығында тұр. Бүгінде Қазақстан индустриялық-инновациялық дамуға бағыт алды. Біз заманауи өндірістік күштерді болашақтағы ұлттық экономикалық инновациялық жаңа құрылымдар ретінде құрамыз»,-деді. Еуразиялық интеграцияның геоэкономикалық, сонымен бірге алдағы уақытта геосаяси өсуі эволюциялық және еркін жолмен дамуы тиіс екенін жеткізді.  ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының басында еуразиялық интеграция Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шынайы келбетін айқындай түсті. Ол өзінің тарихи келешегін біздің елдердің және халықтардың жағдайын жақсартып, гүлденуіне апаратын сенімді жол ретінде дәлелдеді. Түпкілікті саяси шешім қабылданды. Экономикасы мықты, тұрақты бүкіл Еуразиялық одаққа тиімді кеңістік құру үшін әлі де болса көптеген ауқымды жұмыстарды атқару керек. Біздің ортақ стратегиялық мақсатымыз дәл осында. 
2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік құрылды. Мұның өзі Еуразиялық одақты құруға бастайтын жол деуге болады. Иә, қазірдің өзінде 170 млн. тұрғыны бар біршама рынок жасап алдық. Алдағы уақытта оның мүшелері көбейіп жатса, рынок сыйымдылығы арта бермек. Еуразиялық кеңістікте Еуропалық одақпен күш сынаса алатын одақтың өмірге келетінін Батыс пен Шығыстың барлық сарапшы институттары мойындаған. Бұл Еуразиялық интеграцияның өміршеңдігін мойындау деген сөз.  
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз