ЕУРАЗИЯЛЫҚ КЕҢІСТІК: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ШЕҢБЕРІ ҰЛҒАЯ ТҮСЕДІ

61

0

Жаһандық еңбек бөлінісінде өз нарығыңды қорғау бүгінгі таңда өзекті мәселенің біріне айналды. Бұл, шынтуайтына келгенде, өмірдің өзі тудырып отырған қажеттілік. Өзара тауарлар алмасу арқылы әрбір мемлекет сыртқы факторлардың ықпалынан қорғанады. Түйініне келсек, бұл саяси мәселе, рынокты қорғау, жұмыссыздықтың зардабын жеңілдету арқылы жанкешті бәсекелестік жағдайында өркениет көшіне ілесуге болады.
Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасында қызмет жасап жатқан Кедендік одақ, осының негізінде таяу уақытта кең өріс алғалы отырған Еуразиялық экономикалық одақ мәселелері қазіргі таңда барынша өзекті мәселе болып табылады.
Әдетте, жаңа құрылым туралы халық арасында алыпқашпа әңгіменің өрбіп жататыны табиғи құбылыс. Осы сипаттағы әңгіме көптен бері одақтың ортақ валютасы төңірегінде жиі айтылып жүр.
Күні кеше ғана ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақта бірыңғай валюта болмайтынын мәлімдеді. «Мұндай сөздердің қайдан шығатынын білмеймін. Бірыңғай валюта туралы әңгімені қозғаған емеспіз. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта мұндай мәселе жоқ. Ешқандай бірыңғай валюта болмайды, теңге қалады», – деді Б.Сағынтаев. Сонымен бiрге ол ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтiң Еуразиялық экономикалық одақ құру аясындағы мәселелерді талқылау үшін Мәскеуге іссапармен баратынынан хабардар етті.
Б.Сағынтаевтың атап өткеніндей, Кеден одағы аясында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы өсті. Мысалы, 2013 жылы еліміздің Ресей және Беларусь мемлекеттерімен тауар айналымы 24 млрд. доллардан асқан.
– Кедендік Одақ құрылған уақыттан бері Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне тартылған шетелдік инвестиция көлемі екі есеге жуық өсті. 2009 жылы экономикаға құйылған инвестиция көлемі 1,8 млрд. доллар болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 3,4 млрд. долларға жеткізілді. Бұл орайда тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 34 пайызға өсіп, 28 млрд долларға жетті. Кеңес Одағы аясында біз сауда бәсекелестігінен қалыс қалып отырмыз деген мәлімдемелерге сенудің қажеті жоқ. Мысалы, бізде кондитерлік өнімдер, шоколад экспорты 3 есе, Ресей мен Беларусьқа жүк көліктерін тасымалдау көлемі 17 есеге, цемент экспорты 16 есеге өсті. Мұндай мысалдар көп, – деді Б.Сағынтаев.
Аталған өзекті мәселеге байланысты өткен оқиғаларға кезең берейік. 2013 жылдың маусым айында Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің жиыны өткізілді. Бұны кейбір қазақ басылымдары «Кеден одағының салтанаты” деп бағалады. 
Енді Кеден одағы, осының негізінде құрылғалы отырған бірыңғай экономикалық кеңістіктің аясында жүргізіліп жатқан алыс-берістің мүмкіндіктері қандай деген сауалға жауап іздеп көрейік. Кезінде одаққа бақылаушы ретінде енгісі келген Украинаға ол не береді? Цифрлар көңіл көншітпейді. 2012 жылы Украинаның Ресей Федерациясымен тауар айналымы 5 млрд. долларға құлдыраған. Егер 2011 жылы бұл көрсеткіш 50,6 млрд. долларды құраса, 2012 жылдың қорытындысы бойынша 45,5 млрд. долларға әзер жетті. Демек, арадағы қарым-қатынаста әлі түйіндері шешіле қоймаған үлкен проблемалар бар. Қазақстан лидері Ақордадағы биік деңгейдегі келіссөздер кезінде Кеден одағын және бірыңғай экономикалық кеңістікті кеңейту мәселесінің «жеке қаралғандығын” атап көрсетті.
– Бүгін біз жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Кеден одағын, бірыңғай экономикалық кеңістікті әрі қарай дамыту перспективаларын, ең көкейтесті мәселелерін талқыладық, – деп атап көрсетті Елбасы осы кездесудің қорытындысы бойынша өткізілген брифингте. – Бұл соңғы уақыттағы, биылғы жылғы мәселелер нақты шешілген біздің бірінші отырысымыз болды.
Украинаны Кедендік одаққа тартуға кім мүдделі? Жалпы, бұл сауалдың астарынан әртүрлі мазмұндағы, кейде саяси құйтырқылық сипатындағы әңгімелерді жиі естиміз. Путин Украинаны тартуға барынша мүдделі. Бұл Ресей үшін экономикалық және саяси тұрғыдан да тиімді. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұрынғы КСРО-ның экономика әлеуетінің 80 пайызын Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь және Қазақстан құраған көрінеді.
Жалпы экономикада есеп-қисаптың кейде әртүрлі бағыттағы қорытындыларға жетелейтінін жасырғымыз келмейді. Қалай болғанда да, жоспарлы экономиканың мазмұнын бүгінгі рыноктық қатынастармен салыстыруға келмейді. Кеңес Одағының кезінде тауарлар алмасуда кімнің ұтылып, ұтқанын айқындау мүмкін болмады. Валюта ортақ, еңбек бөлінісіндегі саясат ортақ, барлығы Кремльдің шешіміне бағынғандықтан осылай болуы заңдылық. Бірақ, Украинаның өнеркәсіптік республика ретінде одаққа мәлім болғаны белгілі. Бүгінгі Украинаның сонымен бірге қорғаныс мақсатындағы өнеркәсібінің әлеуеті мықты екенін атап өтпеске болмайды. Сонымен бірге Украинадағы дәл қазіргі саяси дүрбелең Еуразиялық Одаққа қатысты мәселені ұзақ уақытқа кері шегеріп тастаған сыңайлы.
Алдағы мамыр айында Астана қаласында өтетін саммитте Еуразиялық экономикалық одақ туралы жаңа келісімге қол қойылады. Осымен бірыңғай экономикалық кеңістік құрудың алғашқы кезеңі аяқталады. 
Оның ең басты қорытындысы жаңа келісім бойынша Еуразиялық экономикалық одақ толыққанды халықаралық субъект атанады.
– Одақ шеңберінде тауарларға қатысты кедергілер едәуір азаяды. Әсіресе, қызмет көрсету нарығы бойынша жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Яғни, енді кәсіпорындар одақ аясында тікелей қызмет көрсете алады. Мұның тиімділігі өте зор. Өйткені экономиканың тең жартысы – қызмет көрсету нарығы! Сонымен қатар еңбек нарығы үшін жеке адамдардың одақ аясында жүріп тұруына қатысты да жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Яғни бұдан былай тіркелу, рұқсат алу талаптары алынып тасталады. Одақ шеңберінде бірыңғай еңбек нарығы болады, – деді жуырда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев. 
Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ туралы жаңа келісім, бірінші кезекте нормативтік базаны нығайтуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде, жаңадан қалыптасатын бірыңғай еңбек нарығына сәйкес, әлеуметтік қамсыздандыру, медицина, білім алу, зейнетақы жүйелері бойынша бірыңғай кепілдіктер қамтамасыз етілетін болады. 
Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі министрі 2013 жылы Қазақстаннан Кедендік одақ елдеріне шығарылатын азық-түлік тауарлары мен жекелеген машина және құрал-жабдықтардың кейбір түрлері көбейгенін айтты. «ЕЭК мәліметтеріне сәйкес, 2013 жылы 2012 жылмен салыстырғанда Қазақстанның КО елдеріне шығаратын экспорт құнының көлемі минералды өнімдер, химия өнеркәсібінің тауарлары, металл және одан жасалатын бұйымдар құнының әлемдік нарықта төмендеуіне байланысты азайды. Сонымен, бір уақытта жекелеген машина-техникалық өнімдерді жеткізудің физикалық көлемі артты. Нақты айтсақ, машиналар мен жүк көтергіш құралдарды экспорттау – 4,8 есе, мұздатқыштар мен тоңазытқыштар – 4,5 есе, металл қақтайтын станоктар – 5,5 есе, жерүсті көлік құралдары 2,6 есе көбейді» деді Андрей Слепнев. 
Министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылы Қазақстан Ресейге 1,2 мың дана жүк көліктерін экспорттапты. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 9 есе артық екен. Олар – негізінен көлік құралының толық массасы 20 тоннадан асатын жүк көліктері. Бұдан басқа жолсыз жерлерде пайдалануға арналған жүк таситын өзі аударғыштарды экспорттау басталыпты. Осыған байланысты министр: «Машиналар мен құрал-жабдықтар шығару халықаралық компаниялармен бірге КО елдеріндегі серіктес-компаниялармен ынтымақтастықта дамып келе жатқандығы өте маңызды. Сондай-ақ ЕЭК мәліметтері бойынша, өткен жылы Қазақстаннан КО елдеріне жеткізілетін азық-түлік тауарлары мен оларды өндіруге қажетті шикізат көлемі 2 еседен артық өсті. Мысалы, КО елдеріне экспортталатын дәнді дақылдардың құндық көлемі 2,7 есе артты, соның ішінде бидай – 2,7 есе. Шоколадты өнімдерді экспорттаудың жалпы көлемі де тұрақты артып келеді, 2013 жылы ол 19 пайызға көбейді», дейді ол. 
Сонымен бірге министр «бәсекелестіктің айтарлықтай күшейіп» келе жатқанын атап өтті. «Біз бірқатар тауар топтары бойынша, үш елдің арасындағы өзара саудаға айтарлықтай жеңіл тәртіптермен біздің нарығымызға кіретін үшінші елдер тарапынан белгілі бір бәсекелестік ықпал етудің бар екенін көріп отырмыз. Әрине, бұдан үлкен проблема жасаудың қажеті жоқ, өйткені нарыққа енуді ырықтандырудың өлшемдері баршаға белгілі және олар өте қатаң. Десек те, бұл біздің ішкі өндірушілеріміз тарапынан өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша айқын күш салуларды қажет етеді. Бұл – біздің мақсатымыз екенін де жасырмаймын», дейді Андрей Слепнев.
Ал өзара саудаға келсек, министр өткен үш жыл бойы интеграцияланудан байқалып келген жылдам нәтиже қазір жоғала бастағанын айтады. «Бұл – табиғи нәрсе. Сонымен бірге Кедендік одақтың ортақ нарығына бағытталған жаңа инвестициялық жобалар мен өндірістердің пайда болуына байланысты жүйелі нәтижелер әлдеқайда белсенді көрініс бере бастады. ЕЭК оларды анық көріп отыр. Әрине, олар біз қалағандай көлемде және біз ойлағандай тым тез болып жатқан жоқ, бірақ қалай дегенде де бұл – тұрақты үдеріс. Қорыта айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ туралы жаңа келісім – бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашады», деді үш елдің ұлттық құрылымдарынан жоғары тұратын ЕЭК сауда жөніндегі министрі.
Украина күрделі таңдау алдында тұр. Кеден одағына, әлде Еуроодаққа енген тиімді ме? Республикалық «Деловая неделя” газетінің Вашингтондағы тілшісі Юрий Сиговтің пікірінше, Украинаның бүгінгі жағдайы сүреңсіз. Үкіметтің өзге елдер алдында қабылдаған міндеттемелері ұшан-теңіз. Өкінішке орай, олардың көпшілігі бұрынғы биліктен мұра болып қалған. Ресейге кешегі дүрбелеңнен кейінгі қарыз 16 млрд. долларға, оның ішінде газ үшін қарыз 3 млрд. долларға жуықтады.
Үлкен саясатта барлығы үшін ұнамды болу жақсылыққа апарып соқпайды. Мұндай саясат ерте ме, кеш пе, әйтеуір тұйыққа әкеп тірейді. Біреуіне жақсаң, екіншісі қырын қарайды. Қазір бір жағынан Еуроодаққа алаңдайтын, екінші қырынан алғанда Путин басқарған Ресейден қол үзіп кетуге тағы болмайтынын түсінетін саясаткерлердің шешімі қандай болатыны алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа.
Сонымен Кеден одағы негізінде құрылатын жаңа кеңістіктің алғашқы қадамдары басталды. Тиімділік, пайда болатыны қазірдің өзінде айқындала бастады.
Іске сәт!
Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз