ХАЛЫҚ БИЛІГІНІҢ БАСТАУЫ

99

0

Тәуелсіз еліміздің Ата заңында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екені айқындалған. Конституцияда көрсетілген бұлжымас қағидатты негізге ала отырып, өткен 20 жылда жергілікті өкілді органдар халық билігінің негізгі формасы ретінде қалыптасты. Халық өзі сайлаған өкілдері – мәслихат депутаттары арқылы еріктері мен тілектерін еркін білдіреді. Мәслихат қоғамдық маңызы бар салаларда белгіленген жалпы мемлекеттік стандарттарға сай азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына мүдделі.
Елбасы «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында мемлекет пен қоғамның алдында тұрған асқаралы асу – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылудағы нақты міндеттерді атап өтті.  Бүгінгі күні әлем саясаткерлері Қазақстан үшін әлемдегі озық отыздықтың қатарына ену қолжетімді меже екенін айтуда. Елбасының мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру арқылы адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалын қалыптастыру бастамасы біздің қоғамның одан әрі алға жылжуын қамтамасыз етпек. Мемлекет, үкіметтік емес сектор және бизнестің әріптестікпен әрекет етуі ел күткен нәтижеге жеткізеді.
Алдағы наурыз айында елімізде бірінші шақырылған жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар-депутаттар жиналысының сайлауы өткеніне 20 жыл толады. Бұл еліміздегі шын мәнінде алғашқы бәсекелі сайлау болды. Сол атаулы күн қарсаңында республикада, облыста мерейтойлық шаралар өткізу жоспарланған. 
 Қазақстанның алғашқы жаңа Конституциясы қабылданған соң Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жаңа Конституцияның талаптарына сай жергілікті басқару жүйесін, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретін, оларды ұйымдастыру тәртібі мен қызметін айқындайтын Заңды 1993 жылғы 10 желтоқсанда қабылдады. Бұл Заң жергілікті мемлекеттік органдардың атауына және құрылымына елеулі өзгерістер енгізді. Жергілікті өкілді органдар әуелі «мәслихаттар – депутаттар жиналысы» деп, 1996 жылдан бастап «депутаттар жиналысы» деген сөздер алынып тасталып, «мәслихаттар» деп аталды. Жергілікті атқарушы органдар – әкім басқаратын «жергілікті әкімшілік» деп, ал мәслихаттар мен әкімшіліктер ортақ атаумен «жергілікті мемлекеттік басқару органдары» деп аталды. Жергілікті мәслихаттар тек облыстар, республикалық және облыстық маңыздағы қалалар, аудандар деңгейінде ғана құрылатын болды.       
Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен І шақырылған Қызылорда облыстық мәслихаты-депутаттар жиналысы депутаттарының саны басында 35 (Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан төртеуден, Қармақшы ауданынан үшеу, Жалағаш, Тереңөзек, Сырдария аудандарынан екеуден және Қызылорда қаласынан он) болып, кейінірек 1997 жылы оған Байқоңыр қаласынан құрылған 4 сайлау округінен 4 депутат қосылып, барлығы 39  депутат болып белгіленді. ІІ шақырылымнан (1999 жылдан) бастап Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттарының саны 29 (Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан үшеуден, Жалағаш, Сырдария аудандарынан екеуден және Қызылорда қаласынан он) болып белгіленді. 
Мәслихаттар-депутаттар жиналысы жергілікті халықтың еркін білдіретін, қызметін заңнамада көзделген құзыреті шегінде дербес жүзеге асыратын және тікелей қосымша бағыныстылықта болмайтын мемлекеттік орган ретінде танылды және солай қалыптасты. Бүгінде өкілді органдар өзінің қоғамдағы орнын нық анықтады. Заңға сай қызметі арқылы өміршеңдігін көрсетті, ал депутаттар кәсіби қабілеті мен қоғам алдындағы жауапкершілігін толық сеніммен дәлелдеді.
Алғашқы Конституцияда Қазақстан Республикасының әлемдегі тәуелсіз мемлекеттердің қатарына еніп, экономикалық тұрғыдан нарықтық қатынастарға өтуіне бағыт алғандығы белгіленгенімен, ол Қазақ КСР-ның 1978 жылғы басты заңының бірқатар ережелерін қамтыды. Онда адамның құқықтары, бостандықтары, оларды жүзеге асыру қағидалары, атқару билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі жете көрсетілмеген еді. Биліктің үш саласы: басқару, сот, заң шығару биліктерінің атқаратын рөлдері нақтыланбаған. Міне, осы жайттарды және Қазақстанның тәуелсіздігі мерзімінде қалыптасқан саяси-экономикалық жағдайды негізге ала отырып, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. 
Ата заңның аясында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретін, қызметінің ұйымдастырылуын, тәртібін, сондай-ақ мәслихаттар депутаттарының құқықтық жағдайын белгілейтін «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заң қабылданды. Кейін енгізілген өзгерістерге сәйкес ол «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң деп аталды. Жергілікті мәслихаттардың қызметі 2001 жылдан бастап күні бүгінге дейін осы Заң  аясында жүргізілуде. 
Қазірге дейін жергілікті мәслихаттардың 5 рет (1994, 1999, 2003, 2007, 2012 жылдары) сайлауы өтіп, өздерінің атқарған қоғамдық белсенді қызметтерімен облысқа, тіпті республикаға танымал азаматтар депутат болып сайланды. Мәслихат шақырылымдарының бірінші – ұйымдастыру сессияларында облыстық мәслихаттың хатшылары және тексеру комиссиясының төрағалары болып сәйкесінше: І шақырылымда – Б.Ермақашев, А.Байділдаева; ІІ шақырылымда – А.Божанова, Р.Буханова; ІІІ шақырылымда – А.Божанова, Ж.Шарипов, ІV шақырылылымда – Н.Құдайбергенов, Ж.Шарипов; V шақырылымда мәслихат хатшысы болып Б.Еламанов сайланды. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, мәслихаттардағы тексеру комиссиялары қысқартылды. Комиссия міндеттері облыстық мәслихатта тағайындалатын облыстың тексеру комиссиясының төрағасы басқаратын жаңадан құрылған облыс бойынша тексеру комиссиясы мемлекеттік мекемесіне жүктелді. Қызылорда облысының тексеру комиссиясының төрағасы болып 2011 жылғы 5 қыркүйекте Қ.Мүбараков тағайындалды.
Жергілікті өкілді органдар мен ҚР Парламентінің бірлескен іс-қимылдары маңызды мәселе болуына байланысты, Парламентте «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанынан құрылған аймақтық саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің рөлі зор. Аталған кеңес пен облыстық мәслихат арасындағы қарым-қатынасты дамытуда облыстық мәслихаттың жанында құрылған «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы (жетекшісі депутат Қ.Бисенов) белсенді жұмыстар жүргізуде. 
Қызылорда облыстық мәслихатында жыл сайын өткізілетін 4 кезекті сессияда депутаттар мен тұрақты комиссиялардың ұсыныстары негізінде бекітілетін мәслихаттың жұмыс жоспарына сәйкес облыс өміріне қатысты күрделі, күрмеулі мәселелердің жайы және оларды шешу жолдары қаралады. Елдің дамуына қарай халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да өсетіні белгілі. Сондықтан халықтың өкілді органы ретінде мәслихаттың да қызметі экономика мен қоғамда маңызды рөл атқарады. Бұған облыстық мәслихаттың шақырылымдарында қаралған жоспарлы мәселелер дәлел бола алады. Мысалы, І шақырылымда нарықтық экономика және тең құқықты әр түрдегі меншіктер жағдайында тұрғындарды жұмысқа орналастыру жөніндегі жергілікті өкілді және атқарушы органдардың қызметі, табиғат қорғаудың жайы және оны экологиялық сауықтырудың шаралары туралы мәселелер халық қалаулыларының талқысына түскен. Сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіп және құқық қорғау, тұрғындарды әлеуметтік қорғау шаралары, халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етудің түйткілдері қаралған. Күн тәртібінде  білім берудің жайы және осы саладағы реформаларды тереңдету, кәсіпкерліктің жайы және оны дамыту, туберкулездің алдын алу мен емдеу, балаларды оқуға толық тарту және кедейшілік пен жұмыссыздыққа қарсы күрес, мәдени саланы дамыту мәселелері де тұрған.  
Келесі яғни, ІІ шақырылымда денсаулық сақтау саласының жұмысын жақсарту, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыру, жұмыспен қамту және жұмыссыздыққа қарсы күресті күшейту, халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету,  «Білім туралы» Заңның орындалу барысы талқыланған. Депутаттар дене шынықтыру мен спортты дамытудың және салауатты өмір салтын қалыптастырудың жайын, қоршаған ортаны қорғауды, су шаруашылығының, өнеркәсіп саласының жай-күйін назардан тыс қалдырмады. 
Үшінші шақырылымда ауылды дамыту және қолдау жылдарының алғашқы қорытындылары шығарылып, елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрес, коммуналдық қызмет, жер ресурстарын пайдалану және жақсарту, «Ана мен бала денсаулығын қорғау», «Мәдениет және өнер мекемелерінің қызметін дамыту»,  «Туберкулезге қарсы күресті күшейту» бағдарламаларының орындалу барысы талқыланды. Облыста қан арқылы таралатын жұқпалы аурулардың, ЖҚТБ-ның алдын алу, нашақорлық пен маскүнемдікке қарсы күрес, облыстағы күрделі құрылыстың жайы және оны дамыту шараларына жете мән берілді. 
Төртінші шақырылымда білім берудің жайы және оны жақсарту шаралары, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтарды қорғау, облыстық және аудандық (қалалық) маңыздағы автомобиль жолдарын дамыту бағдарламасының орындалу барысы баяндалған. Депутаттар кіші және орта кәсіпкерліктің жайы және оларды қолдау, мектепалды даярлық пен балабақшалардың жағдайын, агроөнеркәсіп кешенін дамытуды сараптан өткізді. Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жайы, аймақтың санитарлық-эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайы,  қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуы осы шақырылым депутаттарының  басты назарында болған. 
Бесінші шақырылымда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, мектепалды даярлық пен балабақшалардың жағдайын жақсартуға, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға бағытталған мәслихат шешімдерінің орындалу барысы, денсаулық сақтау саласының жайы мен жақсарту шаралары мәселе ретінде қаралған.  Облыстағы жергілікті автомобиль жолдарының жайы және оны жақсарту шаралары туралы мәселелер сессияларда қаралып, тиісті шешімдер қабылданды және өз мезгілінде облыс экономикасы мен халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізді.
Осының дәлелі ретінде облыстың өкілді және атқарушы органдары арасындағы келісімді жұмыстардың нәтижесінде 2012 және 2013 жылдары облыстық бюджеттен тиісті қаржылар қаралып, әлеуметтік салада бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілгенін атап өтуге болады. 2012 жылы 10 мектеп, 6 балабақша, 15 емхана мен дәрігерлік амбулатория, 1 клуб, 2013 жылы 8 мектеп, 1 балабақша, 3 дәрігерлік амбулатория, 1 клуб, 8 өзге де нысандар құрылыстары салынды. 
Төртінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының облыста салынатын әлеуметтік нысандар құрылысын келісілген кезектілікпен жүргізуді реттестіру жөніндегі ұсынысы негізінде  құрылысы салуға жататын білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының кезектілік тізбесі бекітілген. Бесінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының ұсынысы негізінде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Аймақтағы әлеуметтік нысандар құрылысы осы тізбе бойынша салынуда.
Облыста мектепке дейінгі ұйымдар саны 508-ге (оның 269-ы (142 мемлекеттік, 1 ведомстволық, 126 жеке меншік) балабақша, 239-ы (231 мемлекеттік, 8 жекеменшік) шағын орталық) жетіп, оларда 33605 бала тәрбиеленуде. 1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұйымға қамтылуы 2012 жылы 37,8 %, 2013 жылы 41,8 %, 3-6 жастағы балалардың қамтылуы 2012 жылы 75,2 %, 2013 жылы 80,9 % болды.
Өткен жылы техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерде мамандар даярлау жүйесін оңтайландыру, олардың материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін шоғырландыру арқылы колледждерді мамандықтар бағытына қарай салаландыру жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде бірнеше оқу орындарында қатар даярланатын 9 мамандық бойынша мемлекеттік тапсырыс қысқарып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті 13 жаңа мамандық ашылды.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы серпінді ірі өндіріс орындарының техникалық және кәсіптік білімді мамандарға сұранысының ұзақ мерзімді болжамы жасалды. Биыл оқу орындарын салаландыру процесін жалғастыра отырып, мемлекеттік тапсырысты 10 пайызға дейін арттыру, облыстың еңбек ресурстарының теңгеріміне сәйкес мемлекеттік тапсырысты орналастыруда құрылыс және тау-кен өндірісі бағытындағы мамандықтарға басымдық беру, жаңадан 7 мамандық бойынша, 2015 жылы 3 мамандық бойынша мамандар даярлау көзделуде.
Денсаулық сақтау саласына келсек, бұрын жұмыс жасаған 32 ауылдық аурухананың оңтайландыру кезінде жабылып қалған 23-інің ішінен «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2013-2014 жылдарға арналған жол картасы» аясында қайта ашуға мүмкіндік туды. Шілде айынан бастап 9-ы қайта ашылды, ал  4-і  алдағы уақытта ашылады. Тәулік бойы жұмыс жасайтын ауруханаларды тиісті құрал-жабдықтармен жабдықтауға жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қарастырылды.
Балаларға арналған сурдологиялық көмекті жетілдіру мақсатында 2013 жылдан бастап жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қаралып, 17 штаттық бірлікпен сурдологиялық кабинет жұмыс жасауда. Халыққа түнгі, демалыс және мереке күндеріндегі жедел стоматологиялық көмек қаржысы қаралып, «Стомед Сервис Плюс» ЖШС арқылы көрсетілуде.
Ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттерден 2012 жылы 3 млрд. 862 млн. теңге, 2013 жылы 5 млрд. 496 млн. теңге бөлінді, осының нәтижесінде облыста күріштен гектарына 49 центнерден өнім жиналды.
Автомобиль жолдары саласы бойынша облыстық және аудандық маңыздағы 2251 км жолдардан жақсы жағдайда 661 км (29,4 %), 690 км (30,6 %) жол қанағаттанарлық, 900 км жол (40 %) төмен жағдайда. Осы жолдардың жағдайын көтеру мақсатында жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен бөлінетін қаржыны арттыру көзделуде. Сонымен қатар бірқатар аудандық маңыздағы жолдарды облыстық маңыздағы жолдарға өткізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.
Сессияда қабылданған шешімдер оларды орындау үшін атқарушы органдарға жолданады және олардың орындалуы мәслихат тарапынан қадағаланады. Жоғарыда келтірілгендей, кейбір шешімдердің орындалу барысы мәслихат сессияларында, сондай-ақ тиісті тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралады.
Әдетте кезекті сессияда қаралатын жоспарлы мәселені әзірлеу үшін құрамында депутаттар, мәселеге қатысты атқарушы органдар, сондай-ақ тиісті мекемелер басшылары мен мамандары бар облыстық мәслихаттың уақытша комиссиясы және қала-аудандарда жергілікті өкілді және атқарушы органдармен келісілген жұмыс топтары құрылады. Жұмыс топтары елді мекендерде зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізіп, анықтамалар дайындалады. Көпшіліктік тыңдаулар, талқылаулар қорытындысымен әзірленген анықтамалар қайта пысықталып, барынша зерттеледі. Бұл  сапалы шешімдердің  қабылдануына оң ықпалын тигізері сөзсіз. 
Мәслихаттардың құзыретіне жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту жұктелген. Бюджет кодексі аясында облыстық мәслихат депутаттары тұрақты комиссиялардың тиісті отырыстарында жобаларды барынша талқылайды. Әбден пысықталған ортақ шешімнің ашық та пайдалы әрі өміршең болатындығын тәжірибе көрсетуде.  
Облыстық мәслихатта 4 тұрақты комиссия және «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы жұмыс жасайды. Тұрақты комиссиялар жыл басында өз жұмыс жоспарларын белгілеп, сол бойынша жұмыс жүргізеді. 
Елбасы халыққа Жолдауында әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы жұмыстардың ұзақмерзімді 7 басымдықтарын белгілеп көрсетті. Осы аталған басымдықтардың біздің аймақта да бірқатары бойынша жұмыстардың табысты жүзеге асырылып жатқанын және әрі қарай да жалғаса беретінін атап өтуге болады.  
Сонымен қатар Жолдауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастырудың аса маңызды міндет екені атап өтілді. «Әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауға тиіс. Халық алдында есептілігін арттырып, нәтижеге деген жауапкершілігін күшейте отырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына көбірек дербестік берілу керек.» дегені әбден қолдауға тұрарлық идея. 
Осы тұста «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына  бірқатар өзгерістер енгізіліп, жергілікті мәслихаттардың халық алдында есеп беруі көзделгенін және оның біздің облыста да жүйелі жүзеге асырыла бастағанын атап өтуге болады. Сайлаушылар осы есеп беру жиналыстарына ынталы қатысып, шараның оңды екеніне тілектестік білдіруде.  
Облыстық мәслихат атқарушы органдармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, Елбасының халыққа Жолдауларындағы тапсырмаларының, оның ішінде «Мәңгілік Ел» идеясының, қабылданған бағдарламалардың уақытылы әрі сапалы орындалуына атсалысады. Аймақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолындағы жұмысын жалғастыратын болады.
Бекмырза ЕЛАМАНОВ, 
облыстық мәслихат хатшысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз