ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ – ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ

77

0

Облыстың денсаулық сақтау  саласының 2013 жылы атқарған жұмыстары  және 2014 жылға арналған мақсаттар мен міндеттері
Облыстың денсаулық сақтау  ұйымдары Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және   Қызылорда  облысының 2011-2015 жылдарға арналған  даму бағдарламасын басшылыққа ала отырып  жұмыстар атқаруда.  Денсаулық сақтау басқармасымен саланың өзекті мәселелерін қамтитын 2013-2014 жылдарға арналған «Жол картасы» дайындалып, жүзеге асырылуда.  
Нәтижесінде,  жыл қорытындысы бойынша облыс тұрғындарының денсаулық жағдайы мен демографиялық көрсеткіштерде біршама  оң нәтижелер  байқалып отыр. 
Демографиялық ахуал.
Туу көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 2012 жылмен салыстырғанда 28,2-ден  28,4-ке өсіп, республикалық көрсеткіштен біршама жоғары деңгейді көрсетті (ҚР -23,0). Соңғы 3 жылда, жоспарлы түрде жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде, атап айтқанда, скринингтік байқаулар мен анықталған науқастардың амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне байланысты, жалпы өлім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда  6,9-дан 5,8-ге төмендеді  (ҚР -8,5). Нәтижесінде, тұрғындардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы соңғы 3 жылда  67,4-тен 70,0-ке өсті (2012ж-69,5). 
Соңғы 3 жылда ана өлімі көрсеткіші 32,9 пайызға  (100 мың тірі туылған сәбиге шаққанда 2011ж. – 15,8, 2012 ж – 15,8; 2013 ж. – 10,6; ҚР 2012 ж. – 12,6; ) және сәбилер өлімі 30,5 пайызға төмендеді – (1000 тірі туылған нәрестеге шаққанда 2011 ж – 18,8; 2012 ж – 17,4; 2013 ж. – 13,7; ҚР 2012 ж – 13,6), өңіріміз осы көрсеткіш бойынша Республика  көлемінде 7  орынды   иеленді. 
Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторлары болып табылатын осы көрсеткіштерді төмендету мақсатында төмендегі  іс-шаралар   жүзеге асырылды:
– санитарлық авиация бригадаларының құрамы ауыр халдегі аналар мен сәбилерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті 6,0 штаттық бірліктегі акушер-гинеколог, анестезиолог және неонатолог мамандарымен толықтырылды;
– аудандық ауруханалардың босану бөлімшелері акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог мамандарымен  қамтылып,  олардың тәулік бойы кезекшілік етуіне  жағдай жасалды;
– босану ұйымдарына қажетті 14 неонатолог маман арнайы даярлаудан өткізіліп, жұмысқа қабылданды;
-БМСК ұйымдары қосымша 28 қажетті  бейінді мамандармен толықтырылды.
Әлеуметтік аурулар. 
Облысымызда туберкулездің эпидемиологиялық ахуалы тұрақтанды. Соңғы 3 жылда туберкулезбен аурушаңдық 7,8 пайызға, (100 мың тұрғынға шаққанда 2011 ж-98; 2012ж-92; 2013ж-85,1) төмендесе, өлім көрсеткіші  5,2 пайызға (100 мың тұрғынға шаққанда 2011ж – 9,2-ден 2012 ж-7,8-ге; 2013ж-5,7) төмендеген.  
Туберкулезге қарсы күрес қызметінің төсек орындары оңтайландырылды. Осыған байланысты, Жалағаш ауданындағы 50 төсектік туберкулезге қарсы күрес диспансері жабылып, Сырдария және Қармақшы ауданындағы туберкулезге қарсы күрес диспансерлері созылмалы туберкулезге шалдыққандарды емдеуге, қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансері – туберкулездің тұрақты түрін емдеуге мамандандырылып, қайтадан құрылды.  
Қатерлі ісік аурушаңдығы соңғы 3 жылда бір деңгейде қалып, (100 мың тұрғынға 2011 ж-135,8; 2012 ж-138,0, 2013ж-138,1), қатерлі ісіктен өлім көрсеткіші 2012 жылмен салыстырғанда  9,8 пайызға (100 тұрғынға 2011ж-86,5: 2012 ж-87,0, 2013 ж-85,6) төмендеді.
Қан айналымы жүйесі ауруларымен аурушаңдық 100 мың тұрғынға шаққанда өткен жылмен салыстырғанда  бір деңгейде қалғанымен (2012ж-2351,3; 2013ж-2287,1), өлім-жітім 15 пайызға (2012 ж-127,7; 2013ж-124,4) төмендеді.
Сонымен қатар, қазіргі таңдағы  өзекті мәселелердің бірі, мектеп жасындағы тіс жегісіне (кариес)  шалдыққан мектеп оқушылары арасында  емдеу жұмыстары  белсенді түрде жүргізіліп, 2013 жылға жоспарланған 39 469 баланың 11621 мектеп жасындағы балалар (немесе 29 пайызы)  сауықтырылды.
Суицид және оның алдын алу шаралары. 
Соңғы кезде жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары  белең алғандығы алаңдатады. 2012 жылы 11  суицид  тіркелсе, 2013 жылы 18 оқиға тіркелді.
Осыған орай, өңірімізде кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғаларының алдын алу және оларды болдырмау мақсатында  ауқымды іс-шаралар  атқарылуда.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2012-2014 жылдарға арналған ведомствоаралық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2013-2014 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыстар  жүргізілді. Оған сәйкес «Превенция суицидального поведения среди подростков» тақырыбында қайта даярлау курсы ұйымдастырылып, 84 маман (психологтар, әлеуметтік қызметкерлер) оқытылды. Қалалық №3,6 емханалар жанынан құрылған «Жастар  орталықтары»  да осы бағытта жұмыс  атқаруда. Аталмыш тақырыпта насихат жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жыл көлемінде облыс аумағында 166 кеңауқымды іс-шара ұйымдастырылды.
Емдеу-алдын алу шаралары.
Өңірімізде  жоғары мамандандырылған медициналық көмек қарқынды дамуда, кардиохирургиялық орталықта  ашық жүрекке оталар жасалса, онкология саласында емдеудің жаңа технологиялары енгізіліп, урология саласында – несеп жолдарына  пластикалық, травматология саласында  эндопротезирование күрделі отасы  жасала  бастады. Облыстық медициналық орталық базасында ашылған  нейроинсульт орталығында  ми және жұлынға  күрделі  оталар жасалуда.
Денсаулық сақтау саласының басты мақсаты – медициналық қызметтердің сапасын көтеру және  оған халықтың қолжетімділігін арттыру. Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілуі  төсек орындарды тиімді пайдаланып, халық қажеттігіне байланысты қайта құруға мүмкіндік берді.  Нәтижесінде, тұрғындарды  тәуліктік стационарға жатқызу деңгейі 2012 жылмен салыстырғанда   3 пайызға төмендеп (2012ж-1564839 науқас; 2013ж-1512900 науқас), тәуліктік стационарлардағы төсек- орын  саны 265-ке қысқартылды (2012 ж – 5395;  2013 ж – 5130). Төсекорынды оңтайландыру барысында, облыс көлеміндегі төсекорын қорының тиімді пайдаланылуы тұрғысындағы статистикалық көрсеткіштерге сүйене отырып жасалған сараптама негізге алынды. Керісінше,   күндізгі стационарлардағы төсек орындар саны (2004 ж – 280; 2012 ж – 1225 , 2013 ж – 1423)  2004 жылмен салыстырғанда  5 есеге артты.  Скринингтік тексерулерге осы жылға  мақсатты топтағы 240 890  адам жоспарланып, олар толығымен тексеріспен қамтылды, бұл жалпы халық санының 32,8 пайызын құрайды. 
Қуық түбі қатерлі ісігін ерте анықтауға жоспарланған  5896  ерлердің  67,92  пайызы скринигтік тексеріспен қамтылғандығын ескерсек, осы бағытта халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жандандыру қажет.  
Қызылорда облысы АИТВ – жұқпасының тіркелу деңгейі бойынша салыстырмалы түрде төмен аймаққа жатады. Үдемелі нәтиже бойынша облыста 85 АИТВ-мен өмір сүруші адамдар тіркелген, 100 мың тұрғынға шаққанда АИТВ – жұқтырғандар көрсеткіші-11,8-ді құрайды, республикалық көрсеткіш – 98,8. 2013 жылы облыста АИТВ – жұқпасының 11 жағдайы тіркелді, 100 мың тұрғынға шаққанда АИТВ – жұқтырғандар көрсеткіші – 1,5-ті  құрайды, республикалық көрсеткіш – 12,0.
Жалпы өлім  құрылымындағы  алаңдатушылық тудырып отырған көрсеткіш – жол-көлік апатынан қаза болғандар санының азаю тенденциясының байқалмауы. Жыл көлемінде облыста 413 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 125 (2012 ж – 121) адам қаза тапса, 530 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Осы бағыттағы сектораралық жұмыстарды жүйелі түрде  жандандыру – келешек еншісінде.
Облыс орталығындағы жедел жәрдем станциясының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Казіргі танда  облыс орталығында типтік үлгідегі жедел жәрдем станциясын салу мәселесі өзекті және шешуді қажет етеді.  2012 жылы жалпы шақырыс саны  – 33790-ды  (10 мың адамға шаққанда -18,5), 2013 жылы – 32514-ті құрады (10 мың адамға шаққанда – 18,8).
Кадрлар мәселесі. 
Облыстың  медициналық ұйымдарында 9674 медицина қызметкерлері  қызмет етеді, оның – 2036-сы дәрігерлер және 7638 орта буынды медицина қызметкерлері. Тұрғындардың медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққанда: дәрігерлермен – 27,7 (2012 ж. –26,7), орта буын медицина қызметкерлерімен – 104,2 (2012 ж. – 100,5) және республикалық көрсеткіштен біршама жоғары деңгейде. 
Медицина кадрларының біліктілік санаттылықтары  2012 жылмен салыстырғанда дәрігерлер арасында 49,5%-дан 51,1%-ге, ал орта буын медицина қызметкерлері арасында 54,2%-дан 60,6%-ға артты.
Мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлінуде, 2013 жылдың қорытындысымен, жергілікті бюджет қаражаты есебінен, 900-ға жуық дәрігер және 700 орта буын медицина қызметкерлері кәсіби біліктіліктерін жетілдірілді. 
Соңғы жылдары жоғары білімді медицина кадрлары тапшылығының төмендеу тенденциясы байқалуда, әсіресе ауылдық жерлерде соңғы 3 жылда дәрігерлер тапшылығы 43,7-ден 33,3 (10,4%) пайызға төмендеді. Бұл оң көрсеткішке Елбасының қолдауымен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік салаға қажетті мамандарды ауылдық жерлерге жұмысқа тарту және оларды тұрақтандыру мақсатында көрсетілген әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде қол жеткізілді. Атап айтқанда, 2011-2013 жылдары аудандық және ауылдық емдеу алдын алу ұйымдарына 123 жас маман жұмысқа жолданды.
Бүгінгі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу-алдын алу ұйымдарында жоғары білімді медицина кадрларының тапшылығы 90 бос лауазым орнын құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,4 есеге төмендеген.  Салаға қажет мамандардың 40,0 пайызы (36)  аудандық (ауылдық), қалған  60,0 пайызы (54) облыстық, қалалық емдеу-алдын алу ұйымдарының үлесінде. 2014 жылдан бастап амбулаториялық-емханалық салада Республика көлемінде енгізіліп жатқан Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің 2-ші кезеңі, саладағы мамандар тапшылығы мәселесінің оң шешілуіне зор ықпалын тигізері хақ, себебі, аймақтық сала дәрігерлеріне жеткен жетістіктеріне сәйкес материалдық ынталандыру тетіктері қарастырылып, қосымша жалақы  төленетін болады.
Арыз-шағымдар. 
Халыққа көрсетілген медициналық көмектің қолжетімділігін және сапасын анықтайтын көрсеткіштердің бірі және бірегейі – арыз-шағымдар. Олардың жылдан жылға азаймауы алаңдатады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына  жеке және заңды тұлғалардан 2013 жыл көлемінде 650 (2012 ж- 896) арыз-шағым  келіп түссе, оның  ішінде: өтініші – 520 (2012 ж- 798), шағымы – 65(2012 ж- 98). Арыздардың басым көпшілігі медициналық қызметке лицензия беру тұрғысында болса, екінші кезекте – халықты медициналық көмек сапасы қанағаттандырмайды, үшінші кезекте –  медицина қызметкерлерінің этика және деонтология принциптерін сақтамау, науқастарға немқұрайлы немесе бейжай қарау салдарынан болып отыр. Аталмыш арыз-шағымдар негізінде  жыл көлемінде 41 (2012 -56) медицина қызметкеріне  тәртіптік шара көрілген.  Әрине, бұл жайттар медицина қызметкерлерін толғандыруы қажет. Осы бағытта біршама жұмыстар атқарылуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында тәулік бойы «сенім телефоны» жұмыс істейді.  
Емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайы. 
Облыстық денсаулық басқармасы емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымдарды,  ауруханаларды жаңартуда қомақты жұмыстар атқарды. 
Атап айтқанда, 2013 жылы «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт пен емхана» бағдарламасы бойынша Шиелі ауданының орталығында ауысымына 250 адамды қабылдайтын емхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Тереңөзек кентіндегі ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысын бастауға 773,7 млн. теңге бөлінді. Жосалы кентіндегі ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысын бастауға 581,6 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілді.
Осы бағдарлама аясында жергілікті бюджеттен 6 дәрігерлік амбулаторияның  (Сырдария  ауданындағы Бесарық, Айдарлы, Қазалы ауданындағы Басықара, Жанқожа, Жалағаш ауданындағы Аққыр, Шиелі ауданындағы Жахаев) құрылысын бастауға 526,8 млн. теңге бөлінді. Қармақшы ауданындағы Төретам кентіндегі ауылдық емхананың құрылысы  аяқталып, қолданысқа берілді. Сексеуіл ауылдық емханасының және 10 дәрігерлік амбулаториялардың  (Қазалы ауданының Қожабақы, Жалаңтөс, Мұратбаев, Түктібаев, Қызылорда қаласындағы Қызылжарма, Махамбет, Коммунизм, Шиелі ауданындағы Бидайкөл, Сырдария ауданындағы Шіркейлі, Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал) жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауға 134,1 млн. теңге бөлінді.
Сонымен қатар, 2013 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен  9 (Қазалы ауданындағы Пірімов, Шәкен, Қожабақы Сырдария ауданындағы  Іңкәрдария, Арал ауданындағы Қамыстыбас, Аралқұм, Абай, Жалағаш ауданындағы Шәменов, Шиелі ауданындағы Сұлутөбе) дәрігерлік амбулаториясының құрылысын жүргізуге 774,5  млн.  теңге қаражат бөлініп, 2013 жылы 6 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, қалған 3 дәрігерлік амбулатория 2014 жылы наурыз айында беру жоспарлануда. 
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6 денсаулық сақтау ұйымын күрделі жөндеуден өткізуге  қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне – 42,6 млн.теңге, облыстық тері-жіңішке аурулар диспансеріне – 24,3 млн.теңге, Арал, Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудандық аурухана ларына 105,4 млн.теңге қаражат қаралып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.   
2013 жылдың 12 айлық қорытындысы бойынша денсаулық сақтау басқармасына қарасты бюджеттік бағдарламалардың төлемдер бойынша жоспарланған  24 031,2 млн. тенгенің 23 981,4  млн. теңгесі, яғни 99,8 % игерілді (49,8 млн. теңге) (2012 жылы 99,7%). Оның ішінде: республикалық бюджеттен бөлінген ағымдағы трансферттер бойынша төлем жоспарына сәйкес 9 015,3 млн. теңгенің  99.8% игерілді. (2012 жылы 99,3%), жергілікті бюджеттен бөлінген 15 015,8 млн. теңгенің  99,8% игерілді.  (2012 жылы 99,9%).
2014 жылғы бюджеттің ерекшеліктері:
– 2014 жылға денсаулық сақтау саласының құрылысына республикалық бюджеттен 1708,3 млн. теңге қаражат қаралды. Қызылорда қаласындағы 200 төсектік көп бейінді балалар ауруханасының құрылысының және  елді мекендерде 7 дәрігерлік амбулатория құрылыстары басталса, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудан орталықтарында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана құрылысын аяқтау жоспарлануда.
– Жергілікті бюджет қаражаты есебінен бір ауылдық емхана мен 3 дәрігерлік амбулатория құрылысы басталу жоспарланса, облыстағы 31 нысанның құрылысына жобалау сметалық құжаттар жасауға өтінім беріліп отыр.
– 9 нысанды күрделі жөндеуден өткізуге  910 381 мың теңге қаржы қаралды, оның ішінде 4 нысанға 388 789 мың теңге «Жол картасы» бағдарламасы аясында қаралып отыр.
– Сонымен қатар, қазіргі таңда, 1021,9 млн. теңгеге дайын күрделі жөндеуді қажет ететін 14 нысанның ЖСҚ бар, оның ішінде «Жол қартасы» бағдарламасы аясында 7 нысанға 412,8 млн. теңге. 
– 74 бірлік санитарлық автокөліктер сатып алуға – 190 920 мың теңге, материалдық-техникалық жабдықтауға (мед.құрал-жабдықтар сатып алу) 974 818 мың теңге жоспарлануда.
– Жалпы 13 ауылдық аурухананы ашу қаралса, оның ішінде      4-і 2014 жылы ашуға қаржы қаралып отыр, сонымен қатар осы 13 ауылдық ауруханаларды медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтауға 111 839 мың теңге қаралып отыр.
– Жол картасын іске асыруға 2014 жылғы бюджет жобасында 1 929 113 мың теңге қосымша қарастырылып отыр.
2014 жылы алға қойған міндеттеріміз:
1. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі атқару; 
2. Стационарлық  көмек  көлемін оңтайландырып, стационар алмастыру қызметін жетілдіру;
3. Профилактикалық медицинаны дамыту,  аурудың алдын алу, оларды ерте сатысында анықтау  бағытындағы жоспарлы жұмыстарды сапалы атқару;
4. Стоматологиялық көмекті жетілдіру шараларын ұйымдастыру: мемлекеттік стоматологиялық емхана қызметін үйлестіру, мектеп жасындағы балаларды сауықтыру;
5. Емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру;
6. Салаға қарастырылған қаржыны тиімді  жұмсау, оның толық және  мақсатты игерілуін қамтамасыз ету.
Иран ШАМЕТЕКОВ, 
облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз