ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ҰРПАҚТАРҒА ҰЛЫҚТАЛДЫ

85

0

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ҰРПАҚТАРҒА ҰЛЫҚТАЛДЫӨткен аптаның сенбі күні Студенттер сарайында
республикаға белгілі экономист- қаржыгер Камал Шөкеновтің өмір жолы мен
қызметіне арналған «Ғибратты ғұмыр” атты танымдық конференция болып өтті.

 
Конференцияға Сыр аймағының ардагерлері, зиялы қауым
өкілдері мен жастар қатысып, белгілі қаржыгердің өнегелі өмір жолы мен қаржы
саласындағы қалтқысыз қызметінен мол мағлұмат, тағылымды тәрбие алды.
Конференцияны облыс әкімі Қ.Көшербаев ашып, қаржы саласы
қайраткерінің өнегелі өмірі мен елге жасаған қызметі жайлы айтып өтті.
1992 жылдың басында сонау 1985 жылдардан бастау алған
тауар тапшылығы, өршіп бара жатқан гиперинфляция нарықтың ең шешуші қадамына –
бағаны ырықтандыруға итермеледі. Бетімен жіберілген баға күрт аспандап кетті де
халық қапелімде болған бұл шараны өте ауыр қабылдады. Осы жылдары бюджет
тапшылығына байланысты мекеме қызметкерлері жалақыларын, өзгелер жәрдемақылары
мен зейнетақыларын ала алмай, қатты күйзеліске ұшырап отырған кезеңінде
Кәмекеңнің айналымға жай вексель, міндеттеме қағаздарының өмірге енгізілуі
жөнінде бастама көтеруі Сыр елі халқын тығырықтан алып шықты. Сондай-ақ,
Қызылорда қаласына газ алып келу мақсатында алғашқы қадамын бастап, 1000
теңгелік «Инвестиция-Газ” облигациясы шығарылды. 1993 жылы біздің төл валютамыз
– теңге дүниеге келді. Ол бізге дербес макроэкономикалық саясат жүргізуге мол
мүмкіндік берді. Төл теңгеміз айналымға енгізілген соң, яғни бір жыл ішінде-ақ
гиперинфляцияға тоқтам жасалды.
– Сыр елі, – дейді конференцияда сөз алған әріптесі,
қоғам қайраткері Қ.Ахметжанов, – менің екінші Отаным. Кәмекең қаржы саласын
басқарып жүргенде мен бұл аймақтағы мемлекеттік банкке басшы болып келгенмін.
Сол кезде К.Шөкеновтің қаржы саласында атқарған қыруар шарасының куәгерімін.
Бір ғана дерек айтайын, Кәмекең «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан
зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы” Заңды дайындаушылардың бел
ортасында жүріп, заңның өмірге келуіне орасан зор үлес қосты.
Конференцияда сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Әйімбетов:
– Мен кезінде Қаржы министрлігінде қызмет істедім. Сонда
Камал аға Шөкеновпен 40 жыл бойы тұз-дәмдес болып, тағылымды тәрбие алдық.
Кәмекең қайталанбас қаржыгер болатын. Содан да оның ғибратты ғұмырын ұрпақтарға
ұлағат етуді мұрат тұтқан облыс әкімдігіне айтар алғысымыз шексіз, – деп
ұлағатты ұстазы жайлы жүрекжарды лебізін көпшілікке жеткізді.
«Ғибратты ғұмыр” атты танымдық конференцияда республикаға
еңбек сіңірген экономист, профессор С.Жұмабеков, Жалағаш аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы С.Әлиев, облыстық мәслихат депу­таты Қ.Әжібековтер де сөз
алып, К.Шөкеновтің өмірі мен қызметі жайлы өздерінің ой-толғамдарын ортаға
салды.
Конференцияға қатысушылар К.Шөкеновтің өмірдерегін баян
ететін «Ғибратты ғұмыр” атты деректі фильмді тамашалады.
 
Еркін АҚҚАЛИҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз