ИЕСІНЕ ОРАЛҒАН ОРДЕН

42

0

Сәкеннің мінезі жердей ауыр, өте тұйық. Шешіліп әңгіме айтуға құмар емес. Сұраққа  қысқа жауап қайырғанды сүйеді. Қысқасы, көп тыңдайды, аз сөйлейді. Тағдыр тауқыметін аз тартпаған, өмір сабағы солай тәрбиелеген секілді.
Ол алты жасқа толғанда  әкесі Аралбай кенеттен қайтыс болды да,  белі бекімеген төрт бала Қанымжан ананың қанатының астында қалды. Жұрттың жылап-сықтаған күйзелісінен әлдебір күйініштің кейпін байқайды. Бірақ әдеттегіше қызметке ерте кетіп, үйге кеш оралатын папасының енді оралмайтынын ойға алмайды. Терезеден көше бетке көз тастап, жолын тосқан төртеудің тілегін сонда тәңір жарылқаған шығар. Әріп таныған соң әкенің жазып кеткен аманат хатын ежіктеп бірнеше қайтара оқып, хаттың бекер жазылмаған жөнін, ондағы серпіліс пен сілкіністің  мәнін ұғына бастады. Олар қала баласындай қауқарсыз, әлжуаз емес, еңбекке епті, тындырымды болып, өмірге құлшынып өсті. Сәкеннің салмақтылығы, меніңше, бала кезден бар мінез. Іштей тоқып, мәселені іште пісіретін біртоға. Құпиясы көп. Бірақ өте білімді, еңбектен ерінбейтін, намысшыл. Өзі Ауғанстанда интернационалдық  борышын өтеген «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері. Қазір Астанада тұрады.
Міне, осылай әңгімені аяқтауға болар еді, ол жайлы қызықты оқиға болды. Күтпеген жерден әскердегі рота командирі, аға лейтенант Сайдкәрім Алимов Қызылордаға қыдырып келді. Кеудесіне үш «Қызыл Жұлдыз» орденін таққан, ерліктің нағыз иесі дерсің. Өзбек жігіті ә дегеннен Сәкеннің батырлығын баяндап, майдан даласындағы сескенуді білмейтін ерлігінен естелік айтты.
— Мен қазақ ұлтына басымды иемін. Жалпы, адам қиналғанда, жанын шүберекке түйгенде, дос қадірін терең түсінеді ғой. Ең алғаш Ауған жерінде шығысқазақстандық  Мұрат Қожановпен таныстым. Батальон командирі, гвардия майоры еді. Ол 1984 жылы 17 қыркүйекте қаза тапты. Ерлікпен көз жұмды. Біз оңтүстік Багланды азат ету барысында қиян-кескі соғысқа тап келдік. Жаудың тау-тастың қай бұрышынан атқылап жатқанын аңғармай қаласың. Осы бір апақ-сапақта душман лезде бізді қоршауға алды. Қорғансыздың күні туды. Осындай қысылтаяңда Мұрат жол тауып 140 сарбаз бен офицерді аман алып қалды. Өзі оққа ұшты.  Оның батырлығы туралы бұған дейін де Ауғанстанда жүрген әскерилерге белгілі еді. Мұрат Озанұлы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Әйткенмен, жоғары жақтың ұлтшыл әрекеті ме, оған «Қызыл Ту» ордені берілді.
Осындай достан айырылғасын жаным құлазып жүрген. Бірде Мәскеуден жаңадан сарбаздар келді. Ішінен азият жігіт жолықты. Сұрастырып көрсем, ұлты қазақ болып шықты. Қуанып кеттім. Мұраттың орнын басар батыр келді деп. Жаңылмаппын. Сәкен Махамбетов пулемет-гранатометшілер взводында бөлімшені басқарды. 
16-шы қараша күні еді. Ептеп салқын. Тау шатқалдарын ықтап үйрендік. Жаңа тапсырма келді. Ханабад елді мекенінде душманның үлкен қарулы тобы жасырынған. Солардың көзін жою бізге жүктелмек. Жауға тойтарыс беріп, берілген тапсырманы толық орындаған біздің рота ең мақтаулы рота. Сондықтан аса жауапты тапсырма бізге бұйырады.
Сонымен, рота барлаушылар взводын қорғап жүріп, жаудың бетін қайтаруға тиіс. Ентелеп келеміз,  еңбектеп келеміз. Әрбір сыбдырға құлақ тосамыз. Таяқ тастам жерде барлаушылар барады. Ендігі хабар солардан. Алда-жалда мына аумақта жаудың тобы орналасқан деп белгі берсе, атқылауға дайынбыз. Осындай қысқа уақытта қабылданған  шұғыл шешім қорқақтарға жүрмейді. Біз қыстаққа шамамен 100 метр қалғанда  екі барлаушының белгісін байқадық. Олар жаудың жатқан орнын нақты көрсетті. Енді артиллерияны шақырту мүмкін емес, арақашықтық тіптен жақын. Тек қолдағы бар қаруды қолдану көзделді. Мен кіші сержант Сәкен Махамбетовті жаныма алдырып, қатардағы жауынгерлер А.Юлдашев пен Б.Тангеркуловтың пулеметтерін нысанаға бағыттауды бұйырдым. Сөйткенше болған жоқ, атыс басталды. Сәкеннің басқаруындағы бөлімше қырғынның астына алды, душманға ешбір мүмкіндік бермей тұр. Кенет Сәкен дұрыс шешім қабылдап, бөлімшесін алға 20 метрге  оздырды. Мұны олар байқай алмады. Сөйтіп өздері ыңғайлы орынға жайғасты. Жаудың қақ алдында. Қалай атса да, солай тиеді. Ал, Сәкен баста дедім. Оқ қарша борап кетті. Арада қанша минут өткенін қайдам, амалы қалмаған душмандар  қаруын тастап берілуге шығып жатты. Біз де оқ атуды тоқтаттық. Алайда секемденіп тұрмыз.Көзін ашқаннан қару ұстап үйренгендерге сене салуға болмайды. Олар табан астынан бірдеңе ұйымдастыруға бар.
Оннан аса душман алдымызға түсті. Шүлдір-шүлдір етеді. Ашық алаңқайға беттеп келеміз. Сәкен өте сезімтал жігіт қой, маған басын шайқады. Бір нәрсеге көңлі толмай тұр. Душмандар  әлдебіреуге белгі бергендей ме. Сол секунд ішінде Сәкеннің дауыстаған «Командир, абай болайық, жатыңыз!» дегені бәрімізге  бұйрық еді. Пыр етіп, жерді жастана кеттік. Мұны күтпеген душман жан-жаққа қашпақ болды. Оларды сол жерде сұлаттық. Тағы шайқас басталды. Тұтқындағы душмандар  бізді пулемет аузына бастап бара жатыр екен.  Сөйтіп Сәкен бізді бір өлімнен алып қалды. Әскери операция да сәтті бітті. Адам шығыны айтарлықтай, жаралы да аз емес. Осы соғыста аса ерлік көрсеткен Сәкен Махамбетовке екінші «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттау туралы ұсыныс берілген. Бірақ ол марапат батырға жетпепті. Оны осында келген соң біліп тұрмын ғой, — деп Сайдкәрім бір тыныстап алды. – Енді не істеу керек? Сәкенге салсам, «өтті-кетті, қайтесіз» дейді. Қарапайымдылығы ғой, қажетсінбегендей. Ал мен оған «ерлігіңді ел білсін» деймін. Сонымен мен Мәскеуге полк командирі болған генерал-полковник А.И.Скородумов пен дивизия штабының бастығы А.Федоровқа хабарласып, кезінде наградаға берілген құжаттарды есіне салдым. Олар ұмытпапты, осылай үшеуміз қол қойған ұсыныспен енді Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың атына хат жаздық. Ал, Елбасы көп кешіктірмей Сәкен Аралбайұлы Махамбетовті  ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марпаттады. Міне, олжалы орден осылай табылды, — деді қаруласы. 
Өмірде Сәкеннің ұмытпайтын ұлы есімдері бар. Ол – анасы Қанымжан, бауырлары, қаруластары. Осы мақала барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлға жолыққан едік, ол «Сәкен – Қызылорда елі мақтанатындай нағыз батыр азамат» деді бір сөзбен. Байқағаным, нағыз  батыр аңғал емес, қарапайым  келеді екен ғой. Сәкен де солай.
Қаныбек ӘБДУОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз