«ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ҚОЛҒА АЛМАЙ, ФУТБОЛДЫ ДАМЫТУ МҮМКІН ЕМЕС»

54

0

«ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ҚОЛҒА АЛМАЙ, ФУТБОЛДЫ ДАМЫТУ МҮМКІН ЕМЕС»

Нұржан ӘЛІБАЕВ,

Қызылорда облыстық футбол
федерациясының президенті:

Қызылорда облыстық футбол федера­циясының тізгінін облыс әкімінің
орынбасары Нұржан Әлібаевтың ұстағанына бір жыл болды. Жаңа басшы Сыр өңірінің
футболына нендей өзгеріс әкеле алды, алдағы
жоспарлары қандай? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында федерация
президенті Нұржан Нұрмағамбетұлымен сұхбаттасқан едік.

 

Нұржан Нұрмағамбетұлы, Сыр өңірінің футболына басшылық жаса­ғаныңызға бір жыл болыпты. Әрине, көп уақыт емес.
Дегенмен, осы уақытта қандай жұмыстар атқарылды? Содан бастасақ…

– Иә, тура бір жыл бұрын облыс әкімінің және облыстық футбол федерациясы
Атқару комитеті мүшелерінің шешімімен аймақтағы футболды дамыту ісі маған сеніп
тапсырылды. Содан бастап іске кірістік. Облыс басшылығымен ақылдаса отырып,
аймақтағы футболды дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жасадық.
Балалар футболын дамыту мен инфрақұрылымды жаңғыртуды бірінші басымдық етіп
алдық. Бүгінде осы бағдарламаны негізге ала отырып, жұмыс жасаудамыз. Яғни,
бәрі жоспар бойынша. Мәселен, биылдан бастап Сыр өңірінде ұйымдастырылатын
футбол додаларының 70 пайызын балалар мен жасөспірімдер турнирлері құрайды.
Облыстың бас командасы «Қайсар» футбол клубының базасы талапқа сай келмейтін.
Шатырынан су ағып, ғимарат әбден ескірген. Алдымен клубтың базасын толық күрделі
жөндеуден өткіздік. Бұған қоса, Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионы да
толығымен қайта жөнделді. Бұдан бөлек, бағдарлама бойынша Қызылорда қаласында
жаңа заман талабына сай шағын футбол алаңы салынды. Ол №101 орта мектептің
балансына берілді. Биыл дәл осындай тағы екі шағын футбол алаңы Қызылорда
қаласында, жетеуі аудандарда салынады.
Жалпы, жыл сайын 10 шағын футбол алаңын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Тағы бір айта кетерлігі, Сырдария өзенінің маңынан жағажай футболына арналған
арена салынып, ашылу салтанаты 1 маусым күні өтті.

– Бұл жақсы жаңалық екен. Алайда, өңірде жағажай футболын ойнайтын
ойыншылар жоқ. Сонда команданы қалай жасақтамақсыздар?

– Расымен ойыншылар жоқ. Бірақ оның басты себебі инфрақұрылымның
болмауында. Бұған дейін бізде жағажай
футболына арналған арена болмады. Сондықтан қиыршық құмда доп тебетін футболшы
жоқ. Ал енді бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыстар жасалып жатыр. Кешеннің
құрылысы аяқталып, ашылу салтанаты өтті. Балалар арасында алғашқы турнирді
өткіздік. Енді облыс біріншілігін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Шеберлігі
жоғары ойыншылардан облыс құрамасы жасақталып, ел біріншілігінде бақ сынайтын
болады.

– Жалпы, бүгінде Қызылорда облы­сындағы футбол инфрақұрылы­мының жағдайы
қандай?

– Спорттың қай түрінде болмасын, ең негізгі тірек – инфрақұрылым болуы
тиіс. Жаттығуына жағдай жасамай, футболшыдан, жалпы спортшыдан үлкен нәтиже
талап ету әбестік. Сондықтан, біздің қазіргі мақсатымыз да – осы инфрақұрылымды
жандандыру. Мысалға, Еуропа елдерін алайықшы, әр 10 мың тұрғынға бір стадионнан
келеді. Ал 250 мың халқы бар Қызылорда қаласында екі-ақ стадионның болуы,
әлбетте өкінішті. Оның өзінде, орталық стадионда тек «Қайсар» футбол клубы
ойнап жүр. Ал жас аяқдопшылар «Локомотив» стадионында ғана доп тебуге мәжбүр.
Сондықтан, футбол алаңдарын барынша көбейтуіміз керек. Бұл да біздің
бағдарламамыздың басты бағыттарының бірі екендігін жоғарыда айттым. Жағдай
осылай екен деп қол қусырып отырған жоқпыз. Барлық аудан орталықтарындағы
стадиондарға заман талаптарына сай жасанды шөп төсеп, трибуналары қайта қалпына
келтірілді. Өңірде футболды дамытуға бағытталған жұмыстар барынша жасалуда.

– Әлбетте, «Қайсар» футбол клубы жайлы сұрамай қала алмаймыз. Қазір
команда Қазақстан чемпионатында көшбасшылар қатарында келеді. Демек, бүгінде
«Қайсар» аяғынан нық тұрып кетті деп айта аламыз ба?

– Осыдан бір жыл бұрын федерация басшылығына келгенімде клуб Бірінші
лиганың өзінде жеңіске жете алмай, көш соңында келе жатты. Содан команда
басшыларымен бірлесе отырып, алдымызға мақсат қойып аянбай еңбек еттік. Нәтиже
шықты. Маусым соңында «Қайсар» Бірінші лигада жеңімпаз атанды. Осылайша
Премьер-лигаға жолдама алды. Бірақ Премьер-лиганың талабы өте жоғары.
Сондықтан, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі бас бапкерлікке Дмитрий Огайды
шақырды. Клубтың жылдық бюджетін бекітіп, командаға бар жағдайды жасауға
тырыстық. Соның нәтижесінде «Қайсар» бүгінде ел чемпионатында үздіктер
қатарында келе жатыр. Дегенмен, команда аяғынан нық тұрып кетті деуге әлі
ертерек. Өйткені, кеше ғана Бірінші лигада ойнаған команда үшін Премьер-лигада
абыроймен өнер көрсетуге алдымен тәжірибе керек, уақыт қажет. Маусым күзде
аяқталады. Ертерек қуануға негіз жоқ. Клуб ұжымының жұмысына сол кезде баға
бере жатармыз.

– Ендеше, «Қайсар» биыл Премьер-лиганың бірінші кезеңінің қорытындысы
бойынша үздік алтылықтың қатарынан көріне ала ма?

– Шыны керек, маусым басында «Қайсар» осы аралықта үздіктер қатарында
тұрады деп ешкім ойламаған болар. Өйткені, биыл ел чемпионатында бәсекелестік
өте жоғары. Ешкім де жеңісті қолдан бере салмайды. Әр ұпай үшін тартыс қызып
тұр. Соған қарамастан, қазір командамыз көшбасшылар қатарында. Дмитрий Огай
бастаған «Қайсар» Қазақстанда кез келген команданы жеңе алатынын дәлелдеп
жатыр. Ең бастысы, жігіттердің жеңіске деген сенімдері күшейді. Әлбетте, маусым
алдындағы тапсырмалары бойынша команда үздік алтылықтан көрінуі тиіс. Қазіргі
бастапқы қадамдары өте жақсы. Енді осы ойындарынан жаңылмай, сәттілік жолдас
болса, онда бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша үздік алтылықтан көріне
аларына сенімдімін.

– Қазақстан футбол федерация­сының Атқару комитеті Қазақстан чемпионатын
«Күз-көктем» жүйесіне ауыстыру мәселесін кейінге қалдырды. Жалпы, қалай
ойлайсыз, «Күз-көктем» жүйесі ел футболына оң нәтижесін бере ме? Жалпы,
Қызылорданың «Қайсары» мұндай өзгеріске дайын ба?

– Негізі, Қазақстан футбол федерациясы мұндай қадамға ел футболын жаңа
деңгейге шығару үшін барып отыр. Біздің футбол маусымымыз да Еуропа
біріншіліктерімен бірдей өтуі тиіс. Алайда, алдымен инфрақұрылымды дамытпай
«Күз-көктем» жүйесіне өте алмаймыз. Ол үшін Премьер-лиганың барлық клубтары
жабық кешенді манеждермен қамтылуы
қажет. Сондықтан, барлық клубтар дайын болғанша «Күз-көктем» жүйесін
кейінге қалдыру арқылы Қазақстан футбол федерациясы дұрыс шешім шығарды деп
ойлаймын. Ал «Қайсар» бұл жүйеге дайын болады деп айта аламын. Жақын болашақта
бізде 3000 көрерменге арналған жабық кешенді футбол манежінің құрылысы
басталады.

– Сырдария өзенінің сол жаға­лауында заманауи футбол ста­дио­нының
құрылысы салынады екен. Бұл стадион қашан пайдалануға берілмек? Жалпы,
Қызылорда футболын тағы қандай өзгерістер күтіп тұр?

– Қызылорда облыстық футбол феде­рациясының 2013-2020 жылдарға арналған
бағдарламасына сәйкес, 2016 жылы 10 000 – 12 000 көрерменге лайықталған
заманауи стадионның құрылысы басталады. Трибунасы шатырмен жабылады. Сол
стадионда «Қайсар» өз ойындарын өткізеді деп жоспарлаудамыз. Бұдан бөлек, 2017
жылы Сырдарияның сол жағалауына «Қайсар» футбол клубының базасы салынады.
Базада футболшылар үшін барлық жағдай жасалады. Жанында стандартқа сай 6 футбол
алаңы болады. Оның үшеуіне жасанды, қалғанына табиғи шөп төселеді. Ал қазіргі
база Қызылорданың екінші командасы «Байқоңырға» беріледі.

– Екінші команда – «Байқоңыр» жайлы айтып қалдыңыз. Бұл команданың
алдына қандай мақсаттар қойылып отыр?

– Қазақстан біріншілігінің Екін­ші лигасында өнер көрсететін
«Байқоңырдың» бас бапкері – Құттыбай Досманбетов. Қызылордалық маман. Ал
команданың алдына Бірінші лигаға жолдама алу міндеті қойылып отыр. Іріктеу
кезеңінен сүрінбей өтіп, финалға жолдама алды. Енді «Байқоңыр» қыркүйек айында
Қызылордада өтетін финалдық кезеңде өнер көрсетіп, Бірінші лигаға берілетін
жалғыз жолдамаға таласатын болады. Бұл команда жергілікті жас ойыншылар үшін
үлкен мүмкіндік береді деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, «Байқоңыр» жас
дарындар үшін «Қайсар» футбол клубына өтетін баспалдақ іспетті болуы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Ә.Оразбаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз