ИНТЕРНЕТКЕ ТӘУЕЛДІ БОЛМАЙЫҚ

71

0

Психологтардың пікірінше, интернет тәуелділігіне түсетіндердің көбі ерік-жігері әлсіз, өз ортасында томаға-тұйық адамдар. Виртуал әлемде олар өздерін идеал жасай алады. Сайып келгенде, бұдан шығатыны, адам шынайы өмірдегі отбасы, достары сынды биік ұғымдарды ысырып қояды да, қиял дүниесіндегі өзіндік «мені» айналасында тұрақтап қалады. Эгоизм, депрессия сынды сұмдықтар да әлеуметтік желілердің әсерінен туындайтын қасиеттер. Сірә, бұрынырақта дәрігерлер есірткі, не ішімдіктің құлына айналғандарды емдесе, қазір олардың қатарын интернетке тәуелділер толықтырайын дегені ме?! Олардың қандай сайтқа кіріп, не көретінін тіпті ешкім бақыламайды. Не көп, теріс пиғылды сайттар көп бұл күнде. Әсіресе шетелдік сайттар адамның санасын бұзуға бағытталған.
Бүгінгі адамдарға, әсіресе жастарға қауіп төндіріп тұрған ең үлкен әдеттердің бірі интернет-тәуелділік болып отыр. Оның қалыптасуы біртіндеп жүреді. Мәселен, балаға жеңіл қызығушылық кезеңінде компьютерлік ойынның сюжетін ұнатып, өзін-өзі басты кейіпкерге ұқсатады. Ол реалды және виртуалды әлемді салыстырады да таңдауын ақырғысына тоқтатады. Ал, қызығушылық кезеңінде балада жаңа қажеттілік, компьютерлік ойын ойнау қажеттілігі пайда болады. Бұл жерде ойын жүйелік сипатқа ие. Бұл қажеттілігін қанағаттандыра алмаса,  бала белсенді әрекеттерге көшеді. Мұнан соң бала бойында тәуелділік кезеңі басталады. Мұнда ойын реалды әлемді толық ығыстырып тастайды. Тәуелділік көрінісі екі, яғни әлеуметтенген және индивидуалданған формада болады. Интернет-тәуелділіктің әлеуметтенген формасында бала өзі сияқты тәуелді балалармен болса да, қоғаммен әлеуметтік байланысты ұстайды. Мұндай жасөспірімдер бірлесіп ойнағанды ұнатады. Индивидуалданған формасында адамның тек дүниетанымы ғана емес, сонымен қатар қоршаған орта, социуммен өзара әрекеттестігі бұзылады. Мұндай балалар үшін интернет наркотикпен теңдес болады.
Соңғы құштарлық кезеңінде адамның ойындық белсенділігі сөніп, психологиясы өзгереді. Мұнда бала компьютерден өзін қашықтықта ұстайды, алайда орныққан тәуелділіктен толық босай алмайды. Сайып келгенде, ғаламтордың ғажайып тереңдегіне үңілем деп тәуелді болған «интернет-тұтынушы» біздің қоғам үшін қауіпті. Тек соны дер кезінде қолға алсақ, ұтылмайтынымыз белгілі.
Әлия ӘБУБӘКІРОВА, 
Қызылорда қалалық №1 емхана психологы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз