ҮКІ ҚҰСЫН ӨСІРГЕН ОТБАСЫ

56

0

ҮКІ ҚҰСЫН ӨСІРГЕН ОТБАСЫ

Қармақшы ауданының тұрғыны Садақбай Райымбаевтың ауласын жергілікті
жұртшылық кішігірім жануарлар бағы деп те атайды. Десе дегендей, бұл отбасы
түлік түрлерінен өзге қоян, құс асырайды. Өткен жылы Сәкеңнің балалары сыртта
қозы жайып жүріп далада үкінің жараланған балапанын көрген. Оны ұстап алып,
үйге алып келеді. Қанаты қатпаған балапан жарақатынан айығып, бүгінде ересек
үкіге айналған. Сәкеңнің айтуынша, көне кезеңнен жеткен әпсанаға сүйенсек, Нұх
пайғамбарға Қазығұрт тауына баратын жолды тауып берген осы бір кіп-кішкентай
үкі құсы екен. Оның киелі екеніне сенген жас отбасы осы бір қонақ құсты
ауласында мәпелеп ұстайды.

Көнекөздердің айтуынша, бұрынғы жылдарда үкі құсы Қазақстанның далалы,
шөлді және шөлейтті өңірлерін мекен ететін. Оның ауылдағы егін еккен шаруақор
жандарға тигізетін пайдасы ұшан-теңіз. Егінді қосаяқ, тоқалтіс, шақылдақ
тышқан, егеуқұйрық, алақоржын, суыр, саршұнақ секілді аса зиянды кемірушілерден
қорғайды. Дегенмен, оның осындай қасиеттерінен бейхабар адамдар да бар. Оның
азаюына осындай түсінбеушілік себеп болған. Ілгеріде Сыр өңірінде аталмыш құс
жиі кездесетін. Өкінішке орай, адамдар тарапынан қамқорлық болмауы салдарынан
олардың саны күрт азайып кеткен екен. Өткен ғасырдың 80-шi жылдарында Арал
теңізі маңында үкі құстары бірен-саран ғана кездескен. Одан бері ширек ғасырдан
астам уақыт өтті. Табиғатқа жаны жақын С.Райымбаев үкінің осындай қасиеттерін
жақсы біледі.

Шындығы керек, үкі құсы азайып
барады. Алайда ол әлі күнге дейін «Қызыл кітапқа» енгізілмеген. Үкі жер шарының
барлық бөлігінде кездескенмен, негізінен Еуразия құрлығын негізгі мекені болып
табылады. Үкінің өзіндік ерекшелігі бар. Олар жұптарын өмір бойы жазбайды.
Балапанды да көп салады. Дене тұрқына қарай 2-12 балапанға дейін басады. Рас,
соңғы жылдарда елімізде қорықтар мен қорғалымдар саны артып келеді.

Сыр өңірінде құстарға жақын болып, оларды өсіріп-қорғап жүрген азаматтар
баршылық. Мәселен, Шиелі ауданында құр, тауыс құстарын күтімге алған отбасы
бар. Құстар әлемінің үніне құлақ түріп көрсеңіз, өзгеше бір әлемге бөленгендей
күй кешесіз…

 

 

Есікалдындағы
жылыжай

«Қалауын тапса, қар жанады» деген бар. Еңбек етемін дегенде қазір
барлық мүмкіндік жасалып отыр. Осының нәтижесінде қазір елдің арасында кәсіп
көзін тауып, одан мол өнімге негіз қалап жүргендер баршылық. Қашаннан да жер
еңкейіп еңбек еткеннің еңсесін биік етеді. Осылайша көкөнiс-бақша егiп, адал
еңбектің, маңдай тердiң жемiсiн көрiп жүрген жандар да бар. Солардың бiрi
ретінде Жалағаш кентi, Дәуiмбай елдi мекенiнiң тұрғыны Нұржан Жүсiповті айтуға
толық негіз бар. Үйiнiң алдындағы бақшалықта алма, өрiк ағаштары гүлдеп тұр.
Көкөнiстiң бiрнеше түрi егiлген. Ендi
бiр шетте ақ түстi материалмен жабылған шағын жылыжай орын тепкен. Бiр сотық
жерге орналасқан жылыжайдың iшi жарық әрi жып-жылы. Әрбір ұяға арнайы түтiкше
арқылы тамшылап су ағып тұр. Қияр да, қызанақ та пiсiп, мол өнiмге негіз
қаланған.

– Мен көкөніс дақылдарын тамшылатып суаруға көңіл бөлдім, – дейді
Нұржан өз тіршілігі жайында аз-кем сыр тартып. – Оның тиiмдiлiгi зор.
Біріншіден, суды үнемдеймiз, барлық ұяшық түгел суарылады. Сосын органикалық
тыңайтқыш қолданамыз, арамшөп шықпайды. Сапалы әрi мол өнiм бередi.

Бағбандықпен айналысатын ағамыздың мамандығы механизатор екен.
Дәнекерлеу iсiмен айналысып, автөлiктердi де жөндейдi. Жылыжай жұмысымен үш
жылдан берi айналысып келедi. Жылыжайдың материалдарын жинақтап, дәнекерлеп
құрастыру жұмыстарын өз күшiмен атқарған. Жарық та, су да келiп тұр. Жерi
өңделiп, көкөнiстiң қияр, қызанақ түрлерi егiлген. Әр жылдың ақпан, наурыз
айларында өнiмiн бере бас­тайды екен.

Жүсiповтер отбасы ерте көктемде көкөнiс өнiмдерiн жинап алады. Жұбайы
Роза – кәсiпкер, көкөнiс және жемiс өнiмдерiнен банкi басып алады. Тоспа
қайнатады. Артылған өнiмiн базарға салып, халыққа ұсынады. Жыл сайын өздерiн
көкөнiс жемiс өнiмдерiмен толық қамтамасыз етiп отыр. Адал еңбек, маңдай
терiнiң жемiсi деген осы болса керек. Ол кісі Әйтек каналы бойынан 1,5 гектар
жерге көкөнiс-бақша дақылдарын егiп, тамшылатып суару арқылы күтiмге алыпты.

 

Әділжан ҮМБЕТ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз