ӘКЕ ҚАСІРЕТІ

34

0

«Құдайдан бөтен сыйынарым да, сүйенерім де жоқ. Қыздың тілекші екені рас, екі  қызым  өздерінің жағдайлары мәз болмаса да ұшқан ұясына қайрылып тұрады, оған да шүкір. Тепсе темір үзетін жаста үш ұлым бар, кезінде олардың өмірге  келгені, уілдегені, тәй-тәй басқаны, ойнап-күлгені, мектепке барғаны мен үшін баға жетпес  қуаныш болып еді. Енді олардың жер  басып жүргені қасіретке айналды. Олай демеске лажым жоқ». Бұл – үш ұлы да маскүнем, нашақор болған зейнет жасындағы әке сөзі. 
Нашақор, маскүнем балаларынан әбден зәрезап болған әке олардың емделу уақыты бітіп, үйге оралар кезі жақындаған сайын шыбын жанын қоярға жер таппайды. Шыны керек, 42-50 жас аралығындағы балаларының адам қатарына қосылуынан әбден күдерін үзген  әке кейде олардың осындай өмірін көп көреді. Жер қозғалса да  қозғала қоймайтын өзінің өз ұрпағына іштей өлім тілейтінінен қорқып кетеді. Олай демейін десе өзінің осы жасына дейін адам баласының бетіне жел болып тимегені, біреудің ала жібін аттамағаны, әлдекімнен «сен сондайсың» деп сөз естіп көрмегені, наша түгіл жынды суды аузына алмағаны есіне түссе, мына маскүнем, нашақорлардың қайдан шыққанына таңғалады. Балаларының күйігінен жазылмас дертке шалдыққан кемпірін үйіне байлап бағады. Қолғанат болар жиендерін қолына алайын десе, араққа тойып алып, қасқырша тісін ақситатын балаларынан қорқады. Өмірлік қосағы да, өзі де емдеуші дәрігерге, оның берген дәрісіне тәуелді.  Кейде «осыншама жазалайтындай құдайға не жазып едім» деп те налиды. Іле өзінің асылық ойынан сескеніп, Алладан кешірім өтінеді. 
Өткен өмірін ой елегінен өткізген Оңғар ақсақал бала тәрбиелеуде қай жерде қателік жібергенін бағамдайды. Қазақ отбасында әкенің орнын қашанда жоғары қоя білген. Әлімсақтан бері ер баланың тәрбиесімен әкесі айналысқан. Баланы кішкентайынан атқа отырғызып, үйдің емес, түздің шаруасына үйреткен. Аң аулатып, құс аттырған, төрт түлік малдың жайымен жүруді, оларды бағудың қыр-сырын меңгерткен. Әке мен бала арасында ірілі-ұсақты кикілжің болмай тұрмайды. Баласының етінен ет, жонынан таспа тіліп жатса анасы ара түспеуі тиіс. Өйткені, әке баласын адамшылыққа, тіршілікке баулиды. Өзі де әкесінің сұсынан сескеніп өсті. Анасы үнемі «әкеңдікі дұрыс» деумен өтті. Ал өз балаларына келгенде бұл қағида іске аспай қалды. Қатар өскен үш ұлының балалық қылықтарына қабақ шытса, жасаған бұзықтықтарына дауыс көтерсе әйелі шыр-пыр болып араға түсетін. Сорлатқанда бала тәрбиесі жөнінде әйелімен екеуінің түсінігі кереғар болып шықты. Әйеліне қанша айтса да түсіндіре алмады. Ол қашанда балалары жағында болып, күйеуінің ісін де, сөзін де теріске шығаратын-ды. Аналарына әбден арқа сүйеп, дегендері болған ұлдар әкелерін сыйлаудан қалды. Өсе келе олар әкелеріне құрдасы секілді қарап, мазақ ететін, қаласа сөгіп те, ұрып-соғып та алатын болды. Жастайынан ащы сумен достасып, майда бұзақылықтармен айналысқан үш ұл Оңғардың арылмас сорына айналды. Наша шегу, біреуді болар-болмас қарсылығы, түкке тұрғысыз затына бола өлмеші етіп сабап кету олар үшін үйреншікті іске айналды. Алғашында балаларынан таяқ жеген жандардан кешірім өтінетін, қалағанын беруге тырысатын, ішкі істер бөліміне, сотқа барып, оларға араша түсетін, жеңілдік сұрайтын. Келе-келе бәрі де адыра қалды. Енді олардың үйіне қайтып келмеуін тілейді. Келсе бітті  тыныштығы кетеді. Бірі арақ, бірі тамақ сұраса, енді бірі ақша талап етеді. Жоқ дегенге  қоя қоятын олар ма, әкелеріне жұдырығын ала жүгіреді. Одан қалды кемпірінің күтімі, үй тірлігі, келімді-кетімді қонағы, қорадағы аз ғана малы бар. Бәрі өзіне қарап тұр. Көршідегі келін жұмсап, немере қызығына кенеліп отырған өзінен кіші жандарды көргенде орны толмас өкініш өзегін өртейді. Жо-жоқ, олардың  шат күлкісін көпсінбейді, қуанышын қызғанбайды, өзінің бала тәрбиесінде жіберген олқылығына бармақ тістейді. Қаншама өкінгенмен істер айласы шамалы, түсінігінше бұл – кезіндегі өзінің немқұрайдылығы үшін  Алланың берген жазасы. 
Айналамызға зер сала қарасақ, Оңғар ақсақал секілді өткеніне өкініп, сан соғып жүрген жандар аз емес. Бірі еркелетіп, бетінен қақпай өсірген ұлының көпке жағымсыз ісіне налыса, екіншісі қызғалдақтай құлпырған қызының  ұнамсыз қылығына, енді бірі қарызға белшесінен батырып, той жасатқан келінінің кердең мінезіне ренжиді. Ішкені алдында, ішпегені артында, солар үшін өзінің не керектің бәрін жасап жатқанын, алайда, баласының не қызының көңілден шықпайтынын айтатындар да жетерлік. Әрине, олар ұлдың ұғымтал, қыздың сезімтал, келін мен күйеу баланың адалынан келуін қалайды. Олай болса қанеки, бәрі де оңынан болар еді-ау. Әттең, бірі кем дүние, қашанда  кемдігін жасайды. 
Үлкен  кісілер өздерінің бала кезін еске алып, әке-шешелеріне қалай қолғанат болғанын айтудан әсте жалықпайды. Айтып отырса, ұлға да қызға да істер жұмыс жетерлік болған. Олар бала жасынан  иінағашпен су, арқалап отын тасыған, малға шөп шауып, егін еккен. Қысы-жазы қорадағы малды жайғап, есік алдындағы бақшалықты баптаған. Тағы бір айтарлығы, осы істердің барлығы дерлік, әкелерінің бір ауыз сөзімен орындалып отырған. Қай әке де баласына бір істі екі рет тапсырмайтын. Ешкім әкесінің ашуына тиюді қаламайтын, қатулана бір қарағанының өзі-ақ жеткілікті еді. Өйткені, ол заман әкелерінің сұсы бар болатын. Ашуын да, ризалығын да қабағымен жеткізіп, сол қабағымен-ақ дегенін орындататын.  Ал қыз баланың тәрбиесі тікелей анасына жүктелсе де олардың өмірі, әр іс-әрекеті  әкесінің назарынан тысқары қалмайтын-ды. Әкесінің  рұқсатынсыз ұл да, қыз да қия баспайтын. Одан ешкім де жапа шеккен жоқ. Ол  буын өкілдерінің балалары жайлы жаманат та көп  тарамады.  
Оңғар бала тәрбиесіндегі жіберілген кемшілікті жетпіс жыл бойы орыстану, дінсіздену саясатын жүргізген атеистік қоғамға, сол бағытта үгіт-насихатты дамытқан заманға артайын десе  тұстастарының бәрі дерлік солай етті. Олардың балалары да орыс мектебінде оқыды, орысша білім алды, өзге ұлт өкілдерімен қатар жүрді. Олардың арасында бұзақылық жасап, істі болғаны, ащы сумен алысып, сөзге қалғаны бар. Алайда, қазір көпшілігі ол күндерін ұмытқан, жап-жақсы отбасының отағасы болып, бала қамымен тіршілік күйін күйттеп жүр. Айрықша бұның балаларына не болды, не пиғылынан тапты? Өз басы ешкімге қиянат жасамаған еді. Әсілі, халық арасында «Алла санасына берсін» деген сөз жиі айтылады. Демек, оның үш ұлының да санасында сәуле болмағаны-ау шамасы. Кішкентайынан  өтірік айтып, өзгені емес өз жақындарын алдап өскен ұрпақ санасы сол уланған қалпымен қалғаны анық.
Халықта «Әке – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген қанатты сөз бар. Осы күні ойлап қараса, өзі балаларына арқасүйер асқар тау бола алмапты. Әке-бала болып, шешіле сырласып көрмепті. Ащы да болса шындық осы. «Бала жас шыбық секілді, қалай исең солай өседі» деген сөзді де халық айтқан. Отбасындағы ұрыс-керісті қаламағанынан, ең бастысы, өмірлік қосағына сөзін өткізе алмағанынан балаларының бар тәрбиесінен тысқары қалыпты. Күнделікті тіршілік қамымен жүріп, олардың шалыс басқан тұстарын жөндеуге, балаларын еңбекке баулып, өз маңдай терімен табыс табуына, оларды тура жолға салуға әрекеттенбепті. Әрекет еткен де болар, алайда оны аяғына дейін жеткізбегені ақиқат. Бұл балаларына шынайы жанашырлығының, әкелік қамқорлығының жетіспегені  ме, әлде өз өзіне сенімді болмағаны ма? Қалай болғанда да одан қайран жоқ, нәтижесі осы. Оңғар ақсақалдың ұққаны, әке баласына әр кез сын көзбен қарап, оған  қатаң талап қоя білуі шарт. Әкесі баласының теріс ісін өзінің түзетуіне, кемшін тұстарын өзінің жеткізуіне міндеттеуі және оның орындалуын үнемі бақылауы керек.  Таяқпен бе әлде ақылмен бе баласын осыған үйреткені абзал. Соңынан сұрауы бар болғаннан кейін бала әр іске абайлап барады, әркез әкесінен сескеніп тұрады. Әкенің өзіне деген жанашырлығын сезінген бала келе-келе онымен сырласуға, ой бөлісуге дайын болады. Сонда барып оның бойында ата-анаға, көпшілікке деген құрмет, адами құнды қасиеттер қалыптасады. Үш баласынан да өзіне деген жылылықты, адам баласына тән болмысты сезіне алмаған ақсақал өзінің өмір бойы шеккен қасіретін өзгелер басынан кешпесе екен деп тілейді. Ол үшін әрбір жанның бала тәрбиесіне жан жүрегімен, жанашырлықпен қарауын, ал олардың ұрпағының ата-анасына мейірімді, айналасына сүйкімді болуын қалайды.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз