ӘКЕМНІҢ ДОСТАРЫН ІЗДЕЙМІН

198

0

ӘКЕМНІҢ ДОСТАРЫН ІЗДЕЙМІНҚұрметті «Сыр бойы» газетінің редакциясы! Мен, Мақсат Жеңісұлы ОҚО Созақ ауданынан хабарласып отырмын. Сіздердің басылымдарыңыз арқылы әкем, ақын Жеңіс Қарғабаев туралы Сыр бойында білетін, әкемнің көзін көрген, бірге оқыған, бірге жүрген азаматтарды іздестіріп отырмын. 

Әкем Жеңіс Қарғабаев 1945 жылы 9 мамырда Шымкент облысы, Созақ ауданында  туылған. 1961 жылы Созақ ауылындағы В.Ленин атындағы орта мектепті бітіреді.
1961-1963 жылдары туған ауылында құрылысшы болып алғаш еңбек жолын бастайды. 1963 жылы Қызылорда қаласындағы И.В.Гоголь атындағы мемлекеттік мұғалімдер институтының шет тілдері факультетіне оқуға түсіп, оны 1967 жылы «ағылшын, неміс тілдерінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп келген аудандағы алғашқы шет тілі маманы еді.
1967-1968 жылдары Созақ ауданындағы Қозмолдақ ауылындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепте неміс тілінен сабақ береді. 1969 жылы Кеңес армиясының қатарында болады. 1969 жылы Чехословакия елінің халық батыры, ұшқыш Құрал Рүстемовке арнап жазған «Ақиық» дастаны «Комсомол-69» байқауында бас жүлде алады. Сол кезде дастан «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланады. Артында қалған ұрпағы шығармаларын жинақтап 1996 жылы «Ақиық» жыр кітабын шығардық. Әкем 1973 жылдың 24 мамыр күні 28 жасында көлік апатынан қайтыс болды.
Жеңіс Қарғабаевтың барлық жастық шағы Қызылорда қаласында өтті. Достары да сол жақта көп болды. Мен  әкемнің альбомынан досы Зордан Салықбаев ағаның суретін тауып алып іздестіріп, ол кісінің отбасын таптым. Өкінішке орай, Зордан ағамыз да өмірден өтіп кетіпті.
Әкем қайтыс болғанда алдымыз төрт жаста, кішкентайымыз 6 айлық едік. Құдайға шүкір бәріміз есейдік. Енді әкеміздің шығармаларын жинастырып, студентік кездегі достарын тауып, суреттерін жинасам деймін. Алдағы уақытта 2015 жылы 70 жылдығы келе жатыр. Оған дейін көзін көргендердің пікірін өз алдына жинақ етіп шығарсақ деген ниетіміз бар. Танитын, білетін кісілер болса хабарласуларыңызды  сұраймын.
Сәлеммен Мақсат Жеңісұлы Қарғабай
Ұялы телефоным 8775 696 36 92
Жұмыс телефоным 8 725 46 4 14 74
Үй 8 725 46 4 19 06
Sozak_Kargabay@maіl.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз