KЕНЕНІҢ КЕСЕЛІ КӨП

49

0

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы аса қауіпті жұқпалы аурулар тобына жатады. Бұл ауруды алғаш рет ашқан орыс ғалымы М.П.Чумаков 1945 жылы Қырымда адамдар арасында жаппай тіркелген індетті зерттеу барысында анықтады. Аурудың қоздырғышы 1956 жылы Конго Республикасында науқас баланың қанынан табылып, «Конго вирусы» деген атқа ие болды.
Аурудың тасымалдаушысы кенелер болып табылады. Ауру қоздырғышы осы кенелердің ағзасында сақталады. Кенелер табиғаттың тоғайлы, құмды және шөлейт аймақтарында тіршілік етеді. Ағзасында аурудың вирусы бар кенелер адамдар мен жылықанды жануарларға шабуыл жасап, үстіне жабысу арқылы шағады. Кененің шаққаны көп жағдайда байқалмауы мүмкін.
Ауру қоздырғышы адамға мал сою мен қырқым кезінде, кенені қолмен жұлу, мыжу және қайшымен қию барысында науқас адамға медициналық көмек көрсетуде оның қаны арқылы да жұғуы мүмкін. Осы жағдайлардың бәрінде де ол тек қан арқылы адам ағзасына түсіп аурудың алғашқы белгілері 2-7 күннен кейін басталады, ол 9-12 күннен кейін де білінуі мүмкін. Науқас адамның дене қызуы 39-41 градусқа дейін көтеріліп қалтырай бастайды. Бас ауруы күшейіп, буын, бел мен балтыр сүйектері сырқырайды. Көкірек, мойын және бет бөліктері қызғылт тартады.
Науқас денесінің ине салған орны көгеріп майда бөртпелер пайда болады. Мұрын, ауыз шырышты қабықтарынан, жатыр, асқазан және ішектен қан кетуі мүмкін.
Науқас адам дер кезінде емделсе, толық сауығып кетуге мүмкіндігі бар. 
Аурудың алдын алу шаралары далалық жерде мал шаруашылығында жұмыс істеген адамдар кенемен жанасудан сақтанып, жеңі мен балағы қымталған арнаулы киімдер малды күту және қырқым кезінде қолғап пен арнаулы киім киген жөн.
Егер кене шаққан жағдайда оны қысқашпен (пинцет) теріге жақын жеріне қатты қыспай, мыжымай алып, орнын спиртпен сүртіп, ал кенені ОСЭСО-ның зертханасына апарып тексерту керек.
Ж.ҚАЛИЕВ,
ОСЭСО-ның энтомолог көмекшісі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз