КЕШІКТІРІЛГЕН ХАБАР

49

0

Редакцияға шағым айтқан ата-аналардың уәжін тыңдасақ, жаны бар секілді. Олардың айтуынша, жексенбі күні таңертеңгі сағат 8-де Қазгидромет ҚазАқпарат арқылы Жаңа жер аумағында қалыптасқан арктикалық ауа Қазақстан аумағына ауысып, антициклон республикаға Сібір аязын әкелетінін айтқан. Жексенбі және дүйсенбі  күндері еліміздің батысында түнде 22-30, солтүстік,  шығыс, орталық облыстарда аяздың 40 градусқа дейін жетуі ықтимал екені атап көрсетілген. Сонымен қатар 23-24 ақпан күндері Қызылорда облысында  ауа температурасы түнде 10-15 градусқа дейін төмендейтініне, кей жерлерде  20-25, тіпті 30 градусқа дейін жететініне арнайы тоқталған. Қар жауып, бұрқасын көтеріліп, желдің екпіні 15-20 м/с-қа жететіні жайында баса айтылған. Шындығында сенбі күні түнге қарай сіркіреп жауған жаңбыр соңы қарға айналып, жексенбіде басталған жаяу борасын бет қаратпайтын суыққа ұласты. Дүйсенбі күні бірі жұмысқа, екіншісі баласымен мектепке шыққан қала тұрғындары онсыз да сирек қатынайтын маршрутты автобустарды ұзағынан  күтті. Мәселен, сол күні таңертеңгілік 45-50 минуттай күттіріп жеткен №14 маршрут жүргізушісі көп автобустың жанармайының қатып қалуына орай айналымға 3-4 көлік ғана шыққанын айтып, ақталды. Ал сол бағыттағы арасына 20-25 минут уақыт салып келген №22 орта сыйымдылықтағы газельдердің үшеуі тоқтамай өтіп кетті. Өйткені, оның ішіне тұмсық батпайтындай еді. 
– Бастауыш сыныпта таңертеңгі мезгілде оқитын баламызды дүйсенбі күні борай соққан боранға қарамай мектепке әкелсек, «бүгін сабақ емес» деп кері қайтарды. Сол хабарды жексенбі күні жеткізуге болмас па еді? – дейді жас ана қасындағы бүрісіп тұрған балаларына қарап.– Қалаішілік көліктер де сирек, амал жоқ таксиге отырдық. Олар да ауа райының күрт суытуына орай біздің бас тарта алмайтынымызды біліп, әкесінің құнын сұрайды. Енді үйге қайтуға маршрут күтіп тұрысымыз мынау. Біз секілді тапқаны тамағынан артылмай отырған талай отбасы менің күйімді кешіп жүргені аян.
Бұл – Торайғыров көшесінің бойында орналасқан №222 орта мектепке 1-3 сыныпта оқитын екі баласын қатар әкеліп тұрған ананың сөзі. Одан өзге де айтылған уәждерге құлақ түрсек, қала мектептерінің басым бөлігіне ауа райының аязды болуына орай бастауыш сыныптарға  сабақтың екі күнге тоқтатылғаны туралы хабар кешіктіріліп жеткізілген. Яғни, барлығына да дүйсенбі күні сабаққа барған сәтінде ғана айтылған. Балалар аязбен арпалысып, бұрқасында бүрсеңдеп, маршрутта қысылып-қымтырылып  мектепке жеткенде барып, мұғалімдері кері қайтарған. Бір ескертерлігі, бұл бірінші рет емес, қаңтар айындағы күн райының күрт суытуына орай  мектептегі сабақ тоқтатылғаны туралы хабар да тап осылай кешіктіріліп хабарланған болатын.
– Қалалық білім бөлімінің қызметкерлері хабарды кешіктірді, мүмкін демалысқа сәйкес келіп қалғанынан да болар, алайда бұл біздің кінәміз,– дейді облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Руслан Чагай.
Қалай болған күнде де оқушылар мен олардың ата-аналары бір дүрлігіп басылды. Ойлап қарасақ, ҚазАқпарат суыт хабарды еріккеннен ертерек хабарламаған шығар, демек алдын ала сақтық шараларын жасауды ұсынғаны ғой. Сол хабарды сала басшылары да естіді, неге елді шулатпай ертерек әрекет етпеді?! Жауапкершілік, өздеріне сеніп тапсырылған ел болашағының тағдыры ойлантпағаны ма? 
Редакцияға хабарласқан  ата-ана бастауыш сынып оқушыларына аптаның сәрсенбі күні де демалыс берілгені жайында сынып жетекшісінің сейсенбі кешінде хабарлағанын жеткізді. Демек, сала қызметкерлерінің өз қателіктерінен қорытынды шығарғаны ғой.  Лайым, олар қашанда сергек болғай деп тілейік.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз