КӨЛІ БАЙДЫҢ – ЕЛІ БАЙ

51

0

Елбасымыздың бастамасымен
жүзеге асырылған САРАТС-1 жобасы нәтижелі болды. Жуырда осы жобаның екінші
кезеңіне қаражат бөлінетіні туралы естідік. Кіші Аралды онан әрі кемеліне
келтіретін САРАТС-2 жобасына Дүниежүзілік банкі тарапынан қомақты қаражат
бөлінгелі отыр. БАҚ беттерінен осы хабарды оқып, елмен бірге біз де қуанып
жатырмыз.

1990 жылдардың басында
теңізде балықтың екі түрі ғана қалған еді. Ал қазіргі кезде олардың түрі
көбейіп, теңізде «су маржанының» түрлері жиырмадан асты. Балық шаруашылығы
қайта жанданып, теңізден несібесін терген балықшы қауым жылына 5 мың тоннаға
дейін балық аулауда. Міне, өзгесін қойғанда осының өзі-ақ аталған жобаның
маңыздылығын, оның өңір тұрғындары үшін өміршеңдігін көрсетсе керек.

САРАТС-2 жобасын жүзеге
асыру екі кезеңнен тұрады екен. Біз осы сәтті асыға күткен болатынбыз. Халық
көптен күткен жоба аймақ басшысының табандылығының арқасында оң шешімін тапты.

Жобаның негізгі екі
бөлігі Арал ауданында жүзеге асырылады. Олар
Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйелерін қалпына келтіру және Қамбаш балық
питомнигіне қарасты Тастақ учаскесіндегі балық тоғанын кеңейту.

Екінші кезеңінің жұмыстары Арал ауданындағы
табиғаттың-климаттың және экологиялық жағдайдың жақсаруына мүмкіндік беретінін
баса айтқым келеді. Аталған көлдер жүйесі суға толып, Тастақ учаскесіндегі
балық тоғаны кеңейтілсе, өңір жұртының атакәсібі – балық шаруашылығының жан-жақты
дамуына жол ашылады деген сөз. Мұнан Арал өңірінің экологиясы сауығып, аудан
халқының әлеуметтік жағдайы жақсара түсері анық. Ендеше, жобаның екінші
кезеңінен күтеріміз көп.

Иманғали ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ,

«Қамыстыбас
балық питомнигі» РМК Тастақ бөлімшесінің меңгерушісі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз