КӨЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ

62

0

Облыстағы көлік саласының қызметкерлері төл мерекесі қарсаңында
құрметке ие болды. Жұма күні, «ҚР Көлік қызметкерлері күніне» орай облыс әкімінің
орынбасары Нұржан Әлібаевтың қатысуымен өткен басқосуда, аймағымыздағы
жолаушылар көлігі және тасымалы саласында көп жылдар бойы жемісті еңбек етіп,
дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан қызметкерлер марапатталды.

Атап айтқанда, «Қатынас» ЖШС-ның директоры Мұрат Нұғмановқа «Құрметті
автокөлікші» төсбелгісі берілсе, «АқсуШиелі-Авто» ЖШС-ның директоры Б.Мамишева,
«Қатынас» ЖШС директорының орынбасары Б.Өтегенов, «ТрансТурСервис-Қызылорда»
ЖШС-ның директоры М.Әкімов және аталмыш мекеменің жүргізушісі Б.Әбітәліпов
«Үздік автокөлікші» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, көлік саласындағы 16
қызметкерге облыс әкімінің, Көлік және коммуникация министрінің құрмет
грамоталары, алғыс хаттары табыс етілді.

Көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған облыс
әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев транспорттық инфрақұрылымды дамытпай,
экономиканы өркендету, тіпті адамдардың күнделікті қарапайым тіршілігін
қамтамасыз етудің өзі мүмкін емес екенін атап өтті. «Аймағымызда көлік
саласында өздеріңізге жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келесіздер.
Еңбекке деген құлшыныстың арқасында өңірдегі және облыс орталығындағы автокөлік
мекемелері тұрақты әрі тоқтаусыз жұмыс істеп, жолаушылар тасымалы қызметін
ойдағыдай атқаруда. Осындай ел игілігі үшін жасалып жатқан қызметтеріңізге
табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді Нұржан Нұрмағанбетұлы.

Марапаттау рәсімінде сөз алған облыстық жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек
Нұрқышұлы:

– Біз, ардагерлер, облыстағы автокөлік саласының дамуына, оның
қалыптасуына тікелей араласып, ыстығына күйіп, суығына тоңдық. Елбасымыздың
салиқалы саясатының және облыс басшылығының тынымсыз еңбегінің арқасында
қазіргі таңда аймағымыз қиындықтарды артта қалдырып, республикамыздың алдыңғы
қатарынан көрінуде. Аймағымыз танымастай өзгерді. Миллиардтаған инвес­тициялар
тартылып, мыңдаған адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Жүздеген инновациялық жоба
іске асуда. Қала көшелеріне асфальт төселіп, жолаушылар тасымалындағы жылдап
шешілмей келе жатқан мәселелер өз шешімін табуда. Соның бір дәлелі, қаламыз
соңғы үлгідегі 20 жаңа автобуспен толықтырылды. Биылғы жылы тағы да 100 автобус
әкелінбек, – деп, жолаушылар көлігі және тасымалы саласындағы атқарылып жатқан
тыңғылықты істерді тізбелей келе, еңбекті елеп, құрмет көрсетіп жатқан облыс
басшылығына алғысын жеткізді.

 

Дәурен ОМАРОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз